КҮРЕ ЖОЛДАҒЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ

“ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз турында журналистер “Петропавл – Қорған” бағытындағы тасжол бойындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Филиал директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, өңірімізде республикалық маңызға ие 1468 шақырым жолдың биыл 209 шақырымына жөндеу жүргізілген. Оның 60 шақырымында жаңғырту жұмыстары атқарылса, 149 шақырым жол орташа жөнделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп.

– Халықаралық маңызы бар “Петропавл – Қорған” автожолының біздің облыс аумағында жөнделіп жатқан учаскесінің ұзындығы 60 шақырымды құрайды. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары салынған тасжол соңғы жылдары тозып, көлік қозғалысын қиындатқан болатын. Осылайша, өткен жылдың шілде айында “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жаңғырту жұмыстары басталып, оған 500-ден астам адам мен 155 техника жұмылдырылды. Күре жолдың ескі асфальтын жаңартуға 27 млрд. теңге бағытталған, – деді Болатбек Айтбаев.

Мердігер компания “К-Дорстрой” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Юрий Ивашовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары екі учаскеде қатар жүргізілуде. 29 шақырымдық бірінші учаскеге облыс орталығы мен Мамлютка қаласы, ал 31 шақырымдық екінші учаскеге Мамлютка қаласы мен Ресей шекарасының аралығы жатады. Бөлінген қаражаттың 5 млрд. теңгесі былтыр, ал 11 млрд. теңгесі биыл игерілген.

Күре жолдың жартысына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның негізгі бөлігі екінші техникалық санатқа жатады. Ал облыс орталығына жақын 4,5 шақырым жол көлік нөпіріне байланысты 4 жолақты етіп салынды. Қазіргі таңда мұнда ағынды су өткізетін құбырлар тартылып, инженерлік және коммуникациялық желілер орнатылуда. Бұл жұмыстар Петропавл қаласында өтетін Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумына дейін аяқталмақ.

Жол құрылысына қажетті қиыршықтас Көкшетау қаласынан, битум Павлодар облысынан жеткізілуде. Ал асфальт Петерфельд ауылының іргесіндегі қуаттылығы сағатына 350 тоннаға жететін, екі асфальт-бетон зауытында әзірленген. Қолданыстағы асфальт-бетонның сапасы мердігер компанияның зертханасында тексеріледі. Зертхана басшысы Татьяна Воистинованың айтуынша, білікті мамандар жолдың ауыр салмаққа төзімділігін анықтайды. Мердігер компания барлық жұмысты алдағы жылдың қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: техник-лаборант Ә.Жамбырбаев жұмыс үстінде.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика