ӨНІМДЕРІМІЗГЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде екі ел кәсіпкерлерінің арасындағы әріптестік нығайып келеді. Көрші Омбы қаласында “ҚазМаркет” дүкендер желісінің ашылуы – соның бір айғағы.

Көрші елде Қазақстанның зиянды қоспасыз, экологиялық таза өнімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан шекаралас облыста қызылжарлық тауар өндірушілердің өнімдерін сатуды қолға алдық. Жаңа нарықта сауда жасауға жүрексінген жергілікті шағын және орта бизнес өкілдеріне тығырықтан шығудың бір жолы – өз тауарларын “ҚазМаркет” сауда белгісімен саудалауды ұсындық. Бұл идеямыз қолдау тапты.

Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы ежелден қалыптасқан іскерлік байланыс нәтижесінде ісіміз алға басты. Барлық құжаттарымызды жинағаннан кейін былтырғы жылдың қазан айында Омбы қаласында Солтүстік Қазақстан облысында шығарылған өнімдерді сататын “ҚазМаркет” сауда желісінің алғашқы дүкенін аштық. Шаһар тұрғындары бұл сауда орнынан ет, сүт және кондитерлік өнімдерді сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Арада бір ай өткеннен кейін “Орталық” павильоны ашылды. Бұл жерде шұжық, ет, сүт, сұйық май, кондитерлік және мұздатылған жартылай фабрикат өнімдері, шай, макарон, конфеттер, ауызсу мен шырын сияқты қазақстандық тауарлар сатылады. Бүгінгі таңда Омбы қаласында төрт дүкеніміз бар. Жақын күндері олардың қатары бесінші дүкенмен толығады.

Осы жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше жерлес кәсіпкермен келісімшартқа отырдық. Әрқайсысының ауданы 100 шаршы метрді құрайтын сауда орындарында “Молочный союз”, “КазМясоПродукт”, “Vizavi”, “Радуга”, “Сладкая королева”, “Максимальный размах”, “Ростан” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен жеткізілетін тауардың 1100 түрі саудаланады. Сондай-ақ, көкшетаулық “Гормолзавод” серіктестігінің тәтті балмұздақтары да көрші елге біздің желі арқылы жеткізіледі. Жергілікті тұрғындардың экологиялық таза сүт өнімдеріне, етіне, шұжық және кондитерлік тағамдарға сұранысы жоғары. Сондықтан тұрақты тұтынушыларымыз көбеюде. Ең бастысы, Қазақстанда жасалған өнім лайықты бағасын алды. Тұтынушылар тарапынан “ҚазМаркет” туралы көптеген жақсы пікірлер мен жылы лебіздерді естиміз. Бұл – екі ел арасында орнаған ынтымақтастықтың жемісі деп білемін.

Кәсіпкерлікте алға қойған мақсатыңды жүзеге асыру үшін әр уақытта ізденуің керек. Жаңа нарықты зерттеп, бәсекелестік жолында көш соңында қалып қоймау маңызды. Мәселен, елімізде табиғатына көз тоймайтын, суы мөлдір, ауасы дертке ем болатын демалыс аймақтары бар. Солардың арасында Ақмола облысындағы Бурабай курорттық аймағын ерекше атап өтуге болады. Бұл жердегі демалыс базаларында қазақстандықтармен қатар ресейлік туристер де демалады. Әсіресе, Омбыдан келетіндердің үлесі басым. Осыған орай біз Ақмола облысының басшыларына демалыс аймағында “ҚазМаркет” дүкенін ашу бойынша ұсыныс жасадық. Бұдан бөлек көршілес Түмен мен Қорған қалаларында да қазақстандық өнімдерді ғана сататын дүкен ашу ойымызда бар.

Петропавл қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы екі ел арасындағы қарым-қатынасты, соның ішінде кәсіпкерлердің іскерлік байланысын нығайта түседі деп ойлаймын. Форумда қос тарап ішкі туризмді дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық меморандумдарына қол қояды деп күтілуде. Маңызды шара барысында еліміздің ішкі туризм саласын дамыту арқылы екі ел арасындағы келісім аясы кеңейе түспек. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге тың идеяларын, жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Руслан ШӘРІПОВ,

“ҚазМаркет” ЖШҚ-ның құрылтайшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика