ТЫҢ ИДЕЯҒА ҚОЛДАУ

Өзін-өзі еңбекпен қамтып отырған және жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру мақсатын көздейтін 2017-2021 жылдарға арналған “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының негізгі бағыттары жемісін беруде. Бағдарлама аясында 2016 жылы “Бизнес-Бастау” жобасы қолға алынып, өзін-өзі еңбекпен қамтып отырған және жұмыссыз азаматтарды оқытуға бағытталған қанатқақты жоба іске қосылған болатын.

Былтыр “Бизнес-Бастау” жобасы “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Жоба аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту жұмыстарымен еліміздің 80 ауданы қамтылды. Соның ішінде облысымыздағы Ақжар, Уәлиханов, Тайынша, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардан 937 адам қатысты. Оның 470-і облыстық комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғап, 160-ы жобасын жүзеге асыру үшін қаржыға ие болды.

Оқыту бағдарламасына қатысушылардың маркетинг, салық заңнамасы, құқықтық аспектілер, тағы басқа салаларда құзыреттілігін арттыруға бағытталған 12 модуль кіреді. Жоба аясында арнайы сертификаттарға ие және кәсіпкерлермен жұмыс істеуде тәжірибесі мол 13 бизнес-жаттықтырушы тәлім береді. Бизнес-жаттықтырушылар қатысушыларды оқытып қана қоймай, оларға бизнес-жоспар әзірлеуге көмектеседі, қаржы алғанға дейін қолдау көрсетіп, бір жыл бойы бизнесті жүргізуге қол ұшын береді.

Жобаға қатысушы бизнес-жаттықтырушысының басшылығымен бизнес-жоспар әзірлеп, оны облыстық комиссияның алдында қорғайды. Жоба сәтті қорғалған жағдайда оған оқытуды аяқтағаны жөнінде сертификат беріледі. Одан кейін жобаға қатысушы қажетті құжаттарын жинап, қаржы институтына несиелендіруге өтініш береді.

Биыл жобаға өңіріміздегі барлық аудандар қатысты. Сәйкесінше, оған қатысушылардың саны айтарлықтай артып, 1374-ке жетті. Оның 701-і облыстық комиссия алдында бизнес-жоба қорғаса, 296-сы қаржыға қол жеткізді. Бизнес-жобаларды жүзеге асыруға 2 млрд. теңгеден астам ақша бөлінді. Бүгіндері жобаларды жүзеге асыру бойынша Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар көш бастап тұр.

Үстіміздегі жылдың маусым айында “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы съезінің аясында Астана қаласында “Бизнес-Бастау” жобасы түлектерінің алғашқы форумы өтті. Шараға жоба аясында білім алған азаматтар қатысты. Олардың қатарында Ақжар, Уәлиханов, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардан жеті адам бар.

Осы орайда өткен жылы бизнес-жоба бойынша үздік отыздыққа енген жерлестерімізді атап өту керек. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны Леонид Нарушевич сүт қабылдайтын орталық ашса, уәлихановтық Дастан Бекболатовтың бастамасымен жергілікті жерде жиһаз жасайтын цех және дайын өнімді саудалайтын дүкен іске қосылды.

Сонымен қатар қалдықтарды кәдеге жарату бойынша жобаны қолға алған Ақжар ауданындағы Талшық ауылының тұрғыны Ризагүл Тәшімованың еңбегіне тоқталып өтуге болады. Ризагүл де бизнес-жоспарды сәтті қорғап, “Тәшімова” жеке кәсіпкерлігін ашты. Қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған контейнерлер сатып алу үшін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамынан шағын несие алған. Еуропа елдерінде кең тараған бұл бастаманы нәзік жан ғаламтордан көріп, өз ауылында жүзеге асыруды қолға алған. Контейнерлерде жиналған қалдықтардың арасынан пластик, қағаздар мен шыныларды іріктеп, Петропавл және Көкшетау қалаларындағы қайта өңдеу кәсіпорындарына жібереді. Кәсібін жүргізуде оған жолдасы қол ұшын беруде. Үстіміздегі жылы Ризагүл “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында бизнесін кеңейту үшін 3 млн. теңге грант алды.

Сонымен қатар бизнес-жобасын сәтті қорғағанымен, кәсібін аша алмаған азаматтар да кездеседі. Көп жағдайда қатысушының банктердегі несие тарихының нашарлығы жобасын қаржыландыруға кедергі болады.

 Александр БЕРДНИЧЕНКО,

облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика