СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ, БАҒАСЫ ҚЫМБАТ

Естімеген елде көп. Әдетте шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, қаржылай қолдауға ие болған азаматтардың дені мал мен құс шаруашылығына бет бұрып жатады. Дегенмен, тың саланы таңдап, шиншилла өсіруді қолға алған жерлестеріміз де бар.

Есіл ауданындағы Явленка ауылының тұрғыны Евгений Шмалько өткен жылдың қазан айында елімізде таныла қоймаған сирек кәсіпті игеріп, тұңғыш шиншилла фермасын ашқан болатын. Бұл кішігірім кеміргіш аң бір қарағанда қоянға ұқсайды. Ол негізінен Оңтүстік Америка құрлығында тіршілік етеді.

– Салмағы 450-800 грамм болатын бұл кеміргіштер көбінесе Чили, Перу, Боливия мен Аргентина елдерін мекендейді. Шиншилланың терісі өте бағалы. Қазіргі уақытта фермада Ресейдің Чебоксары қаласындағы шиншилла фермасынан жеткізілген 50 кеміргіш аң өсірілуде. Аналығы жылына 2-3 рет балалап, шамамен 250 төл береді. Әрқайсысының бағасы 42 мың теңге тұрады. Сондықтан жылқы немесе ірі қара мал өсіргенше, еліміз үшін таңсық, бірақ пайдалы кәсіппен айналысқан әлдеқайда тиімді, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, шиншилла таби­ғатты және табиғи ресурстарды қорғау жөніндегі халықаралық одақтың “Қызыл кітабына” енгізілген. Әдетте олар ұзын және қысқа құйрықты болып келеді. Фермадағы жануарлар көкшіл сұр түсті, ұзын құйрықты “канадалық тиін” деген түрге жатады.

Жас кәсіпкер алдымен қоян өсірумен айналысқан екен. Кейін терісі бағалы саналатын шиншилланы өсіруге көңілі ауған. Екі жыл бойы ізденген ол арнайы комиссия мүшелерінің алдында “Шиншилла өсіру үшін асылтұқымды фермалар құру” жобасын сәтті қорғап, “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млн. теңге грант ұтып алған. Бұл қаражат асылтұқымды шиншилла мен оларды өсіруге қажетті қондырғыларды сатып алуға жұмсалған.

Экзотикалық жануарды өсіру көпшілік ойлағандай қиын емес. Оларды күніне бір рет тамақтандырса жетіп жатыр. Тазалық пен тыныштықты сүйеді, ауруларға да төзімді келеді. Ең бастысы – бөлмеде 16-18 градустық температуралық режімді сақтау қажет.

– Бір ересек шиншилла жылына бар-жоғы 12 килограмм жем-шөп жейді. Дәнді дақылдармен және шөппен қоректенетін кеміргіштерге тәтті тағам ретінде мейіз бен жаңғақ беремін. Жүні тығыз және денесінде өзге жануарлардағыдай зиянкес жәндік атаулы болмайды. Бірақ үстіне су тисе, тез жаурайды. Тор қорапшасының бір бөлігіне салынған құмға аунап, үсті-басын дымқылдан құрғатады, – деді Евгений Шмалько.

Шиншилланың терісі – сән индустриясындағы тері бұйымдарының ішіндегі ең қымбаттарының қатарында. Себебі, тері қылшықтарының қалыңдығы мен тығыздығы бойынша ерек­шеленеді. Терінің бір шаршы сантиметрінде 25 мың тал қылшық өседі. Сондықтан нарықта сұраныс та жоғары, бағасы да қымбат.

– Шиншилла терісінен тігілген тон 10-100 мың АҚШ доллары аралығында бағаланады. Ал бір ішік тігу үшін кем дегенде 70 шиншилланың терісі керек. Ғаламтор арқылы хабарласып, кеміргіштерді сатып алуға ниет танытқан кәсіпкерлерге 90 ересек шиншилла сатып үлгердім. Әлі де сұраныс бар. Сол себепті, алдағы бірнеше жылдың ішінде кеміргіштерді ішіктер тігумен айналысатын ательелерге сатуды қолға алғым келеді, – дейді Евгений Шмалько.

Ферманың ашылғанына бір жыл ғана өткенімен, бұл кеміргіштің терісіне деген сұраныс артуда. Әсіресе, еліміздің тері өңдейтін цехтары қызығушылық танытуда. Дегенмен, Евгений Шмалько тордағы кеміргіштердің жалпы санын 500-ге дейін жеткізіп барып сатуды жоспарлап отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика