Сіз мындасыз: Home RY'HANI'I'aT ҚОЙЫЛЫМ ЖЕЛІСІ — ҚОҒАМ ДЕРТІ

ҚОЙЫЛЫМ ЖЕЛІСІ — ҚОҒАМ ДЕРТІ

Облыстық Н.Погодин атындағы орыс драма театрының әртістері италиялық драматург Алессандро Казоланың “Взятка понеаполитански” қойылымын көрермен назарына ұсынды.

Киелі сахна қызыл түске боялған. Екі адамның диалогымен басталған қойылымның алғашқы көрінісі қалың көрерменді өзіне бірден баурап алғаны анық. Екі адамның арасындағы әңгіме ауызбастырыққа негізделген. Иә, бұл – қазіргі қоғамды жайлаған жемқорлықтың айқын көрінісі. Бұл қойылымның мақсаты да бүгінгі қоғамда белең алған жемқорлық мәселесін көрермен талқысына салу. Өкінішке қарай, біздің ортамызда да осындай жағдайлар азаймай отыр. Өзекті өртейтіні де осы.

Италияда бір кездері жемқорлық оқиғасы көбейіп, басшылардан қарапайым күтушіге дейін пара алып, пара беретіні кеңінен көрініс тапты. Қаланы басқарып отырған шенеуніктер, олардың әйелдері, тіпті, үйдегі қызметшіге дейін айналасындағылардан алым алады. Оннан астам кейіпкер сомдалған спектакльде тақырып кең ашылды. Театр әртістерінің образға кіріп, кейіпкерлерінің шынайы бейнесін көрсетуі – нағыз шеберлік. Екіжүзділік, көзбояушылық сияқты адам бойындағы жаман қасиеттерді ашу арқылы әртістер көрермендерге ой салды. Жоғарыда айтып өткен театр декорациясының қызыл түске боялуы да тегін емес. Қызыл түс былыққа белшесінен батқан басшылардың, олардың қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлердің қылмысын әшкерелеп тұрғандай.

Пара алу үйреншікті әдетке айналған қала тұрғындары қалталарын қампайту үшін неден болса да тайынбайды, тіпті, қылмысқа баруға дайын. Ал қылмыстың жолын кесумен айналысатын жауапты тұлғалардың жемқорлыққа көз жұма қарауы – олардың ең үлкен қателігі. Ақша үшін сатқындық, опасыздық жасалды.

Қылмысты жасыруға бір себеп – туыстық қарым-қатынас. Департамент басшысы мен қаржы полициясы ревизорының ағайындылар екенін ескерсек, бір-бірінің қылмысын әшкере етпеу үшін олар, әрине, жұмған ауыздарын ашпайды. Спектакль барысында үй күтушісі Розаның бейнесін сомдаған театр әртісі Оксана Дергачеваның шеберлігі көрермендерді тәнті етті. Сахнада өзін ұстауы, еркін қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы кейіпкерінің шынайы бейнесін ашты. Қала басшысы Эудженио, департамент жетекшісі Клементе, қаржы полициясының ревизоры Иларио, зергер Стефано, полиция комиссары мен өкілі Альберто және Винченцо, Клементенің әйелі Патриция сияқты кейіпкерлердің образдарын Юрий Долгий, Виталий Алфимов, Ярослав Чумак, Евгений Патешкин, Алексей Никулин, Анатолий Кириллов, Татьяна Фомиченко, тағы басқа майталман әртістер аша білді.

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Халықты алдап, сыбайлас жемқорлықпен күнелткендер жазасыз қалмайтыны анық. Әйтеуір күндердің бір күнінде былықтың беті ашылып, қылмысы әшкере болары анық. Қойылым барысында оған өзіміз де көз жеткіздік. Жемқорлық жайлаған ортадағы адамдардың сыбайластық әрекеті әшкере болды. Жазаға тартылғандар да бар. Сондықтан пьесаның айтар ойы салмақты. Көтерген мәселесі орынды. Осындай сахналық қойылымнан көрермен сабақ алса игі.

– Заманауи италиялық драматургтің пьесасын эксперимент ретінде таңдап алдық. Бұл қойылым өзгеше. Сахнаның декорациясы, безендірілуі, шығарманың көрерменге ұсынылуы да ерекше. Бүгінгі қоғамдағы өткір мәселені көрсету арқылы көпшілік қауымға ой салуды мақсат тұттық. Өзге елдердің тәжірибесін негізге ала отырып, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек, – деді қойылымның режиссері Елена Покрас.

Қанша адам болса, сонша пікір бар. Бірі даттаса, енді бірі пьесаның жоғары деңгейде өткенін айтып, әртістерді мақтады. Ал өнердің ұлы көші болып саналатын театрдың ішкі тәртібін кей көрерменннің біле бермейтіні өкінішті. Өнердің қарашаңырағында актерлердің еңбегін зая етпей, тәртіп сақтау көрерменнің міндеті емес пе? Бірақ мәдениеттен бейхабар кейбіреулер спектакль жүріп жатқан уақытта орындарынан тұрып, тысқа шықты. Көрерменнің көңілін табу үшін жан-тәнімен өз образдарын сомдап, тер төккен әртістерге осылай “құрмет” көрсетуіміз дұрыс па? Керісінше, оларды қолдап, гүл шоқтарын сыйлап ықылас білдіргеніміз жөн емес пе?!

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.