Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT ОРТАҚКӨЛ – АЛТЫН БЕСІГІМ

ОРТАҚКӨЛ – АЛТЫН БЕСІГІМ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар – ұлттық жаңғыру” атты мақаласында “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды ұсынды ғой. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бағдарламаның неге “Туған жер” деп аталатынына тоқталды.

“Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл – кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті”, – деп жазды Елбасы өзінің мақаласында. Көреген басшымыздың бұл сөзі әрбір қазақты, соның ішінде туған жерлерінен жырақта, елге, жерге деген махабаттың сағыныш сезімін суытпай, сақтап жүрген біз сияқты адамдардың көңіліне шуақ құйды.

Мал және егін шаруашылықтарын қатар өркендеткен астықты өлке – Қызылжар өңірі байлыққа толы қасиетті мекен. Әрине, туған жердің төрт мезгілі де жанымызға жайлы. Қақаған боранды қысы, жадыраған жазы, ырыс-дәулетті еселеген жомарт күзі бізге ерекше. Солардың ішінде менің әкем Зейнел-Ғаби Иманбаевқа да, маған да көктемнің әсері бөлек еді. Дүниенің түрленіп, жап-жасыл түске енуі – бір ғажап көрініс. Сол кезден есіме түсіп отырған көріністі айта отырайын.

Көктемде қараторғайлар сымға тізіліп отырып, ән салатын кездері менің көңілімде жатталып қалыпты. Анам Кәмеш те Ақан серінің “Қараторғай” әнін керемет шырқайтын еді. Сол себептен бе, маған осы құс ерекше көрінетін. Алты ай қыстан қысылып шыққан жерлестеріме көктемнің әсері де соншалықты ерекше болушы еді. Қардың көбесі сөгіліп жатқанда көктемнің жаршысы қараторғайлар қаптап келіп сымға қонып, сан алуан әуенге салатын. Сағынысып қалған құстардың үнін естуге үлкен-кіші далаға шығып, таң-тамаша болатынбыз. Олар туған мекенге адаспай оралатын. Бәрінің үнінен шаттықтың белгісін байқайтын едік, әсіресе, бұл құстар әтештің шақырғанын, иттің үргенін, сауысқанның шықылықтағанын, қарғаның қарқылдағанын айнытпай салатын.

Біз де қараторғайдың үніне қосылып еркін ән салуды армандайтынбыз. Көктемнің кереметі – тау боп үйілген қар еріп, мал көкке шығып, ерке Есіл арнасынан асып-тасып жататын. Күннің шуағы ерекше төгіліп, айналаны нұрландырып жіберетін. Ақша бұлттар қалықтап, солтүстіктен ескен қоңыр жел жан сарайыңды, көкірек көзіңді ашатын.

Шал ақын ауданындағы Ортақкөл сұлу табиғат аясындағы шағын ауыл еді. Ауылдың бір жағында – Ортақкөл, екінші жағында Жалтырша атты екі көл бар. Осы бір ауыл толықтай жан-жағынан аққайың орманмен көмкерілгенді. Ортақкөлдің балығы көп еді. Әкем жаз болса балық аулайтын. Ал Жалтырша көлінің суы тайыздау болғандықтан, балық аулауға ыңғайсыз болатын. Ол көлдің жағасына әкем күзде көбірек баратын. Бұл көлде үйрек, жабайы қаз сияқты түрлі құстар ұя салып, оңтүстікке қайтуға дайындалатын. Аңшылар қоғамынан рұқсат алған әкем бір кеште үш-төрт үйректі атып әкелетін. Үпір-шүпір ұсақ балалар да қуанып қалатынбыз. Анамыз өте пысық кісі еді. Құстардың жүнін тазартып, әп-сәтте қуырдақ жасай қоятын. Сол қуырдақтың дәмі әлі күнге таңдайымнан кеткен емес.

Әкем қыс болса аңға шығып, мергендігінің арқасында қоян, түлкі, қасқыр сияқты бұйырған аңды үйге алып келетін. Аңшылығында мін жоқ еді, жарықтықтың...

Ес білгелі көктемгі егістік, күзгі орақ науқандары көз алдымда өтті. Таңертең өріске шыққан, кешке өрістен қайтқан малдың шуылының өзі бір симфония тәрізді еді. Қидың иісін біліп өскен ауыл баласына бәрі қызық, бәрі әсерлі.

Біздің Қызылжар өңірі аққу ұшып, қаз қонған керемет өлке ғой. Ес білгелі көрген шоқ-шоқ қайың, қамысты айдын көлдер, жап-жасыл дала – осының бәрі бізге кереметтей әсер беретін.

Біздің өңірді аққайыңдар мекені деп ақындарымыз жырға қосып жатады. Қызылжар өңірінің табиғаты сондай көркем, адамдары жомарт, сауыққой, ажарлы, ән-жырға әуес болып келеді. Оның басты себебі де туған табиғаттың тамашалығына, сұлулығына да байланысты болса керек.

Маған туған жердің топырағы да мамықтай, самал желі де жанға шипа, ормандары да бір сыңсып ән салып тұрғандай әсер беретін. Орман іші небір әуенге салған құс базары десе де болады. Көкек, тоқылдақ, бұлбұл, қараторғай секілді толып жатқан құстар әз әуенге салып, сан түрлі сиқырлы үндерімен еріксіз көңіл бұратын. Әсіресе, бала кезімізде орман жаңғырығын ұнататынбыз. “Әу” десең, дауысыңды қайталайтын. Осындай жұмаққа бергісіз мекеннің тумасы болғанымды мен әр кез мақтан етемін. Мен осындай сұлу табиғат аясында тумасам, мүмкін, әнге, жырға құмар да болмас едім. Орманды жерде өскен әрбір адам алыста жүрсе де, сол табиғатты аңсап, сағынып тұрады екен. Мен ауылға келгенде орманды аралап кетемін. Жаным жай тауып, қала шуынан бір сәт демалып, орман сырын ұғуға тырысамын.

Туған жердің тағы бір ерекшелігі – түнгі аспандағы жұлдыздар да жерге тым жақын көрінетін. Тіпті, қол созсақ, теріп алатындай әсерде болушы едік. Түнгі аспанда жарқыраған сансыз жұлдыздарға қарап “жұлдызым жоғары” дейтінбіз. Өйткені, біздің әжелеріміз осыны үйретіп қоятын. Жаңа туған айды көрсек “ай көрдім, аман көрдім, шариғаттан иман көрдім” деп апаларымыздың үйреткен тілегін айтып жататынбыз.

Туған жердің бұлттары да жерге тым жақын болатын. Мүмкін бұл жердің белдеуінің ерекшелігіне де байланысты шығар. Аспанда көшіп бара жатқан ақ бұлттардың көлеңкесі жерге түсіп тұратын. Бұлттың көлеңкесінің жерге түскенін оңтүстікте ешқашан байқамаппын. Күн де тас төбеңде емес, жиектеп жылжитын.

Мал төлдеп, оңтүстіктен құстар легі толассыз айдын көлге келіп қонып, базарлы шақ қыза түсетін кез біздің жүрегімізді қуанышқа бөлейтін. Табиғатпен адамзат та түлеп, көңіл-күйлері көтеріліп сала беретін.

Менің бала кезімде бірде біздің бақшадағы ағаштың басына бұл-бұл ұя салып, жаз бойы оның үнін естіп үй іші қарқ болған екен. Сонда “бұл киелі құс бекер ұя салған жоқ, балалардың арасынан әнші шығып қалар” деп әкем ырымдаған екен.

Әлі есімде, әкем бізді табиғаттың ерекшелігін көрсетіп, өзі қоршаған ортамен аса ыждаһаттылықпен таныстыратын. Көктем келгенде Жалтырша көлінің батыс жағындағы өсіп тұрған жалғыз ағаштың маңына ертіп апарып, дала жуасын тергізетін. Ол да бір дәурен екен-ау!

Маған шілде айында орман кезіп, бүлдірген-жидек терген кездерім ұнайтын. Үйдегі үлкен апаларыммен бірге Ортаағаш, Қой-қамалған, Шадыра, Ақшалғын, Айту, Амандық қыстауы деген шоқ қайыңдардың қойнауынан ақ гүлдердің арасынан хош иісті, тәтті қойбүлдіргенді терсек, тамыз айы басталғанда шие, жидек сияқты табиғаттың өзі тарту еткен жеміс-жидегін жинайтынбыз. Таңертеңнен кеш батқанға дейін орман кезіп, табиғатпен сырласатынбыз. Кейде күн күркіреп, найзағай ойнағанда, қатты нөсерлі жаңбыр жауғанда орманның ортасына қарай барып паналайтынбыз. Үлкендер орманның жиегінде жүрсек күн түсуі мүмкін екенін қатты ескертетін. Кешкісін шелегіміз толып, ауылға әндетіп қайтушы едік. Кейде бүлдіргеннің көп жеріне кезіксек, бір-бірімізді сыбырласып шақырып, тезірек теріп алуға тырысатынбыз. Үйде күтіп отырған кішкентай іні-сіңлілеріміз бүлдіргеннің хош иісін сезгенде сондай қуанысып қалушы еді. Ол кезде тосап қайнату жоқ. Бүлдіргенді қаймаққа араластырып бәріміз жеп аламыз.

Әке-шешемізбен бірге орманға барғанымыз есімде. Әкем, үлкен апаларым шөп шауып, жинасып жүрсе, кішкентай балалар бүлдірген теруге кірісетінбіз. Апам самауырынын да алып шығатын, сол арада шай ішкен кезім де есімде. Табиғат аясындағы түскі астың дәмі ерекше болатын.

Жаз болса, бала біткен Ортақкөлдің суында жүзіп, жағасында доп ойнап қызыққа бататын. Біз сияқты қыздар жағада балшықтан үй, қора-қопсы жасап, сәулетшілікпен айналысатынбыз.

Ауыл қыздары көлдің жағасына кір-қоңын жуатын. Тіпті, шөптің үстіне жайып қойып кептіріп те алатын. Көктемгі қар суы ормандағы томарлы жерде жиналып қалса, сол жерге барып, менен үлкен апаларым легендерін апарып кір жуатын. Сол жерде шөптесін жерге жайып, кептіріп жинап әкелетін. Ауыл маңының шөбі керемет шүйгін еді, белуардан өскен шөп қыста малға мол азық болатын.

Осының бәрі көз алдыңа келгенде: “Ауылдың өз кереметі бар еді-ау!” – деп күрсініп қоясың, сағынышпен еске аласың. Өткен қайта оралмайды, әрине. Бүгінде Алатаудың етегіндегі ару Алматыда қырық жылға жуық өмір сүріп жатсақ та, сол бір алаңсыз кез ұйықтасақ түсімізге кіреді, аңсатады, балалық шақты еске түсіреді.

Мен ес білгелі әкем, жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жазу үстелінің басында қалың дәптерге қара сиямен жазу жазып отыратынын көретінмін. Ондайда анам Кәмеш біздің шуламауымызды, бөгет болмауымызды өтінетін. Содан ба, біз артық шуламайтын тәртіпті бала болып өстік. Осы шаңырақтан тараған он бала он мамандықтың иесі болып, халқымызға адал қызмет еттік.

Адамда арман да, мақсат та бар. Түрлі тілек, аңсар-армандардың ішінде ең құдіреттісі Отан, туған жер, оның табиғи негізі екендігі сөзсіз. Бәрі уақыт өткен сайын бәсеңдейді, ұмытылады, ал туған жер, өскен орта, аунаған топырағын аңсау еш уақыт­та өшпейді, қайта күшейе береді екен. Ол – отан­дық сезім, туған жер кереметі.

Алтын ИМАНБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.