ОТБАСЫЛЫҚ ДЕМАЛЫС ОРНЫ

Қаланың таусылмас, қым-қуыт тірлігінен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада көңілін сергіткісі келеді. Әсіресе, шілденің шіліңгір ыстығында өзен, көлдерді, демалыс аймақтарын жағалап кетеді. Елімізде ішкі туризмнің дамуына үлес қосып жүрген ауасы жанға дәру, суы емге шипа демалыс орындарының қатары жыл сайын көбеюде.

Өңірімізде туристерді қызықтыратын орындар саны артып келеді. Табиғаты тамаша аумақтың бірі – облыс орталығының іргесіндегі “Green park” отбасылық демалыс орны.

Саф ауасы, нұрын шашқан күн сәулесі, қаз-қатар тізілген қарағайлар, сан түрлі гүлдер, жасыл алаңқайлар. Бұл – “Green park” отбасылық демалыс орнының бүгінгі келбеті. Демалыс аймағына бас сұққан әр адам тұнық ауа мен тыныштықтың қойнауына еніп, ерекше сезімге бөленері анық.

Отбасылық демалыс орнындағы айрықша әсерлі көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Демалыс орнына кіргенде бүкіл әлем шаттана күліп тұрғандай әсерге бөленесің. Жап-жасыл ағаштармен көмкерілген әлем. Күнделікті күйбің тіршіліктен бір сәтке болса да алыстап, өлкеміздің тұмса табиғатының ғажайыптарын көріп, жанға шипа табасың. 2015 жылы Тұңғыш Президент күнiне орай ашылған бұл демалыс аймағының іргетасы қаланған сәттен бастап келушілерге есігі ашық, өз міндетін мінсіз орындап келеді. Жүзінен шуақ төгілген мейірімді ұжым мүшелерінің арқасында осындағы әрбір адам өз үйінде жүргендей сезінеді. Мұнда Ресей мен Германиядан келген 100-ден астам турист те демалыпты.

Демалыс күндері екі мыңнан астам адамды қабылдайтын “Green park”-тің жалпы аумағы 18,3 гектар алқапты алып жатыр. Оның аумағында әртүрлі ғимараттар бой көтерген. Жасыл желекке көмкерілген тамаша табиғат аясында әрбіреуі 20 адамға шақталған заманауи үйлер, балаларға арналған спорттық, ойын-сауық алаңдары, монша бар. Сондай-ақ, 600 орынға шақталған мейрамхана да ашылған. Жыл он екі ай жұмыс істейтін демалыс орны 29 адамды жұмыспен қамтып отырғанын және олардың орташа еңбекақысы 100 мың теңгенiң маңайында екенін айта кету керек.

Мұндағы әрбір көшенің, тоғыз үйдің әрқайсысының атауы мен өз ерекшелігі бар. Демалушылар арасында “Бақыт”, “Махаббат”, “Арман” сияқты үйлер сұранысқа ие. Мәселен, Аққайың көшесінде орналасқан “Молшылық” үйі тақырыбына сай етіп жасалған. Заманауи үлгіде, өзгелерге ұқсамайтын дизайн мен жанға жақын түстермен безендіріліп, толықтай жабдықталған екіқабатты коттедж. Осы үйде 25-30 адам демала алады. Балғындарға арналған ойын бөлмесі екінші қабатта орналасқан.

– Көбінесе қонақүй, отбасылық демалыс қызметтерін көрсетуге тырысудамыз. Демалыс аймағының ресми ашылу салтанаты Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келгені – баршамызға ортақ қуаныш. Өйткені, жыл сайын осы айшықты оқиғаларды бір күнде тойлап, әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз. Бұл – біз үшін абырой. Қонақтарға барынша жайлылық сыйлауға талпынамыз. Біз ұжымымыздың тұрақтылығын, ал қызметкерлеріміздің адалдығын мақтан тұтамыз. Үш жыл ішінде өз дәстүрлеріміз қалыптасып үлгерді, – деді “Green park” отбасылық саябақ-қонақүйінің басқарушысы Әсем Кәкімова.

Мұнда күнделікті ойнап жүрген футбол мен волейболдан бастап, батылдықты шыңдайтын экстремалды спорт түрлерімен әуестенетіндер арасында танымал топтық пейнтбол ойынын ойнап, әр-түрлі кедергілерден квадроциклмен жүріп көруге болады. Кішкентай қонақтардың назарына қызықты да тартымды, саламатты өмір салтын насихаттайтын аниматорлардың шоу-бағдарламалары ұсынылып, ат мініп серуендеу мен кешкі уақытта жанды сергітетін би кештері өткізіледі. Балғындар демалыс аймағының барлық көшелерімен танысулары үшін шағын пойызбен саяхаттауға да болады. Сібірлік хаски тұқымды иттер мен қояндар ауылы деп аталатын шағын хайуанаттар бағы да жұмыс істейді. Келген қонақтарға жануарларды сипап, оларға тамақ беруге де рұқсат берілген. Ал қыс уақытында иттерді жегіп, шанамен сырғанауға мүмкіндік бар. Демалушылар бұл қызметтерді тегін пайдалана алады.

“Green park” қаламыздың экологиялық ең таза бұрыштарының бірінде орын тепкенін айтып өту қажет. Мұнда жайлы демалыстан бөлек табиғаттың таңғажайып көріністеріне тәнті болып, қарағайлы орманның таза ауасымен тыныстап, ағаштардың керемет иісінен ләззат ала аласыз. Бұл демалыс орны – отбасымен, кішкентай бүлдіршіндермен бірге естен кетпес шақтарды өткізу үшін таптырмас мекен.

– Достарымызбен, шаңырағымызбен осында жиі демаламыз. Қылқанжапырақты орманын аралап, серуендеудің өзі бір ғанибет. Керемет көрініс, көз тартар табиғат пен таза ауа әсерлі көңіл-күй сыйлайды. Біз ормандағы серуеннен кейін отбасы мүшелерімен, немере-шөберелеріммен хайуанаттар бағын тамашаладық, – деді саябақтың шипа болар ауасын мақтап өткен Петропавл қаласының тұрғыны Рахат Әзімбаева.

Таяу уақытта жанға жайлы орындағы конференцзалда түрлі басқосу, семинарлар өткізу жоспарлануда. Биыл “Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар” тақырыбында өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында келген қонақтарды жақсы қарсы алу міндеті демалыс аймағына да жүктелген. Осы орайда туристердің қызығушылығын оятатын арқанды саябақ пен жабық бассейн құрылысы қарқынды жүруде.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости