СОЛТҮСТІК — СЫРЛЫ ӨҢІР

Үстіміздегі жылдың қараша айында Петропавл қаласы Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумының қатысушыларын қабылдайды. Бұл алқалы жиын “Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен тенденциялары” тақырыбында өтеді. Форумды өткізу орны кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы туризм саласының әлеуеті зор. Қазақстанға, әсіресе, солтүстік өңірлерге меймандар негізінен Ресейден келетіні белгілі. Алдағы форумның отандық туризмнің дамуына қалай ықпал ететіні туралы Тұңғыш Президент кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдар докторы Әмірхан Рақымжанов айтып берді. “Казахстанская правда” газетінде жарияланған сұхбатты қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Әмірхан Мұратбекұлы, өткен жылы әлемдегі туристер саны 1,3 миллиард адамнан асты, ал саланың табысы 5 триллион долларға жетті. Бұл мұнай өндіру мен автомобиль жасау салаларындағы қаржымен шамалас. Туризм барынша экологиялық қауіпсіз және басқа да артықшылықтары бар сала. Алдағы форумнан қазақстандық туризм саласы не күтеді?

– Туризм – Қазақстанда серпінді дамып келе жатқан саланың бірі. Ол еліміздің көрікті және тарихи жерлеріне сапар жасаумен шектелмейді, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін өнеркәсіптік пен көліктік инфрақұрылым деуге болады.

Біздің елімізде ішкі жалпы өнімге туризмнің қосып отырған үлесі қомақты емес, алайда, соңғы жылдары оның өсу үрдісі байқалады. Мәселен, былтыр Қазақстанға 6,5 миллион турист ат басын тіреген. Олардың 90 пайызы ТМД елдерінің, соның ішінде Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінің тұрғындары.

2025 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің құрылымында туризмнің үлесін екі есе ұлғайту міндеті тұр. Петропавл қаласында өтетін форумға қатысушылар бұл мәселені жан-жақты талдары сөзсіз. Мұндай кездесулер екі елдің шекаралас қалаларында кезекпен өтіп тұрады. Он бес жыл бойы саясаттағы, сондай-ақ, экономикадағы дамудың өзара тиімді жолдары талқыланып келеді. Бұл жолы да Қазақстан мен Ресейдің мүдделі тұлғалары үшін жаңа идеялар, ұсыныстар болатыны сөзсіз.

Екі ел басшыларының қатысуы форумның маңызын арттыра түседі. Алқалы жиында қабылданатын шешімдер сөзсіз орындалатын болады. Форумда ынтымақтастықты одан әрі дамытудың стратегиясы мен тактикасына тікелей ықпал ететін үкіметаралық құжаттар қабылданбақ. Тың жобалардың тұсаукесерлері өтеді, екі елдің өңірлері, сондай-ақ, кәсіпорындары арасында келісімдер жасалады. Бұл форум Қазақстан мен Ресейдің туризм нарығында одан әрі тығыз байланыс жасауға мүмкіндік бермек. Еліміздің шуақты оңтүстігі, ерекше көрікті шығысы, қайталанбас табиғаты бар батысымен бірге Солтүстік Қазақстан облысының да туристік әлеуеті зор. Қызылжар – шалқар көлдері көп өңір. Мұнда тарихи-танымдық, экологиялық, дәстүрлі жағажайлық және экзотикалық – аңшылық пен балық аулау сияқты әртүрлі демалыс түрлерін ұйымдастыруға болады.

– Ішкі туризмді дамыту маңызды бағыт болып саналады. Дегенмен, кейде жергілікті тұрғындар өздері тұратын өңірдің көркем жерлері хақында көп біле бермейді. Осы форум сияқты жоғары деңгейде өтетін алқалы жиындарда Қазақстанның мүмкіндігіне ерекше назар аударылуы тиіс сияқты. Біз меймандарға қандай тарихи-мәдени мұра ұсына аламыз?

– Шын мәнінде біздің ұсынатындарымыз аз емес. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай археологиялық ескерткішіне туристер аз келмейді. Бұл көне қоныстың аумағы – 15 гектар. Археологтар адамзат осы жерде жылқыны қолға үйреткенін қазба жұмыстары кезінде дәлелдеді. Көне тұрғындар 6 мың жыл бұрын қымыз ішкен, оны құмырада сақтаған. Бұрындары адамдар осыдан 3 мың жыл бұрын қымыз піскен деген ұғым қалыптасқан болатын. Археологтардың есептеуінше, ботайлықтар жылқының 10 пайызын қолға үйреткен, ал қалған табын да адамдардың бақылауында болған. Осылай жылқы шаруашылығы бүгінгі күнге дейін жеткен.

Қола дәуіріне дейін Солтүстік Қазақстан үндіарийліктер, түріктер және басқа халықтар ұзақ уақыт қоныстанбастан көшіп жүрген көлік дәлізі болған деген жаңсақ пікір қалыптасқан болатын. Ботай қонысын ашу бұл теорияны жоққа шығарды. Солтүстік Қазақстанда Ұлы даланың тарихы басталған, адамдар ұжымдасып қоршаған ортаға бейімделген.

