КАРАНТИН ЖАРИЯЛАНДЫ

Қызылжар ауданындағы Архангелька ауылында малдардың бруцеллез ауруына шалдығуына байланысты карантин жарияланды.

Облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Әлжановтың айтуынша, елді мекенде республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жұмыс істеуде. Мамандар 15-20 күн сайын диагностикалық зерттеу жүргізіп, ауру мал табылған жағдайда оқшаулап, санитарлық союға өткізуде. Аудандық бюджетте шығынның орнын толтыру үшін қаражат қарастырылған. Бюджеттен мал бағасының 30 пайызы өтелсе, қалған соманы ет өңдеуші кәсіпорын төлейді.

– Жеке секторда 26 бас малдың бруцеллезге шалдыққаны анықталып, барлығы санитарлық союға өткізілді. Ал жергілікті кәсіпкердің малдары өткен жылдан бері ауруға шалдығуда. Олардан он шақты рет қан алынды. Қазір кәсіпкер 60-қа жуық малын сойып етке өткізуде. Тергеу жүргізіліп, себебін анықтадық. Кәсіпкер малдарды өзге шаруашылықтардан ветеринарлық қызметке ескертпестен сатып алған, – деді Берік Ақылжанұлы.

Қазіргі таңда ветеринарлар елді мекеннен сүттің сыртқа шығарылмауын қадағалау үстінде. Өйткені, шектеу енгізілгеннен бері ақты шығаруға және тамаққа пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынды.

Сондай-ақ, Берік Әлжанов осы ауданның Якорь ауылындағы малдардың қырылуын улану салдарынан орын алғанын айтты. Мұнда 12 ұсақ және 6 ірі қара зардап шеккен. “Күні кеше ғана суатты, алқаптарды тексеріп, теріс нәтиже алдық. Алқаптарда улы өсімдік – сарғалдақтың өсетінін көрдік. Жаңбырлы күні оның улылығы артып, малдарға зиянын тигізеді. Тұрғындарға малдарын осы учаскеде бақпау ескертілсе де, олар құлақ асар емес”, – деді Берік Ақылжанұлы.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика