КЕПІЛДІГІҢ ЖЕТПЕСЕ, КӨМЕКТЕСУГЕ ӘЗІР

Өз ісін ашуды немесе оны кеңейтуді көздеген кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктен несие алу үшін кепілзат қажет. Алайда, ол жеткіліксіз болған жағдайда “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегіне жүгінуге болады.

Банктерде несие өтініштерін қараудың бірыңғай стандарттарының енгізіліп, оларды қарау уақыты “www.egov.kz” порталы арқылы автоматтандырылуы қор бағдарламаларына қатысушы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатарын қалыңдатты. Сондай-ақ, кепілдікті алу үдерісінің ашықтығы да қор көмегіне жүгінуші кәсіпкерлердің көңілінен шығуда.

Қордың кепілдігі “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы”, “Бизнестің жол картасы – 2020” және “Даму-Оптима” кепілдендіру бағдарламаларының шарттары бойынша беріледі. Үстіміздегі жылдың 10 айында өңірде аталмыш бағдарламалар аясында қор кепілдігін ұсыну бойынша 74 келісімшартқа қол қойылды. Нәтижесінде 1,5 млрд. теңгенің кепілдігі берілді. Биыл кепілдік беру өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда – 10 пайызға, ал 2016 жылғы көрсеткіштен 60 пайызға көп.

Есепті кезеңде кепілдендіру бойынша мақұлданған жобалардың 40 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ал 18 пайызы – сауда-саттық, 16 пайызы – көлік және қоймалау салаларына, 7 пайызы агроөнеркәсіп кешеніне берілген. Қордың кепілдік беру жұмысына “БанкЦентрКредит”, “Сбербанк России”, “Нұрбанк”, “АТФ банк” акционерлік қоғамдарының облыстық филиалдары белсенді атсалысуда.

Жыл басынан бері өңір кәсіпкерлері “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының аясында 1,1 млрд. теңгенің 52 кепілдігіне қол жеткізсе, “Даму-Оптима” бағдарламасы шеңберінде 338,8 млн. теңгенің 10 кепілдігін алды. Ал “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында 46,3 млн. теңгенің 12 кепілдігі берілді. Кәсіпкерлер бұл қаражатқа кәсібін кеңейтіп, айналым қаражатын толтырды.

Биыл қор кепілдігін алған кәсіпорындардың бірі – Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында орналасқан “Гранит-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания айналым қаражатын толтыру үшін “AsiaCredit Bank” акционерлік қоғамынан қордың 50 пайыздық кепілдігімен 100 млн. теңге несие алды. Бұл қаражат жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында Ұлттық қордан берілді. 2006 жылы іргесі қаланған серіктестік бастапқыда ғимараттар құрылысымен айналысса, кейін жол салуды қолға алған. Ал өткен жылдан бастап асфальт-бетон өндірісіне кірісті. Бұл бизнес маусымдық болғандықтан, өнім мамыр-қараша айлары аралығында шығарылады. Кәсіпорын мемлекеттік қолдаудың арқасында несие қаражатына жол құрылысы маусымы басталмай тұрып төмендетілген көтерме сауда бағамен шикізат сатып алады. Жұмыстар басталғанға дейін битум меншікті қоймаларда сақталады.

Жыл басынан бері еліміз бойынша екінші деңгейлі банктер өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасының шарттарына сәйкес Ұлттық қордан бөлінген 471,6 млрд. теңгеге 2184 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 16,5 млрд. теңгенің 139 жобасы біздің өңірге тиесілі.

Гүлмира ЖАҚЫПОВА,

“Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ облыстық филиалының бас менеджері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика