“АЙШЫЛЫҚ АЛЫС ЖЕРЛЕРДЕН, ЖЫЛДАМ ХАБАР АЛҒЫЗҒАН”

“Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” пошташылар қызметі тарихының тамыры тереңде жатыр. Бүгінгі таңда үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Пошта байланысы бүкіл әлемдегідей біздің елімізде де байланыстың бастауы болып табылады.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1874 жылы 9 қазанда Швейцарияның Бьерне қаласында өткен бірінші Халықаралық пошта конгресінде Жалпыға ортақ пошта одағы құрылған болатын. 1969 жылдан бастап бұл күні бүкіл әлемде пошта күні деп белгіленді. Ал төл мерекесін 1993 жылдан бастап атап өтіп келе жатқан қазақстандық пошта байланысына биыл ширек ғасыр толып отыр.

“Қазпочта” АҚ-ы тәуелсіздік жылдары қалыптасу жолдарынан өтіп, тұрғындарға қаржылық қызметтің сан алуан түрін көрсететін және ең қуатты филиалдық желілері бар, елімізде баламасы жоқ ұлттық операторға айналды. Дүниежүзілік стандарттарға сай қызмет көрсетіп отырған мекемеде коммуналдық төлемдерді қабылдау, еңбекақы мен зейнетақы тарату, жәрдемақыларды беру сынды қызметтер, сәлемдемелер мен хаттарды жеткізу, ақша аударымдары жүзеге асырылады. Бұдан басқа біздің “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі”, “Альфа-Банк” және “Хоум кредит банкі” АҚ-ның филиалдарымен арадағы келісімге сәйкес ауыл тұрғындары депозиттік шоттарын комиссиясыз толтырып, несие ресімдеуге мүмкіндік алды. Шалғайдағылар теміржол мен әуе билеттерін бізден сатып ала алады.

Қазір “Қазпочта” АҚ-ы облыстық филиалының құрамында 184 өндірістік нысан бар. Оның ішінде 14 қалалық, 88 ауылдық және 18 жылжымалы пошта байланыс бөлімшесі, 14 орталық операциялық учаске, 29 байланыс пункті, сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жергілікті кірістер басқармаларында орналасқан 21 төлем қабылдау мен 8 валюта айырбастау пункті жұмыс істейді. Бүгінгі күні өңірдің барлық елді мекендерінде бөлімшелеріміз бар. Қазіргі күні филиалда 1700-ге жуық маман жұмыс істейді.

Соңғы жылдары пошта жүйесінде инновациялық жобалар қолға алынып, компанияның жұмысына сандық технологиялар енгізіле басталды. Нәтижесінде “Қазпочта” АҚ-ы сағатына үш мыңнан астам жолдама жіберетін мүмкіндікке қол жеткізді. Сондай-ақ, заманауи дрондар мен робот пошташылар сала қызметкерлерінің жұмысын жеңілдете түсті. Ел бойынша “Сәлем, теңге!” ақша аударымы қолға алынып, “Сенiм” акциясы, “Kazpost” жыл бойы сыйлық” сайысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, “Күннен-күнге” қызметі іске қосылды.

“Қазпочтаның” барлық бөлімшелері клиенттерге қолайлы болу үшін түскі үзіліссіз жұмыс істеу тәртібіне көшкенін айтып өту маңызды. Поштаны сұрыптау және тасымалдауға арналған учаскенің ғимаратында мерзімді баспасөзді сұрыптайтын автоматты желі пайдалануға беріліп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік туды. Бұл газет-журналдарды сұрыптаудың заманауи әдісі еңбек шығынын барынша азайтып, оқырмандарға мерзімді басылымдарды жеткізу бойынша жұмыс сапасын жақсартады.

Үстіміздегі жылдың 8 қазанынан бастап облыс аумағында 2019 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталды. Каталогта республикалық және облыстық газет-журналдардың, сол сияқты Ресей, Украина мен Беларусь басылымдарының 3 мыңнан астам атауы берілген. Баспасөзді үйлеріне, жұмыс орындарына, оқу орындарына жеткізіп береміз. 2018 жылдың баспасөзге жазылу науқанының қорытындысы бойынша біздің өңір бірінші орынға шықты. Солтүстікқазақстандықтар барлығы 264 мерзімді баспасөз құралына жазылған.

Көпбейінді қаржы институты болып табылатын “Қазпочта” АҚ-ы бірқатар мақсатты шараларды алға қойып отыр. Солардың бірі – мерзімді басылымдардың оқырмандар қолына кешіктірілмей жеткізілуі. Бұл жұмыстарды атқаратын 65 арнайы автокөлігіміз пошта тасымалдауды жүзден астам бағыт бойынша жүзеге асырады. Аудан орталықтарына пошта аптасына – 3-4 рет, ал ауылдық елді мекендердің байланыс бөлімшелеріне 2-3 рет жеткізіледі.

2016 жылы “Қазпочта” АҚ-ның 100 бөлімін жаңғырту бағдарламасы қолға алынған болатын. Жаңғырту жұмыстары барысында ескірген ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, техникалық құрал-жабдықтар жаңартылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде филиалдың барлық бөлімшелері бірегей электрондық кезек, бейнебақылау және өртке қарсы қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілді. Ақжар, Мамлют, Тайынша, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда бес және Петропавл қаласында екі бөлімше жөндеуден өтіп, қайта іске қосылды.

Ақпараттық технология жоғары дамыған XXI ғасырда пошта байланысы да заман талабына сәйкес өз жұмысын жаңаша құрып, елді мекендердің, әсіресе, шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына сапалы қызмет түрлерін ұсынуда. Мәселен, өткен жылдың басында облыстық филиалдың бас кеңсесінде ТМД елдерінде баламасы жоқ пошталық байланыс қызметін көрсетудің жаңа қағидаты енгізілген сәлемдемелер супермаркеті ашылды. Бүгіндері елімізде интернет желісі арқылы тауар сатып алушылар, таныстары мен туған-туысқандарына сәлемдеме жіберушілер қатары қалыңдап келеді. Енді олар кезекке тұрмай-ақ өзіне ыңғайлы уақытта сәлемдемесін жаңа технологияның көмегімен бірден алу мүмкіндігіне ие болды. Қызметтің бұл жаңа түрі тұтынушылардың көңілінен шығуда. Мұнымен қоса, тұрғындар пошта сайты арқылы өз сәлемдемелерінің қай жерде келе жатқандығын да бақылау мүмкіндігіне ие болып отыр. “Рost.kz” мобильдік қосымшасы арқылы тұрғындар, сондай-ақ, салық, айыппұл төлеп, ақша аударып, үйіне курьерді шақырта алады.

Бүгін қазақстандық пошта байланыс жүйесі басқарудың және қызмет көрсетудің әлемдік стандарттарын ұстануда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде шағын елді мекендер жылжымалы пошта байланысымен қамтамасыз етілуде. Атап айтқанда, былтыр Қызылжар ауданының – Бәйтерек, Айыртау ауданының – Арықбалық ауылдарында пошта байланысының мобильдік бөлімшелері іске қосылды. Оларда ауыл тұрғындарына барлық пошта, қаржылық, агенттік қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл модульдік ғимараттарда 20 орындық күту залы, 3 касса, қызметтік орындар бар.

Пошта қызметі әр отбасына хат-хабар мен сәлемдемелер жеткізумен қатар, қуаныш пен шаттық сыйлайды. Осы жолда аянбай қызмет етіп жүрген барлық әріптестеріме өз мақсаттарына жете беруі үшін үлкен күшжігер, табыс тілеймін!

Бекжігіт БЕКБЕРДИЕВ,

“Қазпочта” АҚ-ы облыстық филиалының директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика