ӨРІСІ ТӨРТ ТҮЛІККЕ ТОЛЫ

Соңғы жылдары Айыртау ауданында мал шаруашылығы айтарлықтай дамып келеді. Оның мысалын Красная Горка ауылындағы малсақ жандардың арасындағы мақтаулысы Смағұл Әубәкіровтің жеке кәсіпкерлігінің табыстан-табысқа ұласқан жұмысынан көресің. Іскер азамат өз шаруашылығын 2017 жылы құрған. Қазіргі таңда ондағы сүт бағытындағы ірі қара саны 110 бас. Оның көбі – қара ала және симменталь тұқымдас сиырлар.

Сиырлар таңертеңгі сағат 6-да және кешкі сағат 10-да екі мезгіл сауылады. Күніне жүз литрге жуық сүт алынады. Мал азығы қажетті мөлшерде дайындалған. Елу гектар жерге көпжылдық нәрлі жемазықтық шөп тұқымы себілсе, осыншама жерге жүгері егілген. Жеке кәсіпкерлік мал азығының жетпіс пайызын өз күшімен әзірлесе, қалған отыз пайызын сатып алады.

Жылқы малы да өсімтал келеді. Жүз шақты жылқының бір бөлігі жергілікті тұқымнан болса, қалғаны – орыстың ауыр салмақты жылқылары. Солтүстік өңірдің табиғатын жатсынбайтын жануарларды ауыл шаруашылығы жұмыстарына пайдалануға болады. Жылқының бұл түрі – жесең азық, мінсең көлік.

– Ауыр салмақты орыс жылқысын Ресейден және Ақмола облысынан жеткіздік. Олардан алғаш рет 40 құлын алдық. Қазіргі мақсатымыз жылқы басын көбейтіп қана қоймай, тұқымын жақсарта түсу, сондай-ақ, өзіміз ұлттық тағам ретінде дәріптейтін асыл сусынымыз – қымыз өндіруді кешіктірмей қолға алмақшымыз. Табыс талпынсаң ғана келетіндіктен, алдағы уақытта шаруашылығымыздың жұмысын өрістете беруге тырысамыз, – дейді “Мұхамеджанов” жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Смағұл Әубәкіров.

Мал фермаларының ашылуы ауылдықтардың да тынысын ашқан сыңайлы. Екі қолға бір күрек таба алмай, бұған дейін үйлерінде отырған он адам бүгінде мал бағып, оларды күтумен айналысса, бұл да шаруашылық үшін жетістік.

– Бұған дейін жұмыссыз едім. Мал фермасы ашылған алғашқы күннен бастап механизатор болып жұмыс істеймін. Айлық жалақымыз қолымызға уақтылы тиеді. Отбасымыз үшін табыс көзі болып табылатын жұмысымның барына ризамын. Ежелден тұрақ тапқан жеріңде тұрып, сол жерде еңбек етсең, одан артықтың қажеті жоқ деп білемін, – дейді механизатор Виктор Воронов.

Қай жұмыста болмасын жетістіктерге қол жеткізсең, оны одан әрі табысты жалғастыруға мүмкіндік туады. Бұл орайда, жеке кәсіпкерліктің алға белгілеген өз жоспары бар. 200 бас ірі қара сатып алып, шаруашылықты кеңейте түсу, тағы бір мал фермасын салу және ауылдықтар үшін жұмыс орындарын ашу – ертеңгі күннің ісі.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика