БОЛАШАҚТЫҢ АҚШАСЫ

Заман өзгерген сайын барлық сала қарыштап дамып келеді. Әсіресе, техникалық жаңашылдықтарға көз ілеспейді. Экономика цифрландырылуда. Күн сайын әлемде қаншама жаңалық ашылып, бізді цифрлық экономикаға бір табан жақындата түсуде. Ақшаның өзі цифрландырылып, криптовалюта пайда болды. “Crypto Currensy” сөзі ең алғаш 2011 жылы “Форбс” журналында жазылғанда, оған күдікпен қарағандардың қатары қалың еді. Ал қазір ол қолданысқа нық енді. Бұл – электрондық төлем құралы, виртуалды ақша. Оны қолмен ұстап, көзбен көру мүмкін емес. Криптоақша коинмен, яғни монетамен есептеледі. Бірақ ешқандай күміс не қағаз түрінде шығарылмайды, тек цифрлық түрде ғана айналымда жүреді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл мамыр айында өткен Астана экономикалық форумында: “Өндірісті бақылайтын және жақсартатын интеллектуалды жүйелер қалыпты құбылысқа айналды. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 триллион долларға ұлғайтады. Криптовалюта феномені, блокчейн технологиясы банктерді қоса алғанда, қаржы нарығы үшін түбегейлі өзгеріс әкеледі. Сарапшылардың пікірінше, алдағы он жылдықта 500 ірі компанияның 200-і түбірімен жойылады”, – деген болатын.

Елбасы жаһандық экономиканың қазіргі үлгісі ескіргенін айта келіп, бүкіл әлемге ортақ электронды валютаны енгізуді ұсынды. “Әлемдік қаржы архитектурасын трансформациялау қажеттілігі жетілдіріліп отыр. Халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесіне байыппен қарайтын уақыт жетті. Ол әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан арылуға, сауда қарым-қатынастарында қателіктерден жалтаруға, нарықтағы құбылмалықты төмендетуге мүмкіндік береді”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

“Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасында айтылғандай, “Қазіргі уақытта электрондық төлемдер мен электрондық сауда қаржы секторының ажырамас бөлігі болып отыр”. Елімізде криптовалюталарды қолданудың тұжырымдамасы да жасалып үлгерді. Аталған тұжырымдама виртуалды валюталарды сақтау мен қолдану бағытын реттеуді көздейді. Қаржыгерлердің пікірінше, алдағы бір-екі жылда аталған теxнологиялар біздің күнделікті өмірімізге айналады.

“Заманың түлкі болса, тазы болып шал” деген қағидатты ұстанған тұрғындардың кейбіреуі бүгінде қолындағы қаржысын виртуалды ақшаға айналдырып та үлгерді. Солардың бірі петропавлдық Әйгерім Омарова (аты-жөні өзгертіліп алынды) болашақты криптовалютасыз елестете алмайтынын айтады. Оның сатып алған виртуалды ақшасы битбон (Bitbon) деп аталады екен. Әйгерім оны биыл көктемде 5,3 доллардан алыпты. Содан бері біртіндеп қымбаттап бара жатқан көрінеді. Қазір оның бір данасының құны 6 доллардан асады. Жалпы соңғы төрт айда оның бағасы 20 пайызға көтерілген екен. Сарапшылардың болжауынша, биыл күзде ол 100 долларға дейін қымбаттауы ғажап емес. Өйткені, қазан айында бұл валюта әлемдік экономикаға кіріктірілмекші. Сол кезде оны сатылымға шығарып, пайда табуға болады екен. Оның үстіне битбон сататын компания сол кезде өз криптоақшасын 100 доллардан сатып алуға кепілдік берген. Ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған мүгедек ана мемлекеттің жәрдемақысына ғана алақан жайғанша, тиын-тебенін жинап, осындай тәуекелге баруға бел буғанын айтты. “Қолымда көбірек қаражат болса, бәрін де осы битбонға салар едім. Өйткені, оның болашағы зор екеніне сенімдімін. Қазір Алматыда тұратын туған апам үш бөлмелі екі пәтерін сатып, сол қаржыға криптовалюта алмақшы. Ол өзі – жоғары білімді қаржыгер. Оның қаншалықты терең білімді және сауатты екенін біле тұрып, ақымақтыққа барады деп ойламаймын”, – деді Әйгерім көкейдегі күдігімізді сейілтпек болып.

Петропавл қаласының атын атағанымызды жөн көрмеген тағы бір тұрғыны күйеуімен ақылдаса келіп, ай сайын криптовалюта сатып алып отыруды ұйғарғандарын айтты. Өйткені, сырқат анасы, бойжеткен қызы бар екен, соларға көмектесуді өздеріне міндет санайды. “Екеуімізде де қосымша жұмыс, яғни қосымша табыс көзі жоқ. Еңбекақымыз азғантай. Жұмысымызда да тұрақтылық бар деп айта алмаймын. Сондықтан осыдан басқа амал қалмады. Бірақ ертең өкініп қалмас үшін, бірден көп ақшамен тәуекелге бел бумай, аз-аздан қаржы құйып отырамыз”, – деген ол криптоақшаның болашағы, даму серпіні туралы әзірге ештеңе айта алмайтынын білдірді. Сондықтан таныс-туыстарына да тіс жармай отырған көрінеді.

“Simcord” компаниясының қаржы сарапшысы Гүлжиян Симонович түсіндіргеніндей, бит-бон “Bit Trade” биржасында сатылады. Оны саудалаудың алғашқы кезеңі биыл наурыз айында басталыпты. Ол кезде 1 битбон 1 доллар тұрған. Небәрі 24 күннің ішінде 600 000 АҚШ долларына битбон сатылған. Содан соң оның бағасы – 2, кейін 3 долларға дейін қымбаттаған. Соңғы төрт айда битбонды пайдаланушылар саны 60 000-нан асқан. Бұл ақша, әсіресе, Еуропада және Азия елдерінде аса танымал. Биыл битбон үш әлемдік биржада сатылымға шығарылмақшы. Оның біреуі бит-бонды шығарған “Simcord” компаниясының өз биржасы болмақ. Гүлжиян Ғинаятқызының болжауынша, қазір қолданып жүрген әмияндарымыздың алдағы уақытта қажет болмай қалуы әбден мүмкін. Өйткені барлық есеп айырысу цифрлық әмиян арқылы жүргізілетін күннің ауылы алыс емес. “Тіпті шайханаға барып, бір кесе шай ішсек те, оның құнын цифрлық ақшамен төлейтін боламыз”, – дейді ол.

Бұл болжам шындыққа айналып келеді. Биылғы рамазан айында Лондондағы мешіттердің бірінде пітір садақасы криптовалюта түрінде қабылданғаны сөзімізге дәлел. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің:

“Жаңа өспірім достарым,

Қатарың кетті-ау алысқа-ай,

Ұмтылыңыз, қалыспай”, – деген өсиетін замандастарымыз шама-шарқынша орындаса игі. Қазір жастардан криптовалюта не екенін сұрай қалсаңыз, мүдірмей жауап береді, тіпті түр-түрін ажырата алады, қайсының қанша тұратынынан да хабардар. Қала мектептерінің бірінде бір топ жасөспіріммен әңгімелескенде аңғарғаным – келер ұрпақ криптовалюта саудасымен пайда табудан кет әрі емес. Тіпті “Ертерек қимылдау керек еді” деген пікір айтушылар да болды. Студенттер де хабардар. Болашақ қаржыгерлерге криптовалюта туралы дәріс те оқылады.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қаржы және менеджмент кафедрасының меңгерушісі Юлия Фооттың айтуынша, олардың арасында криптоақша сатып алып көргендері де баршылық. Юлия Валериевна қаржы нарығындағы әр- түрлі өзгерістерге байланысты оқу бағдарламасына қаржы сараптамасы деген бағыт енгізілетінін айтты. Оның аясында инвестициялаудың барлық құралдары таныстырылмақшы. “Өйткені, студенттер бүкіл әлемде қолданылатын қаржы құралдарын білуі қажет. Әрине, олар интернет арқылы криптоақшамен таныс. Бірақ біз еліміздің заңнамасына, Ұлттық банктің көзқарасына сүйене отырып, жалпы теориялық білім береміз”, – деді ол.

Осы кафедраның аға оқытушысы, банк саласының құрметті қызметкері Ирина Цвингер “Криптовалюталарға және блокчейнге кіріспе” деген электрондық оқулық жазып шығарыпты. Келесі жылы “Криптовалютаға инвестициялау” деген оқулық шығармақшы. Алғашқысы биыл апробациядан өткен екен. Келесі оқу жылында бағдарламаға енгізілмекші. Онлайн оқулық 11 тараудан және 10 дәрістік сабақтан тұрады. Студенттер бұл оқулық бойынша қашықтан білім алып, өз білімдерін оқулықта берілген тест жұмыстары бойынша тексере алады. Оқулық Ұлттық банк пен Қазақстанның қор биржасының сайттарына қосылған.

Оқытушылар бұл мәселеде тәуекел барын, сондықтан абай болу керектігін айтады. Олардың пікірінше, артық ақшасы барлар ғана осындай қадам жасағандары дұрыс. Ал жалпы олар экономика заңы бойынша “жұмыртқаның бәрін бір кәрзеңкеде сақтамауға” кеңес береді. Яғни, артық ақшаның бір бөлігін депозитте, басқасын сақтандыру саласында, үшінші бөлігін акцияларда сақтау керек деген ақыл қосты. “Бір кездері банктің карточкасында немесе депозитте ақша сақтаудан үрейленетінбіз. Ал қазір бұл – үйреншікті жағдай. Уақыт өте келе криптовалюта да қалыпты құбылысқа айналуы ғажап емес”, – дейді аға оқытушы Татьяна Гакельберг. Ол өзі де биржадағы ойынмен таныс. “Ол үшін бар уақытыңды соған арнау қажет, бағаларды үнемі бақылап отыру керек. Бір ойнағанда 2000 доллар пайда табуың мүмкін, келесі жолы 4000 доллар жоғалтуың да ғажап емес. Криптовалюта да сол сияқты деп ойлаймын”, – деді Татьяна Борисовна.

Университет оқытушыларының пікірінше, ерте ме, кеш пе, елімізде криптоақша заңдастырылады. Бірақ ол үшін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілуі керек.

Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Диас Мэлстен осы мәселеге қатысты пікірін сұрағанымызда, ол Қазақстан аумағында жалғыз заңды төлем құралы – теңге екеніне баса назар аударды. “Елімізде криптовалюта түгіл, басқа елдің ақшасымен, мәселен доллармен не еуромен есеп айырысуға болмайды. Криптовалютаның құнын ешкім реттемейді, ешкім бақыламайды, бұл саладағы әрекет үшін ешкім жауап бермейді. Мәселен, теңге девальвацияға ұшыраса, ол үшін мемлекет жауапты. 10 миллион теңгеге дейінгі депозиттер үшін де мемлекет жауапты, қайтарылуына кепілдік береді. Ал биткоинға кеткен ақшаңызды ешкім қайтармайды. Халық тез және оңай жолмен баю мақсатында криптовалютаға сұраныс тудырып отыр. Ал шын мәнісінде оның ешқандай құндылығы жоқ екенін түсінген жөн. Соңғы екі айда ең танымал криптовалюта – биткоиннің бағасы екі жарым есе құлдырады. Криптоақша нарығының болашағын болжау мүмкін емес. Тұрғындар оны сатып алғанда тәуекелге баратынын түсінулері керек. Криптовалютаның танымалдығын пайдаланып, алаяқтар түрлі қаржы пирамидаларын құруы мүмкін. Криптоақшаға құныққандар солардың арбауына түспесіне кім кепіл?” – деді Диас Ержанұлы. Ол жуырда “Колеса” сайтында бір көліктің құны криптоақшамен көрсетілгенін, бұл заңсыз екенін айтып қалды.

Осы тақырыпты зерттеу барысында, шынында да, өңірімізде криптовалюта саласын реттейтін ешбір мекеме жоқ екенін білдік. Ал Астанада республикалық блокчейн және криптовалюталар қауымдастығы бар, бірақ өңірлерде филиалдары ашылмаған. Облыстық мемлекеттік кіріс департаментіндегілер де болашақтың ақшасын әзірге құптап отырған жоқ. Бар айтқандары – бұл саладан түскен пайдаға салық салынбайды, ешқандай статистика жүргізілмейді. Сондықтан, шынында да, қолма-қол ақшасын криптовалютаға ауыстырғысы келген адам ертең сан соғып қалмас үшін, тәуекелге баратынын түсініп, өз әрекетіне баға бере білгені абзал.

Роза ШӘКЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика