ЖАҚСЫ ЖҰМЫС — ЖАНҒА ТЫНЫС

Қыркүйек айынан бастап облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңіріміздегі кәсіпорындардың жанында ашылған оқыту орталықтары жаңа үміткерлерді қабылдай бастады. Басты мақсат – серіктестіктерде еңбек ететін мамандардың кәсіби біліктілік деңгейлерін арттыру.

Биылғы жылдың алты айы ішінде кәсіпорындардың 1436 қызметкері біліктіліктерін шыңдау, қайта даярлау курстарынан өтті. Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бастау алған сәттен бері бұл орталықтар жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтарға оқытуда.

Орталықтар кәсіпорындардың жанынан құрылғандықтан, зауыттар өздеріне қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік алып отыр. “Қазақстанның үздік тауары – 2018” өңірлік байқау-көрмесінде “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымының жеңімпазы атанған “Радуга” ЖШС-і – оқыту орталығының тиімділігіне көз жеткізген кәсіпорындардың бірі.

– Біздің кәсіпорын ұдайы даму бағытында жұмыс жүргізеді. Сондықтан да бізге кәсіби біліктілігі мол мамандар керек. Былтырғы жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы базамызда оқыту орталығын ашу туралы ұсыныс айтқан кезде ойланбастан келісім бердік. Биыл кәсіпорында металлопластикалық бұйымдарды жасау зауыты ашылды. Орталықта кәсіби білім алып жүрген адамдардың көмегімен мәселені шешудің жолы табылды. 2017 жылдан бері “Проф-Ресурс” оқу орнында барлығы 124 адам білімдерін жетілдірді. Солардың ішінде 96-сы жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Олар пластмассаны құюшылар мен дәнекерлеушілер, экструдер және пластикалық массаларды түйіршектеу машинистері, әртүрлі автоматтандандырылған құралдардың реттеушілері, – дейді кәсіпорын жанынан құрылған оқу орталығының директоры Татьяна Мишкина.

Серіктестіктегі флексографиялық машинаның операторы Сергей Королев – орталықтың арқасында өзінің біліктілігін арттырып, жаңа қызмет орнына ауысуға мүмкіндік алған жұмысшылардың бірі. Ол еңбек жолын 2016 жылы “Радуга” компаниясының қойма логистикасы қызметінде жүк тасушы-жиынтықтаушыдан бастады. Жарты жылдан кейін басшылық оған біліктілікті арттыру туралы ұсыныс жасайды. Үш айлық оқудан өткен ол бүгінде полимерлік қаптамалар және жұқалтыр материалдарға сурет салатын жаңа қондырғы – флексографиялық машинада жұмыс істейді.

Компания басшылығы қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру арқылы оларды жұмысқа ынталандыруға баса назар аударады. Татьяна Мишкинаның айтуына қарағанда, қызметі өскен жұмысшыларға тиісінше қосымша ақы төленеді.

Жылдың соңына қарай құрғақ таңертеңгілік тағам өндірісі цехына жаңа құрал-жабдықтар орнатылады деп күтілуде. Сол кезде білікті қызметкерлерге сұраныс артатын болады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика