КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙГЕН ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІП

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында “...Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс”, – деген болатын. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде біздің қоғамда кәсіп ашуға ниет білдірген азаматтардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Есіл ауданындағы Николаевка ауылында отбасылық кәсіпті табыс көзіне айналдыра білген Халықовтар әулеті.

Тәуелсіздік жылдарындағы еңбек ету, табыс табу еркіндігі талай отбасын берекеге кенелткені белгілі. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары да бизнес ашуға бел буған отбасылар санын арттырды. Ауылды көркейтуге өзіндік үлесін қосып жүрген жеке кәсіпкер Сандуғаш Халықова солардың қатарынан табылып отыр. Асыл жар, кішіпейіл келін – үй тірлігімен қатар өз кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып жүрген еңбекқор жан.

Заман талабына сәйкес өз қатарының алды бола білген Сандуғаш Халықова осы аудандағы Петровка ауылының тумасы. Қуаныш есімді азаматпен көңіл жарастырған ол нарық заманында көш соңында қалмай, жұмыла жұмыс істеу қажеттігін түсінді. Осылайша, кәсіпкерлікке бет бұрып, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы 3 миллион теңгенің несиесін ресімдейді. Бұл қаражатқа көп жылдан бері иесіз тұрған диірменнің ескі ғимаратын сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Міне, осылайша, ауылдың іргесінде, тасжолдың бойында “Құрмет” ойын-сауық кешені ашылады.

– Бүгінгі таңда бұл қадамға барғанымызға өкінбейміз. Себебі, айымыз оңынан туып, бастаған ісіміз бір әулеттің табысын молайтып отыр. Бұл жерде көлік көп жүретіндіктен, жұмысымызды жолаушыларға қызмет көрсету бағытына бұруды ұйғардық. Құдайға шүкір, ісіміз алға басып келеді. Төккен тердің нәтижесінде бой көтерген алпыс адамға шақталған кешеннің іші жарық әрі кең. Заманауи үлгіде салынған дәмхана келген-кеткен қонақтардың көңілінен шығуда, – дейді Сандуғаш Тайқызы.

Нәзік жан қарамағындағы қызметкерлерге білгенін үйретіп, өздеріне жүктелген жұмысты абыроймен атқаруына бас-көз болады. Әсем безендіріліп, сыртқы келбетімен көздің жауын алатын қоғамдық тамақтандыру орнының аспаздары – Аня Гурьянова мен Әсем Домбровскаяның қолынан шыққан тағамдардың дәмі тіл үйіреді.

– Күн сайын бізге кем дегенде 15-20 адам аялдайды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде де тоқтап, ауқаттанатын жолаушылардың сенімінен шығып, сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Әрбір тапсырыс берушінің көңілін табу оңай емес қой. Дегенмен, тұтынушылар мен ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүрміз, – дейді кәсіпкер.

Отағасы Қуаныш Халықовтың дәмхана жанынан шағын жиһаз цехын ашқанын, үйге қажетті тұрмыстық бұйымдардың барлығына тапсырыс қабылдайтынын да айтып өткен жөн. Цех шебері Андрей Гусев жасаған үй жиһаздарына тапсырыс берушілер аз емес.

– Жұмысымызға қажетті материалдар Петропавл қаласынан жеткізіледі. Бүгінгі күні ауылдықтардың да талабы жоғары. Заманауи станоктармен жабдықталған цехта тұрғындардың көңілінен шығатын жиһаздар жасауға тырысудамыз. Бүгіндері еуропалық, шығыс стилі, ұлттық бағыттың барлығын қамтуға мүмкіндігіміз бар. Тауарлардың бағасы да қолжетімді. Өз жұмысымызда бірінші кезекте өнімнің сапасына көңіл бөлеміз. Себебі, сапалы жасалған жиһаз қашан да сұранысқа ие, – дейді Андрей Гусев.

Дәмхана мен шағын цех орналасқан ғимараттың бір бүйіріндегі төрт жөндеу боксынан тұратын техникалық қызмет көрсету станциясы да отбасылық кірісті арттыруда. Бұл да алдын ала жоспарланып, қаржылық жағдай мүмкіндік берген кезде жүзеге асырылған үлкен жұмыстың нәтижесі.

Азамат Асқаров бұл жерде ашылған күннен бастап еңбек етіп келе жатқан қызметкердің бірі. “Бүгінгі таңда әрбір отбасында бір-бір автокөліктен бар. “Темір тұлпар” сынбай тұрмайды. Ауыл тұрғындарының жөні бір бөлек, ал жолда келе жатқан жолаушының көлігі үшін техникалық көмек қажет болса, әрдайым қол ұшын беруге дайынбыз. Көліктері жөндеуден өткенше, дәмханада ауқаттанып, біраз демалады,” – деген ол тұтынушылардың алғысына бөленіп жүргенін айтады.

Кәсібін ұршықша үйірген ерлі-зайыптылардың алға қойған жоспарлары ауқымды. Олар үстіміздегі жылдың желтоқсан айында өз қаражатына авто жуу, қоғамдық монша және төрт адамға шақталған екі қонақ бөлмесі бар жаңа кешенді іске қоспақшы.

Иә, әрбір ауыл азаматының қолынан келе бермейтін істі дөңгелетіп, еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп отырған оларға біз де сүйсініп қайттық.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Шинажинақтаушы А.Асқаров жұмыс үстінде.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика