Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT “ҚУЫРШАҚТЫҢ” ҚУАНЫШЫ

“ҚУЫРШАҚТЫҢ” ҚУАНЫШЫ

Облыстық қуыршақ театры Ресей Федерациясының Воронеж қаласында өткен “Маршак” балалар театр фестиваліне қатысып, елге қуанышпен оралды.

Фестивальда қуыршақ театрының ұжымы белгілі режиссер Евгений Ибрагимовтің “Степной ноктюрн или между закатом и рассветом” спектаклін ресейлік көрермендердің назарына ұсынған болатын. Қойылым қазақ халқының тарихынан сыр шертетін оқиғаларға негізделген. Жоңғар шапқыншылығы, репрессия, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы сияқты елдің басынан өткен қасіретті жылдар шежіресін, небір қиын-қыстау кезеңдерді шығармаға арқау еткен режиссердің еңбегі, актерлердің шеберлігі ресейлік көрермендерді тәнті етті. Түпсіз терең қараңғылықта, тек қана жарық сәулесімен ғана қойылымды бір деммен тамашалаған көрермен рухани азық болар үлкен олжаға кенелді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы “Мәдениет саласының үздігі”, облыстық қуыршақ театрының актері Сапар Мәпенов айтты.

– “Алтын бетперде” сыйлығының бірнеше мәрте лауреаты, белгілі режиссер Евгений Ибрагимовтің қойылымы көрермендердің көңілінен шықты. Аталмыш спектакльге дайындалуға көп уақыт жұмсалған жоқ. Алайда, қойылым жоғары деңгейде сахналанды. Қазақ халқының өткен тарихынан сыр шертіп, мәдениетін, дәстүрін көрсеттік. Тіпті, спектакльді қою барысында қазақтың халық әндері де орындалды. Көздеріне жас алған көрермен қойылымның жалғасын сұрады, – дей келе Сапар Мәпенов аталмыш театр ұжымы ресейлік өнерпаздардың да қойылымдарын тамашалап, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алғанын жеткізді. Айта кеткен жөн, қойылым декорациясын әртістердің өздері жасаған.

Санкт-Петербург, Воронеж қалаларының театр ұжымдары да өнер көрсеткен. Тәжірибе алаңына айналған фестивальдан рухани серпіліспен оралған өнерпаздар бұл қойылымның премьерасын желтоқсан айының басында жергілікті көрермен назарына ұсынбақ. Өнер ұжымының осынау айтулы жетістігі білікті мамандардың еңбегінің жемісі деп білген жөн. Ресейліктерді тәнті еткен өнерпаздардың ішінде Қазақстан Республикасы “Мәдениет саласының үздіктері” Сапар Мәпенов, Айгүл Хасенова мен белгілі актерлер Елена Мишаченко, Нұрсұлтан Қалқабек, Александр Пархоменко сияқты да майталмандар бар.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.