Осы өңірдің Сырымбет ауылында қазақтың этнограф ғалымы Шоқан Уәлихановтың әжесі, Орта жүздің ханы Уәли ханның жесірі, данышпан елші және дала әміршісі Айғанымның қонысы орналасқан. Бұл кешеннің құрамына шаруашылық қонысжайлары бар тұрғын үй, қызметшілер үйі кіреді, олардың қасына мешіт пен медресе салынған. Қоныс өзінің безендірілуімен ерекшеленеді, Айғанымның үйінде парсы кілемі, жібек перде, қытайлық ваза болған. Петропавл қаласындағы Абылай хан резиденциясының да Айғаным қонысы іспетті орналасуы туристер үшін танымдық тұрғыдан қызық. Бұл қоныстың қасында Шоқан Уәлихановтың тарихи-этнографиялық мұражайы орналасқан, онда ғалымның өмірі мен саяхаттары, қазақ халқының материалдық, рухани мәдениеті, салт-дәстүрі туралы жәдігерлер жинақталған. Меніңше, сол сияқты Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне саяхат есте қаларлықтай болары сөзсіз. Қазақ жері саяхатшыларды өзіне тартатын құпияларға толы деуімізге толық негіз бар.

– Сіздің ойыңызша, қазақстандық туризмді дамытудың қандай тың жолдары бар?

– Әрине, бұл форум Қазақстан үшін ең алдымен ішкі туризмді қалыптастыру мен одан әрі дамыту мәселесіне арналмақ. Қазақстанда қазіргі кезде стратегиялық инвесторлардың қатысуымен үш жоба жүзеге асырылуда. Тағы үшеуі зәкірлік инвесторларды тарту арқылы жасалып жатыр. Алакөл мен Балқаш көлдерінде, Баянауылда және Щучье-Бурабай курортты аймағында жағажайлық және сауықтыру туризмі іспетті төрт кластерді дамытуға ерекше назар аударылмақ.

Туризмнің жұмыс істеп тұрған нысандарын заман талабына бейімдеу және дамытудың жаңа әдістерін жасау, оның ішінде еліміздің өңірлерінде таратумен айналысатын Ұлттық туристік офис құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның туристік брендін басқару үшін “Kazakh Tourism” ұлттық компаниясы құрылды, ол туристік әлеуетті дамытумен, туристік индустрияға ішкі және сыртқы инвестицияны тартумен айналысады.

Қазақстанның көрікті жерлеріне, табиғи, сондай-ақ, тарихи-мәдени орындарына жыл сайын саяхатшылар ағыны толастамауы үшін жағдай жасау қажет. Бұл – географиялық орналасуы, ланшафтының әр алуандығы, бай тарихи мұрасы, салт-дәстүрлері, қонақжайлығы, тамаша ұлттық тағамдары, оған қоса демалыс бағасының тиімділігі.

Петропавлдағы форум барлық қажетті инфрақұрылымдары бар жаңа өңірлік мәдени-туристік кластерлердің кең тарауы үшін тамаша алаң болады деуге толық негіз бар. Алқалы жиында көптен күткен жаңа жобалар қолдау табатынына сенімдімін.

– Қазақстан мен Ресейдің өз ерекшеліктері бар. Олардың көптеген туристік брендін біз осы мемлекеттердің визиттік карточкасы деп атаймыз. Оның бірі – таңғажайып табиғаты болса, келесісі ғасырлар сынынан өтіп бүгінгі күнге дейін жеткен сәулет нысандары. Сіздің ойыңызша, туристер үшін Қазақстанның басты ерекшелігі неде, адамдар неге біздің елге саяхатты таңдап алады?

– Ұлы дала елі болып табылатын Қазақстан ата-бабаларынан көшпенділердің бай мұрасын алған және жылдар өткен сайын әлем үшін тартымды бола түсуде. Оны Тұңғыш Президент кітапханасына келушілер қатарының қалыңдауынан айқын көруге болады.

Мен біздің тартымдылығымыз Қазақстанның ерекше даму жолында, оның рухани байлығында, көпұлттығында және қонақжайлығында дер едім. Еліміздің кез келген өңірінде болған шетелдік мейман қазақтардың, орыстардың, шешендердің, поляктардың, украиндардың, корейлердің және басқа да этностардың бір үйде, бір көшеде бейбіт және ынтымақта өмір сүріп жатқанын көреді. Мұндай жағдайды қазір әлемде сирек кездестіресіз.

Ядролық қаруымыздың қуаты әлемде төртінші бола тұра біз одан ерікті түрде бас тарттық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл теңдесі жоқ шешім болды.

Біздің кітапханаға келген адамдар көрмелердегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары мен қолжазбаларын оқиды, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Елбасының басқа мемлекет басшыларымен түскен 200-ден астам фотосуретін тамашалайды. Осы маңызды жәдігерлерде, материалдарда үлкен істер, жетістіктер, тарих жатқанын түсінген келушілер өз таңданыстарын жасыра алмайды.

Елбасының сындарлы саясатының арқасында біздің еліміз бүгіндері әлемде үлкен беделге ие болып отыр, яғни оған ерекше назар аударылады. Басқа халықтың мәдениетін шын мәнінде бағалайтын және өзі үшін жаңалық ашуға құштар талғампаз саяхатшылардың үміті ақталатынына сенімдімін.

Әңгімелескен Игорь ПРОХОРОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика