Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT ТӘУЕЛСІЗДІК — АЛАШ МҰРАСЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК — АЛАШ МҰРАСЫ

Биыл қазақ зиялыларының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған азаттық күресін басқарып, саяси-әлеуметтік ұйымдық құрылымға айналған Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына – 100 жыл толып отыр.

Уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ең өзекті мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархияға, зорлық пен зомбылыққа ұласуы – Алаш Орда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай. Қазақстанда жер мәселесінің шешілмеуі, казак-орыс атты әскерінің, қарулы солдаттардың және біздің жерімізге қоныстанушылардың панасыз жергілікті халық үстінен жүргізген озбырлығының өрши түсуі соның айқын айғағы болатын.

Осындай жағдайда ел қамын ойлаған саясаткерлер ұлттық мемлекет құру мәселесін алдарына мақсат етіп қойды. Бүкіл империя аумағын қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында сол кездегі Орынборда шоғырланған қазақ зиялылары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. “Қазақ” газетінің 1917 жылғы 26 қараша күнгі санында шыққан мақалада съезде Ұлт Кеңесін құру туралы мәселені қарау ұсынылды. Онда: “Россия іріп-шіріп жатыр, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде, не болары белгісіз, ортасына ойран түсіп, түп қазығы суырылып, әркім бетімен кетіп, білгенін істеп жатыр. Әркім өзін-өзі қорғайды. Әуелі өлмеске, екінші мал-мүлкімізді талауға бермеске, үшінші осы лаңның ішіне кірмеске қолдан келген күшімізді, ісімізді сарп етерге керек”, – деп жазылды. Бұл іс жүзінде Қазақстанда саяси билікті қолына ала алатын мемлекеттік құрылым мәселесін ашық күн тәртібіне қою еді. Газет ұлттық әскер мен үкімет құрудың қажеттігін жан-жақты дәлелдеумен қатар, оларды ұйымдастырудың нақты жолдарын да белгілеп, оны съезде талқылауға шақырды.

Жаңадан құрылмақ үкіметтің атқаратын міндеті анықталды: “5 миллион халықпыз, өзімізді қорғарлық күш өзімізден табылады. Сол күшті реттеп жұмсайтын кеңес орындар керек. Барша қазақ бірігіп, әуелі “Ұлт Кеңесі” деген орын жасау керек. Ол ұлт кеңесінің әр облыста бөлімі боларға керек. Ұлт Кеңесіне халық сенімді адамдарын сайлап, іс жүргізбек”, – делінген мақалада. Сонымен 1917 жылдың қарашасында Алаш басшыларының ұлттық мемлекет құру ісіне біржола бет бұрғанын, оны алдымен Ұлттық Кеңес аталатын үкімет пен ұлттық әскер құрудан бастауға тоқтағанын байқаймыз.

Жалпықазақтық II съезд 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Октябрь революциясы жер-жерге қанат жайып жатқан кезде Орынбор қаласында өтті. Оған Қазақстанның әр аймағынан делегаттар қатысты. Съезде он мәселе қаралды. Соның ең негізгісі “Алаш” автономиясын және Бүкілқазақстандық халық кеңесі – “Алаш Орда” үкіметін құру болды. Алғашқы баяндаманы Әлихан Бөкейханов жасады. Қазақ автономиясы, милиция және Ұлт Кеңесі (үкімет) мәселелерін қарауға 7 кісілік комиссия құрылды. Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов 3 мәселе бойынша баяндама жасады. Баяндама бойынша съезд: “Қазақ елі өз алдына ұлттық жерлі автономия болсын, бұл автономия “Алаш” деп аталсын”. Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт Кеңесі құрылып, оның аты “Алаш Орда” болсын. Алаш Орда үкіметі бүгіннен бастап қазақ халқының билігін өз қолына алсын”, – деген қаулы қабылданды.

“Алаш Ордаға” 25 мүше сайланып, оның он орны қазақ арасындағы орыс және басқа халықтарға қалдырылды. Бұдан соң Алаш Орда үкіметінің басшысы сайланды. Оған Әлихан Бөкейханов, Бақыткерей Құлманов, Айдархан Тұрлыбаев ұсынылды. Нәтижесінде басым дауыспен Әлихан Бөкейханов жаңа құрылған Алаш Орда үкіметінің басшысы болып сайланды. Алаш Орданың уақытша орны болып, Семей қаласы белгіленді.

Сонымен съезд “Алаш” атты қазақ автономиясын құру қажеттігін бірауыздан қолдады. Алаш автономиясының бастау кездерінде тұрған екінші Жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан Ермеков 1918 жылғы 22 қаңтарда “Сарыарқа” газетінде шыққан “Жасасын, Алаш, жасасын!” атты мақаласында: “Желтоқсанның 12-сі күні, түс ауа, сағат үште дүниеге “Алаш” автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты Алаштың басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды болды”, – деп өзінің қуанышын білдірген.

Шындығында, бұл қозғалыстың Әлихан Бөкейханов төңірегінде топтасқан жетекшілері “Алаш” партиясын құрып, “Алаш Орда” үкіметін сайлағанда өздері саяси күрес сахнасына шыққаннан бастап, аса маңызды үш ұлттық мақсатты, атап айтқанда, отаршылық кезінде жойылып кеткен ұлттық мемлекетті ХХ ғасыр басындағы геосаяси жағдайды қалпына келтірді, оның шаңырағының астына халқымызды біріктіріп, отаршылдықтан құтқаруды және реформа жолымен қазақ қауымын өркениетті елдер қатарына жеткізуді басты міндет деп белгіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабының “Алаш мұрасы және осы заман” атты тарауында алаштықтардың ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту міндетін өз мойнына алғандығын, осы кезеңдегі қазақ қоғамының зиялы қауымы қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап көрсетті.

Ежелден еркіндікті аңсаған қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған азаматтары басын тіккен биік арманы – ұлттық мемлекеттікті қалпына келтіру ісі Алаш қозғалысы, Алаш Орда үкіметімен бірге тарих қойнауында, тоталитарлық өктемдік пен империялық зомбылықтың шаңына көміліп қала берді. Тек 70 жылдан астам уақыттан соң Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі жарияланып, Қазақ елі ұлы арман жолына қайта түсті. Қазақ халқының өз алдына дербес мемлекет болсақ деген ғасырлар бойғы арманы орындалды. Құдайға шүкір, өз билігіміз өз қолымызға тиді. Қазақстан Республикасы бұдан былай тәуелсіз, демократиялық мемлекеттердің қатарынан орын алды.

Қазіргі егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің тарихында Алаш атын аспандатқан арыстарымыздың үлесі орасан. Отанына адал қызмет еткісі келетін, жүрегі қазақ деп соққан әрбір азамат Алаш тарихын, соның ішінде Алаш азаматтарының атқарған қызметін жете білуі тиіс. Олар кейінгі ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей етіп тұтатып кетті. Сондықтан осыдан 100 жыл бұрын еліміздің тәуелсіздігі үшін жанқиярлықпен еңбек еткен Алаш зиялыларын ұмытпау, оларды әрдайым еске алып отыру біздің ұрпаққа үлкен парыз әрі зор міндет.

Қайролла МҰҚАНОВ,

 

білім саласының ардагері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.