ИННОВАЦИЯ — КӘСІПОРЫН ТІРЕГІ

Әлемдік тәжірибеде машина жасау саласы алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды енгізу үшін негізгі база болып саналады. Отандық машина жасау кәсіпорындары инновация, білім, алдыңғы қатарлы ғылыми ой интеграторы рөлін атқарып, ел экономикасының дамуына серпін беруде. Білікті бағдарламашылардың корпусынсыз және инженерлік, ақпараттық қызметтердің жоғары үлесінсіз машина жасау саласын дамытуға болмайды. Осы орайда цифрлы спутниктік және эфирлік телерадиохабарларын қабылдауға арналған жабдықтар өндірісін жолға қойған “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ның қол жеткізген жетістіктерін айтпай кетуге болмас. Тарихы 1941 жылдан бастау алатын кәсіпорында бүгіндері индустрияландыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып, заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Цехтарды жаңа қондырғылармен жабдықтаудың арқасында еңбек өнімділігі, өнімдердің саны да, сапасы да арта түсті. Кәсіпорында темір жол, мұнай-газ кешендері мен радиоэлектроника, сандық теледидардың техникалық құралдары шығарылады.

Кеңес одағы кезінде еліміздегі танымал кәсіпорындардың бірі атанған өндіріс орны соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша көпарналы радиорелелі станция сияқты ұтқыр байланыс жүйесі кешендерін, “Отау-ТВ” сандық теледидарына арналған “STB” құрылғысын, теміржол қауіпсіздігіне арналған аспаптар жасауды қолға алған. Сондай-ақ, бірер жыл бұрын доңғалақты техникаларды жаңғырту үшін жаңа корпус салу арқылы өндіріс орны кеңейтілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы 4,1 млрд. теңгенің өнімін шығарсақ, биыл бұл көрсеткішті 4,66 млрд. теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Зауыт басшылығы алдағы уақытта өндіріс орнын ұлғайтып, қуатын арттыру мәселелерін қарастыруда. Бұл ретте “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы көпқабатты баспа платтарының және интегралды шағынсызбалар өндірісі бойынша жобаларды жүзеге асыруды қолға алуда. Мұндай отандық өнімдер өндіріс ошақтарындағы автоматтандырылған процестерді басқарудың сандық негізі бола алады. “Цифрлық Қазақстан” және “Кибер қауіпсіздік” бағдарламаларының аясында жүзеге асырылатын жобаға 2,2 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Қазірдің өзінде зауыт – еліміздегі көпқабатты баспа платтарының және интегралды шағынсызбалар өндірісін қолға алған жалғыз кәсіпорын. Сондықтан жаңа жоба мемлекет тарапынан зор қолдауға ие болып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауынан туындаған міндеттердің бірі – жаңа сандық технологияларды енгізу. Бұл тұрғыда да “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы ел бойынша көш басында келеді. Мұнда алғашқы 3D-принтерді құрастыруға төрт айдай уақыт кетті. Инженер-конструкторларымыздың қолынан шыққан 3D-принтердің бағасы нарықтағы баламаларына қарағанда әлдеқайда қолжетімді. Кәсіпорын мамандары құрастырған 3D-принтерлер қазір Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде, ал екіншісі облыстық денсаулық сақтау басқармасында сынақтан сәтті өтіп жатыр. Бәсекеге қабілетті өнім алдағы уақытта білім беру, машина жасау салалары мен әуесқой модельдеушілер арасында үлкен сұранысқа ие боларына сенім зор.

Қазір кәсіпорында жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Серіктестік қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жыл сайын цехтарды заманауи құралдармен жабдықтау мақсатында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына жүгінетін. Енді қаржы мәселесі шешіліп, ел бюджетінен қомақты ақша бөлінетін болды. Бірінші кезеңде бөлінетін 2,2 млрд. теңгеге Тайвань, Германия, Оңтүстік Корея, Италия елдерінен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынбақ. Зауытқа жалпы 299 бірлік құрал-жабдық орнатылады деп күтілуде. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында зауыттағы еңбек өнімділігі екі есеге артып, бұйымдардың жаңа үлгілері және шығарылатын азаматтық өнім түрлері айтарлықтай көбейе түседі.

Өндіріс ошағында кадр мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде зауытта 700-ге жуық адам еңбек етсе, олардың басым бөлігі аға буын өкілдері. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді техникалық мамандықтар бойынша аяқтаған түлектер жұмысқа тартылуда. Серіктестіктегі орташа жалақы 156 мың теңгені құрайды.

Үстіміздегі жылдың тамыз айында Ресейдің Кубинка қаласында “Армия – 2018” IV халықаралық әскери-техникалық форумы өтті. Әлемнің 15 елінен 46 кәсіпорын қатысқан шара барысында қорғаныс-өнеркәсібі кешенінің озық жетістіктері мен қару-жарақ, әскери техниканың заманауи үлгілері таныстырылды. Бұл шараға Қазақстаннан қатысқан қорғаныс-өндірістік кешеннің тоғыз кәсіпорны арасында біздің зауыттың да болғанын мақтанышпен атап айтқым келеді. Отандық компаниялар әскери өнімдердің 120-дан астам үлгілері мен макеттерін көрсетті. Қазақстандықтар тепловизиялық құралдар үшін инфрақызыл линзаларды, радиобайланыстың кәсіби құралдарын, жаңғыртылған брондалған танк техникасы мен конверсионды техниканың макеттерін, жөндеу-эвакуациялық және барлау-бақылау машиналарын, әуе өнеркәсібі үшін құрамдас бөлшектерді, әскери амуниция өнімдерін көрсетті. Ал біздің зауыт ұжымы әмбебап полигон құрал-жабдығын тұтынушылардың назарына ұсынды. Форумда зауыт басшылығы өзіне жаңа әріптестер тауып, бірқатар компаниялармен келіссөздер жүргізді. Енді жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады.

Мәди БЕКТЕНОВ,

“С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ-ы маркетинг және сату департаментінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика