АЛТЫН БЕСІК - АУЫЛ

Мен – саналы ғұмырымды ауыл шаруашылығына арнаған адаммын. Кеңестік кезеңде кеңшар, аудан басқардым, ауылдың жағдайын бір кісідей білемін десем, артық айтқандық бола қоймас. Қазір зейнеттемін, қалада тұрып жатсам да, құлағымды ауылдағы жаңалықтарға әрдайым түрік ұстаймын.

“Ауыл – барша қазақтың бесігі” деген сөз тіркесі тілдік қорымызға орныққалы қашан?! Қалада туып, қайраткер атанғандар некен-саяқ десем қателесе қоймаспын. Халқымыздың мақтан тұтар ұл-қыздарының кіндігі ауылда кесіліп, сонда өскені ешкімге де құпия емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған жиында ауылдың жағдайын жақсы білетінін, өйткені, өзі де ауылда туып-өскенін айтты.

Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының аса бір маңызды және тұрақты дамыған саласына айналып отыр. Саланың бүгінгі жетістігі тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап жүргізіліп отырған салиқалы аграрлық саясаттың жемісі екені сөзсіз. Оған әлемді дағдарыс жайлаған күннің өзінде еліміздің ауыл шаруашылығында қол жеткізген жетістіктері нақты дәлел бола алады. Алайда, алда тұрған міндеттердің ауқымы өте үлкен. Әсіресе, саланы жаңа негізде дамыту арқылы оның бәсекелік қабілетін түбегейлі түрде жоғарылату уақыт талабы мен қазіргі заманның өзекті мәселесі.

Қазақстандықтардың қырық пайызының тұрақты мекені ауыл болып отыр. “Бұл өте үлкен əлеует”, – деп тұжырым жасады Президент. Біз бұл Жолдаудан Мемлекет басшысы тарапынан ауылға деген қамқорлық пен қолдаудың ұдайы, үздіксіз бола беретінін, ауыл ешқашан назардан тыс қалмайтынын терең түсіндік. Сондай-ақ, тəуелсіздіктің алғашқы онжылдығы тұсында Елбасы өз Жарлығымен тұтастай үш жылды “Ауылды дамыту жылы” деп жариялағаны ұмытыла қойған жоқ.

Енді, міне, арада тағы біраз жыл өткенде Президент ауылды одан əрі дамыту мен қайта түлету мəселесіне тағы бір мəрте оралып, “Ауыл – Ел бесігі” атты жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Мұндағы басты мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауды жариялау кезінде мəлімдегеніндей, ауылдық жерлердің əлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісу болмақ. Бұл расында да ауылдың жай-күйін өте жақсы білетін, оған жаны ашитын адамның қадамы екені анық. Өйткені, ауылдың еңсесі тіктелді деп өзімізді өзіміз алдаусыратқанымызбен, мұндағы əлеуметтік ортаның жай-күйі əлі де олқы екенін жасыра алмаймыз.

Елбасының тұжырымдауынша, осы жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуге, оны түбірімен қайта орнықтыруға болады. Сəл тарқатып айтқанда, бұл түсініктің түп-төркінінде ауылдағы əр тұрғын мен отбасы мүшелерінің еңбекке деген адал көзқарасы мен құлшынысына жаңаша серпін беру қажеттігі тұр деп түсінемін. Өйткені, маңдай термен келген табыстың орны қашан да бөлек. Ауыл тұрғындары халықтың тұтынуы үшін тікелей азық-түлік өндіретін белдеу мен ендікте тұрғаны да оларға жауапты міндеттер жүктейді. Ірі жəне орта бизнес демесек те, əркімнің мүмкіндігі мен шама-шарқына қарай шағын кəсіппен шұғылдануының қажеттілігі де осында. Бұл олар үшін де, мемлекет үшін де тиімді қадам деп ойлаймын. Бүгінгі күні өзім де зейнет жасында екеніме қарамастан, осындай пайдалы іспен шұғылданып жүргенімді айта кеткім келеді. Сондықтан да мен елге тигізетін шапағаты мол “Ауыл – Ел бесігі” жобасының іске қосылуын толығымен қолдаймын. Өйткені, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты қабылданған бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өз ісін дөңгелетіп отырған ауылдықтардың қатары қалыңдай түсуде.

Елбасы өз Жолдауында ел экономикасының аграрлық саласын қарқынды дамыту қажеттігіне ерекше тоқталды. Əсіресе, жер ресурстарын тиімді пайдаланып, бос жатқан алқаптарды дер кезінде мемлекет құзырына қайтарып, іскер тұлғаларға беру жұмыстарын жандандыруға шақырды. Біздің облысымызда қолданыстан шығып қалған, арамшөп басқан жерлер аз емес. Ондай жер телімдерін анықтау, айналысқа енгізу жергілікті атқамінерлердің міндеті болуы тиіс. Сонымен қатар өндіріске заманауи технологияларды енгізу мəселелеріне ерекше көңіл бөлу маңызды.

Президент шетелдік озық технологияларды қолданып, табысқа жеткен шаруашылықтарды мысалға келтіре отырып, солардың тəжірибесін кеңінен таратудың маңыздылығын атап көрсетті. Жуырда өткен “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясында өңір басшысы Құмар Ақсақалов бұл мәселеге қатысты тұщымды ой айтты. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі көп жылдан бері жер игерудің озық үлгісін көрсетіп келеді. Бұл агроқұрылымда бірнеше рет семинарлар, тәжірибе алмасулар ұйымдастырылса да, оған қарап бой түзеген шаруашылықтар саусақпен санарлықтай ғана. Мәселен, бір шаруашылық әр гектардан 30 центнерден өнім алса, жолдың екінші жағында орналасқан басқа алқаптың өнімділігі одан екі-үш есе төмен болуын немен түсіндіруге болады.

Агроөнеркəсіп кешенін цифрландыру жолында тежеуші факторлардың бар екенін де айтпасқа болмайды. Цифрлық технология мен оның нəтижелерін іс жүзінде қолдану үшін тиісті заңнамаларды əрі қарай жетілдіру қажет. Ауылдық жерлерде, əсіресе, егістік алқаптарда интернеттің əлсіздігі немесе жоқтығы үлкен кедергі болып отыр. Агрохимиялық зертхана желісінің мешелдігі мен осы бағыттағы қызмет көрсету аясындағы бəсекелестіктің жоқтығы топыраққа агрохимиялық талдау жасау жұмыстарының қолжетімсіздігі мен қымбаттығына əкеліп соғуда. Ауа райын ұзақмерзімді болжау мен жауын-шашынның мөлшерін дəл анықтаудың жоқтығы да қолбайлау болып отыр. Соның салдарынан диқандарымыз егін егу науқанының тиімді мерзімін дəл жоспарлай алмай, оны өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап қолданыста жүрген топырақ қорғау жүйесі бойынша жүргізуде. Яғни, олар осы уақыт аралығында орын алған жаһандық климаттық өзгерістерді ескере алмауда. Сонымен қатар ынталандыру мақсатында бастапқы кезеңде дəлме-дəл егіншілік технологиясын енгізу үрдісіне қолдау көрсету қажет. Мəселен, сатып алынатын пилотсыз аппараттардың, техникаға орнатылатын қосымша жабдықтардың, сондай-ақ, агрохимиялық карталарды құру жұмыстарының құнына демеуқаржы беру керек.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында “бизнестi өркендетудiң тұрақты көздерiн қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру жəне нарық еркiндiгiн қолдау керек” деп атап көрсеттi. Бұл өте дұрыс əрi маңызды бастама. Себебi, кең байтақ жерiмiздiң кез келген бөлігінде кəсiптiң тұрақты көзiн ашып, оны табысқа айналдыруға болады. Егер тереңiрек үңiлсек, мұның артында үлкен əлеуметтiк, экономикалық, тiптi, саяси салмақ жатыр. Себебi, тұрақты бизнес – тұрақты жұмыс орындары, тұрақты еңбекақы, тұрақты салық базасы, тұрақты қоғам. Тұрақтылық – ел болашағының кепiлi. Сондықтан бұл жұмысқа жергiлiктi əкiмдiктер белсене араласып, көп жағдайларда бастамашыл болулары қажет деп ойлаймын.

Жер – біздің басты байлығымыз. Сондықтан да оның іскер диқандардың қолында болып, тиімді пайдалануын қамтамасыз ету ең маңызды міндеттеріміздің бірі болуы тиіс. Елбасымыздың Жолдауындағы осындай негізгі талаптар кезек күттірмей жүзеге асырылуы керек деп ойлаймын.

Сағындық АҚЖІГІТОВ,

еңбек ардагері, Қызылжар ауданының құрметті азаматы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика