Сіз мындасыз: Home RY'HANI'I'aT ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ҚАСИЕТТІ МЕКЕН

ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ҚАСИЕТТІ МЕКЕН

Петропавлда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру және “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында “Туған өлкем Тимирязев – көңілімнің тұнығы” атауымен Тимирязев ауданының мәдениет күндері өтті.

Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туған жері – атақты Дос көлі мен Жаманшұбар осы ауданның Докучаево ауылдық округі маңында орналасқан. Жаманшұбар қыстауында Сәбеңнің әкешешесі жерленген. “Өмір мектебі” романында ақын өзінің отбасы, туған жері туралы былайша баяндайды: “Шіркін, Дос, балалардың шын досы едің-ау сен!.. Балалық шақта сенің жағаңда өткізген сол бір қызық күндер күні бүгінге дейін көз алдымда нақ сол бейнелерімен жарқырайды да тұрады!.. Сол бір күндер есіме түскенде, мен сені аса аңсап сағынам, Досым!..”.

Ақжан ауылының маңайында Меңдеке батырдың, Дос көлінің жағасында Сегіз Серінің зираты бар. 2009 жылы ержүрек Сары мен Сүйір батырлар жерленген обаға кесене тұрғызылды. Аудан жаугершілік заманда ерліктерімен көзге түскен ержүрек батырлармен ғана емес, от ауызды, орақ тілді шешендерімен де танымал. Құртай би – солардың бірегейі, көзі тірісінде әділ би атанған. Біраз уақыт бұрын Степное ауылдық округіне кемеңгер тұлғаның есімі берілуі осында тұрып жатқан сан алуан этнос өкілдері тарапынан қолдау тауыпты.

1954 жылы елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру басталып, бұл жағдай бірнеше қаланың, аудан мен ауылдың құрылуына негіз болған. Әлпаш көлінің маңын қоныстанғандар “Тимирязево” кеңшарының бой көтеруіне себепші болып, екі жылда бұл елді мекен түтінінің саны 150-ге жетіпті. Осылайша, төңіректе басқа да кеңшарлар пайда болып, 1963 жылы олар Тимирязев ауданына біріккен. Облыстық мұрағатта ұйымдастырылған көрме барысында аудандық мұрағаттың директоры Бақытжан Мұсаева жергілікті жердің тарихынан сыр шертті.

– Ауданымыздың өркендеуі үшін талай азамат тер төккен. Солардың бірі Петр Фомичев жас ауданды басқарып, жарты жылда қой басын үш есеге көбейтті. 1964 жылы 4 мектеп салдыртып, 90 орындық балабақшаның ғимаратын пайдалануға берген, – деген Бақытжан Мұсаева келер жылы аудан 55 жылдық мерейтойын атап өтетінін айтты.

Облыстық мұрағатқа келген зейнеткер Құрманғали Мұсаевтың айтуынша, ол ауданға 1964 жылы Омбы қаласынан қоныс аударыпты. Ауыл шаруашылығы саласына 30 жылдан астам ғұмырын арнаған қария аудандағы бұрынғы “Интернационал” кеңшарында механизатор болып жұмыс істепті. Ал бір кездері Целинный кеңшарының директоры болып, кейін Тимирязев аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Құдайберген Қалиев елді мекендерді дамыту үшін жыл сайын әрбір кеңшарда 15-20 үйден тұрғызылғанын айтып, естеліктерімен бөлісті. Көрмеге келгендердің назарынан латын қарпімен жазылған 1935 жылғы құжат та тыс қалмады.

Кешке таман жұртшылық аудан өнерпаздарының өнерін тамашалау үшін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына ағылды. Өнерсүйер қауым тағатсыздана күткен галаконцерттің шымылдығы түрілмей тұрып, жиналғандарға шеберлердің қолөнер туындылары мен аудандық кітапхана мен мұражайдың кітаптары, жәдігерлері, түрлі этностың ұлттық тағамдары қойылған көрме ұсынылды.

Бүгінгі таңда Тимирязев ауданында тұрғындарға тарихты ұмытпауға, рухани азық алуға септесетін 33 мәдени нысан жұмыс iстейдi. Оның 13-і – клубтық мекеме, 20-сы – кiтапхана. Ауданның өмірінен сыр шертетін түрлі фотоальбомдар мен қылқалам шеберлерінің туындылары көрмеге келгендердің көңілін марқайтып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырғаны анық байқалды. Әсіресе, олар түрлі тәттілер қойылған дастарқан қасында ұзақ аялдап, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Театрға жиналған жұрт ауданның орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлерінің жұмысымен де танысты. Бүгіндері аудандағы 20 мемлекеттік кітапхананың кітап қоры 133 мыңға жуықтаса, оның 35 пайызы қазақ тілінде екен.

Ал концерттің шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылды. Сахнада өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы аштықтан қырылып қалған бір топ бала, зар илеген қыз... Бір уақытта оның қасына қолына сәбиін ұстаған қазақ әйелі келіп: “...Бір үзім нанға мұқтажбын. Сәбидің жылағанын емес, күлкісін еститін күн қашан туады?! – деп, ағыл-тегіл жылап, әлгі баланы бауырына басып, жетектеп алып кетті. Аянышты жағдай. Арттағы үлкен экрандағы бейне мен күңіренген музыка бұл көріністі, тіпті, әсерлі ете түскендей болды. Бұдан соң көрермендер назары соғыстан күйеуін сарғая күткен келіншекке, тың игерушілерді қамқорлыққа алған қазақ отбасыларының тыныс-тіршілігіне ойысты. Иә, біздің халықтың басынан не қилы заман өтпеді. Зар жылап, запыран жұтса да, адам төзгісіз азаптарға шыдады. Сонда да жақсылықтан үміт үзбеген халықтың бүгіні көңілге сенім ұялатады.

Сәлден кейін сахнаға Дельфий ойындарының күміс жүлдегері Әмина Абгаева шығып, терме айтып, тыңдарманның ерекше ықыласына бөленді. Бұдан соң “Халықтық” атағы бар “Леденцы” би ансамблі Украина, Молдавия және Египет елдерінің ұлттық билерін биледі. “Әжелер”, “Еркем-ай” вокалдық топтары “Армандастар”, “Туған өлке” әндерімен залда отырғандардың құлақ құрышын қандырса, ауданның мемлекеттік қызметшілерінен құралған трио “Ауылым” әніне салды. Концертте аудан әкімі Ербол Сағдиев те өнерден құралақан емес екенін көрсетіп, сахнаға шығып, ән шырқады. Ал сахна шымылдығы Ольга Клементьева дирижерлік еткен аудандық хордың орындауындағы “Жаса, Қазақстан!” әнімен жабылды.

Концерт соңында облысымыздың құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов құттықтау сөз сөйлеп, кештің нүктесін қойды.

– Бүгінгі концерт жоғары деңгейде өтті. Мәдениет күндерінің мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, ауданның мәдениет саласындағы жетістіктерін көрсету. Мен аудандық атқару комитетінің төрағасы болып жүргенде, тек бір-ақ адам домбыра шертуші еді. Бүгін сіздер мәдениетіміздің қаншалықты өскенін көрсеттіңіздер, – деді ол.

Концерт соңында өнер ұжымына ықылас гүлі табысталды. Осылайша, аудан өнерпаздарының әнін естіп, биін тамашалаған қызылжарлықтар үйлеріне риза көңілмен тарқасты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.