ЖАҢАШЫЛДЫҚ - ЖЕТІСТІКТІҢ БАСТАУЫ

Бүгінде өз ісін ашып, жеке кәсіппен айналысып жүрген азаматтардың арасында жастардың саны артқан. Бизнес саласы, ең алдымен, жастардың бойынан табандылық пен жаңашылдықты талап етеді. Облыс орталығындағы “Basharov” жеке кәсіпкерлігінің директоры Азамат Башаров жаңа туған сәбилерге арналған жиһаз жасауды қолға алған. Елімізде мұндай тауар түрін дайындайтын кәсіпорын жоқтың қасы. Сол себепті біздегі сауда орындары осыған дейін бесіктерді тапсырыспен Ресейден алып келді.

Ақжар ауданындағы Талшық ауылының тумасы Азамат Башаров Көкшетау қаласындағы экономика және менеджмент институтында білім алған. “2012 жылы Петропавл қаласына келіп, осы жерде отбасын құрдым. Сол жылы банктен несие ресімдеп, отбасылық кәсібімді бастадым. Екі жыл бойы қаланың орталығында облыс тұрғындарына қолжетімді бағамен Көкшетау балмұздағын ұсындым. Одан кейін біршама уақыт мемлекеттік сатып алумен айналыстым”, – дейді Азамат Әмірғалиұлы.

Іскер жігіт осыдан төрт жыл бұрын жас кәсіпкерлер мектебінде білімін жетілдіргеннен кейін көлікке техникалық қызмет көрсету орталығын ашпақ болады. Әзірлеген жобасын облыста сәтті қорғаған ол Алматы қаласына жолдама алған. Алайда, онда бағы жанбай, ойлағанын жүзеге асыра алмады. Дегенмен, кәсіпкердің өзі мұны сәтсіздік деп қабылдамады. Онда басқа өңірлерден келген белсенді азаматтармен, олардың жобаларымен танысып, тәжірибе жинады. Сондай-ақ, 2016 жылы Астана қаласына барып, аймақаралық бизнес-тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

– Ісіміздің өрге басуына бұл сапарлардың тигізген пайдасы зор. Әсіресе, Астана қаласында әртүрлі іспен айналысатын табысты кәсіп иелерінен тәжірибе алып, ақыл-кеңестеріне қанықтым. Сол жолы танысқан жастармен бүгінге дейін хабарласып, бизнес саласындағы соңғы жаңалықтармен, кейде түрлі идеяларымызбен бөлісіп тұрамыз, – дейді Азамат Башаров.

Ал жаңа туған сәбилерге арналған төсек-орын жабдықтарын жасауды кәсіпкер биыл қолға алды. Екінші баласының дүниеге келуін күтіп жүрген ол, ең алдымен, оның төсек-орнын өзі дайындауды ойлаған екен. Балаға арналған жиһазды сатып алғанша, неге өзімізге жасап көрмеске деген ой келеді. Сөйтіп, облыс орталығынан бос тұрған ғимаратты жалға алып, мамыр айында балаларға арналған төсек-орын жабдықтарын жасау цехын ашады. Жоспарын жүзеге асыру үшін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған байқауға қатысып, 1 млн. 850 мың теңге грантқа қол жеткізеді.

Цехта осыған дейін қолданылған құрал-жабдықтарды кәсіпкер өз қаражатына сатып алған. Олармен жиһаз жасауға уақыт көбірек кететін. Кәсіпкердің айтуынша, енді сандық жүйемен басқарылатын станок сатып алғаннан кейін түрлі формалар автоматты түрде әрі оңай жасалмақ. Сондықтан алдағы уақытта бір жиһазды жасауға әдеттегіден аз уақыт жұмсап, осылайша, тауардың бағасын арзандатып, өнім көлемін арттыруға да мүмкіндік тумақ.

Жиһаздарды жасау үшін кәсіпкер жергілікті қайың ағашын пайдаланады. Жасалған жиһаздарды ақ және ақшыл түстерге бояп, тұтынушыларға ұсынады.

– Мен цехтың жалпы жұмысын қадағаласам, інім әлеуметтік желі арқылы тауарды саудалаумен және тапсырыс алумен айналысады. Тауарымыз басқа өңірлерде де сұранысқа ие. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысынан, Астана, Көкшетау қалаларынан тапсырыс көп түседі. Тапсырысты басқа өңірлерге пошта арқылы жеткіземіз, – деді Азамат Әмірғалиұлы.

Кәсіпкер балаларға арналған жиһаздарды алдағы уақытта көршілес Ресейге де ұсынбақ жоспарлары бар екенін айтты. Жас кәсіпкердің алдағы уақытта тауарын тек әлеуметтік желі арқылы ғана саудаламай, облыс орталығындағы дүкендермен бірлесіп жұмыс істемек ойы бар. Осылайша, тұрғындар сапалы жиһазды сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Жас жігіттерге ақыл-кеңесін беріп, қолы қалт етсе көмектесуге әзір тұратын әкесі Әмірғали Башаровтың да еңбегін атай кеткен жөн.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Әмірғали Башаров жұмыс үстінде.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика