АЗАМАТ ЕҢБЕГІМЕН АБЫРОЙЛЫ

Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың өңірімізде жемісті жұмыс істеп жатқаны белгілі. Нәтижесінде мал шаруашылығы ғана емес, кәсіптің өзге түрлері де өрістерін кеңейтіп, облыс экономикасының дамуына септігін тигізуде. Бүгіндері жол бойындағы сервистік қызмет көрсету саласында табысты жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкердің бірі – Мырзажан Қамалов.

Тайынша ауданында мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауын ұтымды пайдаланып, тасын өрге домалатып отырған тұрғындардың қатары жыл өткен сайын арта түсуде. Осының нәтижесінде жергілікті экономикаға енетін кіріс молайып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туған. Бүгіндері “Астана-Петропавл” тасжолының жүз шақырымға жуық учаскесі аудан арқылы өтеді. Ресей елінің шекаралас облыстары да алыс емес. Республикалық маңызға ие күре жолдың бойында соңғы жылдары жолаушыларға қызмет көрсететін нысандардың көбейе түскені байқалады.

– Бұған дейін Петропавл мен Көкшетау қалаларын байланыстыратын жолдың бойында “жүрек жалғап” ауқаттанатын орын болмаған еді. Дәмхана түгіл, тасжолдың шетінен автокөлік жөндеу орнын табу қиынды. Бұл мәселені байыбына барып зерттегеннен кейін азын-аулақ қаражатыма 1996 жылы жол бойына жүз орындық “Мансұр” атты дәмхана салдым. Осылайша, алыс жолдан шаршап келе жатқан жолаушылардың ыстық ас ішіп, демалуына жағдай жасадым. Дәмхана Драгомировка елді мекеніне жақын орналасқан. Бұл бір жағынан нысанға коммуникациялық желілерді тарту мәселесін жеңілдетсе, екінші жағынан екі қала арасында күнде қатынайтын жолаушыларға тұрақтайтын бірден-бір орынға айналды, – дейді Мырзажан Қамалов.

Кәсібін кәуап сатудан бастаған кәсіпкердің айтуынша, дәмханаға Оңтүстік Қазақстан облысынан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан Ресейге жол жүріп бара жатқан халықаралық рейс автобустары мен автокөліктер жиі тоқтайды екен. Қоғамдық тамақтану саласында 35 жылдық тәжірибесі бар ол жолаушылардың жол бойындағы дәмханалардың көрсететін қызметтің, тамақтың сапасына ерекше мән беретініне көз жеткізген.

“Мансұр” дәмханасының басты ерекшелігі – қонақтарға шыны әйнектің ар жағында тұрып, асүйде тағамдардың қалай пісіріліп жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, тұтынушы тапсырыс берген тағамының дайындалу барысын көзімен көреді. Осылайша, оның сапасына күмән келтірмейді. Бүгіндері іскер азамат бұл шешіміне өкінбейді. Жолаушылар арасында дәмханасы танымалдыққа ие.

Шағын және орта бизнесті өркендетуді көздеген мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай жәрдем алуға ниет танытушылардың қатары қашан да қалың болатыны белгілі. Күндердің күнінде кәсібінің аясын кеңейтуді армандаған ол өңірлердегі жаңа бизнес көздерін ашу мақсатында қолға алынған “Bastau Бизнес” жобасына қатысып, кәсіпкерліктің негіздері бойынша білімін жетілдіреді. Арнайы оқудың арқасында 18 млн. теңгенің несиесін ресімдеп, демеуқаржыға қол жеткізеді. “Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” деген қағиданы ұстанған кәсіпкер бүгіндері бұл қаражатқа дәмхананың жанынан техникалық қызмет көрсету станциясының және екіқабатты қонақүйдің құрылысын жүргізуде.

– Алдағы уақытта станция мен қонақүйдің игілігін тек Тайынша ауданының тұрғындары ғана емес, барлық жолаушылар көретін болады. Жолаушылар дәмханамызда ауқаттанып қана қоймай, жанға жайлы, әсем безендірілген қонақүйде тынығып, сынған көлігін жөндеу мүмкіндігіне ие болады. Станцияда автокөліктердің барлық түрлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Әзірге құрылыс жұмыстары толық аяқталған жоқ. Жуырда автожуу қызметін іске қостық. Несие қаражатының барлық жұмыстарға жетпесі анық. Алайда, құрылысқа өз қаражатымды да құятын боламын. Сонымен қатар дәмхананы кеңейтуді жоспарлап отырмын. Бірақ ол алдағы уақыттың еншісінде, – дейді кәсіпкер.

Қос нысанға қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыстар берілген. Олар жуырда жеткізіледі деп күтілуде. Кәсіпкер жұмысшылардың еңбекақысын да мерзімінде төлейді. Күре жолдың бойында шағын бизнес нысаны іске қосылғаннан бері бірнеше ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Мәселен, дәмханада 10 адам еңбек етсе, техникалық қызмет көрсету станциясы ашылғаннан кейін тағы 6 жұмыс орны пайда болады.

Мырзажан Қамалов жеке басын ғана ойлайтын кәсіпкерлердің бірі емес. Нарық заманында өз кәсібін дөңгелете білген азамат қайырымдылықпен де айналысады. Атап айтқанда, кәсіпкер жыл сайын Драгомировка орта мектебіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесіп, соғыс ардагерлеріне материалдық көмек көрсетуді ұмытпайды. Бір атап өтерлігі, ауыл тұрғыны Астана қаласында өткен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне саяхаттап бара жатқан жолаушыларға он бес пайыздық жеңілдік жасаған.

Кәсібінің жемісін көріп отырған Мырзажан Қамаловтың айтуынша, мемлекеттің шағын бизнесті өркендетуге көрсетіп отырған жәрдемі мол. Кәсіпкер бұл көмекті тиімді қолдана білсе, табысын көбейтіп, өңір экономикасының дамуына қосар үлестері арта түсетіндігіне сенімді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика