Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT ТІЛ — БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

ТІЛ — БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек”, – дей келіп, тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың бір­неше бағы­тын атап өтті.

Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастырып қана қоймай, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Тіл негізгі фактор ретінде мемлекеттің дамуы үшін маңызды рөл атқарады. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі ғана емес, сонымен қатар ол – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Қазіргі таңда біз мәртебелі тілден халықаралық дәрежедегі тілдер қатарына ену мақсатын көздеп отырмыз. Сол себепті, бүгінгі таңда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Қазақстан Республикасының әлемдік кеңістікте өзіндік орнын алуы үшін өз қызметін қарқынды түрде жүзеге асыруы қажет. Бұл экономика, саясат, мәдениет секілді ауқымды салалармен қатар, қазақ тілінің де дүниежүзілік деңгейде қолданылу аясын қолға алу керектігін алға тартады.

Осыған орай, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесін мықтап қолға алу көзделген. Бұл тұрғыда латын әліпбиіне көшудің мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығын негізге алған жөн деп ойлаймын. Біріншіден, кез келген тілдің бірінші қызметі – қарым-қатынас құралы екендігінде, латын әліпбиіне көшу болашақта қазақ тілінде сөйлеушілердің қатарын күрт арттыратын бірден-бір көрсеткіш болуы тиіс.

Екіншіден, жазу барлық халыққа ортақ мәдениеттерді жалғастырушы, байланыстырушы құндылық болып табылады. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылатынын ескерсек, латын әріптері жазуға жеңіл, оқуға қолайлы. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан жүз отыздан астам этнос өкілдері мен шетелдердегі қандастарымыздың төл әдебиетіміз бен мәдениетіміз, тарихымыз жайлы молынан хабардар болып, оны өз ортасында дәріптеуіне жол ашады.

Үшіншіден, әлемдік деңгейде біздің төл шығармаларымызды оқитын оқырмандар ортасын қалыптастырады. Тағы бір ескеретін жайт, латын әліпбиін бүгінгі күні түбі бір түркі халықтарының дені қолданады. Ол әлемдік деңгейде нәтижелілігін дәлелдеп жүрген тегеуріні мықты әліпби болғандықтан, Елбасының бұл бастамасы тарих қойнауындағы ерекшеліктерді ескеріп, екшеп, әбден саралап барып қолға алынып отыр. Біздің 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолданғанымыз тарихтан белгілі. Демек, бұл бастама сол кезде латынша жазылған кейбір құнды шығармалардың төлнұсқасында өз оқырмандарын табуына жол ашады.

Ең бастысы, қазір отандық ғалымдар белгілі бір әліпби жүйесін қалыптастырды. Жан-жақты талқыланды.

Ұрпақ білімі мен тәрбиесіне бірден-бір тікелей жауапты тұлға ұстаздар қауымы болғандықтан, бұл қоғамдық маңызы бар бастаманың жүзеге асуы бізге мол жауапкершілік жүктейді. Қазіргі кезде өзге тілден енген сөздердің көптігі сонша, бабаларымыздың табиғи дыбыстау әуенінен айырылып қалуға шақ қалдық. Бүгінгі ұрпақ сөздің айтылым заңдылығын ұмытып, айту мен жазуды орфографиялық заңдылықтар аясына сыйғызып отыр. Яғни, жазу айтылымға әсер етуде. Шын мәнінде, жазылым айтылым заңдылығына бағынып, соған қызмет етуі керек еді. Бұл кемшілікті түзетудің кезеңі енді туды деп айтуға толық негіз бар.

Қазірдің өзінде қала мектептерінде болашақта қолданысқа енетін латын әліпбиі бойынша қабырға материалдары жасалды. Оқушылар бұл жерден болашақ әліпби нұсқасы мен қажетті қосымша ақпарат көздерін ала алады. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Дайана Қапашева таяуда өткен оқушылардың ғылыми жобалар байқауына қатысып, ел арасынан жинаған табу сөздерден қалыптасқан сөздікті латын әліпбиі негізінде еш қиналмастан жазып шықты.

Оқушылардың латын қарпіне қызығушылығы жоғары. Сабақ барысындағы кейбір қосымша мәліметтерді өздері латын қарпімен жазып, оқи алады. Бұл оқушылардың жаңа әліпбиге жылдам үйреніп кетуіне мүмкіндік береді деген ойдамын.

Қазіргі таңда біз жылдам өзгеретін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Заман бір орында тұрмайды. Арнайы оқулықтар, әдістемелік құралдар жарық көрген жағдайда, қазақ алфавитін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі бастамалар өз мақсатына жетеді. Сол кезде ел болып латын әліпбиінде еркін жаза және оқи білуге әбден машықтанып, қазақтың ата-бабамыздан құлағымызға сіңген “ән салып тұрғандай табиғи дыбыстау әуені” де қайта жаңғырып, өзімізге қайтып оралары сөзсіз.

Зухра АУҒАНБАЕВА,

М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің мұғалімі.    

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.