ТҰТЫНУШЫ ТАЛАБЫ ОРЫНДЫ

Балаларға арналған ойыншықтарды, киім-кешектерді немесе басқа да азық-түліктік емес тауарларды сатып алған кезде көпшілік ең алдымен өнімнің сапасына емес, оның бағасына мән беретіні белгілі. Алайда, сатып алмас бұрын сатушыдан тауардың сапасы туралы сұрап, оның қауіпсіздігін растайтын құжаттардың бар-жоғына көз жеткізген жөн.

Тұтынушының тауар туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алу құқығы Қазақстан Республикасының “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңымен реттеледі. Сондай-ақ, бұл Заңда сатушының тұтынушыға өнім сәйкестігінің тиісті сертификаттары немесе сәйкестік туралы декларация және басқа да құжаттарын көрсету қажеттігі тайға таңба басқандай жазылған.

Баланың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында өнімдерге қойылатын талаптарды белгілейтін негізгі нормативтік құжаттардың бірі – Кеден одағының “Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы”, “Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы”, “Парфюмерлік және косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы”, “Жиһаз өнімдерінің қауіпсіздігі туралы” және тағы басқа техникалық регламенттерінде көрсетілген. Осы техникалық регламенттерге сәйкес, ойыншықтар, жиһаздар, киім-кешектер, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған басқа тауарлар міндетті түрде сәйкестікті бағалау рәсімінен өтуі тиіс.

Тұтынушы бағаның арзандығына сеніп, баласына сапасыз тауар сатып алуы мүмкін. Ал тауарды шығарушы кәсіпорында өндірісте қолданылатын химиялық заттардың концентрациясы техникалық регламенттерде белгіленген нормадан асып кеткен жағдайлар болады. Нәтижесінде баланың денесін аллергиялық бөртпелер басып, созылмалы аурулар өршуі мүмкін. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, қолданыстағы заңның 30-бабына сәйкес, сатушы техникалық регламенттерде, өнімдер жөніндегі нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауардың пайдаланылғанына, зат таңбаларының сақталу-сақталмауына қарамастан, күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстырып беруге міндетті екенін ескерген жөн. Ол сондай-ақ, тауардың құнын толық қайтаруға міндетті.

Сонымен қатар сатушы тұтынушының өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалды толық көлемде өтеуі қажет. Мәселен, жаңа жиһаз немесе ойыншықтар аллергиялық реакция туғызған жағдайда сіз залалды өтеу бойынша талап қоюға құқылысыз. Ол үшін, ең алдымен, денсаулыққа зиян келтірген фактіні растайтын медициналық қорытынды алуыңыз керек және тауарды техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізу үшін аккредиттелген зертханаға беру қажет. Сондай-ақ, жеке тұлғалар өміріне, денсаулығына зиян келтірілгені туралы нақты фактілер бойынша құзыретті органдарға өтініш жасау керек. Нәтижесінде жоспардан тыс санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс жүргізілетін болады.

Емдеу курсы белгіленген жағдайда дәрі-дәрмектерді сатып алуға және сараптамалық, медициналық, көліктік және басқа да көрсеткен қызметтер үшін төленген кассалық түбіртектерді сақтау қажеттігін ескертеміз. Бұл шығындар материалдық залалды өтеу туралы шағымданған кезде қажет болады. Сондай-ақ, сіз балаңыздың ауруына байланысты жұмысқа шықпаған жағдайда өтемақы төлеуді талап етуге құқығыңыз бар.

Дәрігердің қорытындысы мен сараптаманың нәтижелеріне сүйене отырып, Заңның 22-бабына сәйкес, сатушыға орын алған кемшіліктерді жою және келтірілген залалды ерікті түрде өтеу бойынша талап қоя аласыз. Егер кінәлі тарап күнтізбелік он күн ішінде арызға жауап бермесе немесе кемшілікті жоюдан, келтірілген залалды ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.

Тұтынушы сотқа ұсынған арызында материалдық залалды ғана емес, сондай-ақ, моральдық залалды өтеуді талап ете алады. Бұл жағдайда тұтынушы арызында болған оқиғаның мән-жайын көрсетіп, оны растайтын дәлелдемелерді келтіріп, өзіне келтірілген моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз ететін өтемақының мөлшерін көрсетуге міндетті. Сотта сатушының кінәсі дәлелденген жағдайда заңнамаға сәйкес келтірілген моральдық зиян сот айқындайтын мөлшерде өтелуі керек.

Сондықтан тауарды сатып алмас бұрын оның сапасына көз жеткізген дұрыс. Ал бұған сатушыдан тауар туралы ақпаратты, сондай-ақ, сатып алатын тауардың сәйкестік сертификатын немесе сәйкестік туралы декларацияны талап ету арқылы ғана көз жеткізе аласыз.

Тауарды сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде Петропавл қаласы, Парк көшесі, 57 В мекенжайында орналасқан табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаменті мамандарының көмегіне жүгінуге немесе 8 (7152) 53-41-94 телефонына қоңырау шалуға болады.

Ләзім МИЯШЕВА,

табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика