Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕ

АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕ

Астананың 20 жылдығына арналған шараларды жуырда Мәдениет және спорт министрлігі бекітті. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерейтойдың құрметіне республикалық және халықаралық деңгейде 80-ге жуық шара өткізу жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, “Астаналар шеруі: Астананың 20 жылдығы – әлемнің 20 астанасы” атты Халықаралық мәдени имидждік жоба мерекелер шеруіне ерекше сән бермек. Жоба бойынша әлемнің атақты 20 астанасының (Париж, Берлин, Лондон, Токио, Сингапур, Бейжің және т.б.) құттықтауы таныстырылады.

Мерейтой аясында “Астана Опера” театры Бейжің ұлттық опера театрымен бірге Джакомо Пуччинидің “Турандот” атты операсын дүйім жұртқа ұсынады.

“Астана Опера” театры мен бірге “Астана Мюзикл” театрының әлемге танымал “Notre Dame de Paris” мюзиклі (Р.Коччанте, Л.Пламондон секілді авторларымен бірге) бірлескен қойылымы Астана халқы мен шаһар қонақтары үшін керемет сый болары сөзсіз.

Мерейтой барысында “Астана – менің бақытым” атты телевизиялық фильмнің таныстырылымы өтеді. Одан бөлек, отандық өнерпаздардың Вена опералық театры мен Маринин театры, “Нью-Йорк Сити Балет”, “Ұлы Жібек жолының” Халықаралық симфониялық оркестрімен бірлескен концерттері өткізіледі.

Мерейтойға жасалған айтулы сыйлықтардың бірі – бірегей халықаралық төрт көрме болмақ. Атап айтқанда, Третьяков галереясының коллекциясы (Мәскеу қаласы), “Ұлы Моғолдар. Тарих артефакттары” (Дели қаласы), Францияның Ұлттық музейлерінің бірлескен жиыны – Гранд-Пале (Париж қаласы), “100 оқулықтағы әлем тарихы” көрмелері (Лондон қаласы) қала жұртшылығының назарына ұсынылады. Осы арқылы қазақстандықтар шетелге шықпай-ақ әлем тарихының ең бай жауһарларын тамашалай алады.

Сонымен бірге, Азия жұлдыздарының қатысуымен “Voice of Astana” халықаралық фестивалін, АҚШ, Польша, Нидерланды және Қытай елінің ең үздік балеттік труппаларының қатысуымен ұйымдастырылатын “Eurasian Dance Festival” балет өнерінің ІІ Халықаралық фестивалін, әлемдік дәрежедегі киножұлыздардың және Испания, Ресей, Франция, Италия елдерінің театрларының қатысуымен ІІ Бүкіләлемдік “Астана” театр фестивалін, заманауи этникалық музыка мен биді паш ететін “The Spirit of the Dance” фестивалін өткізу жоспарланған.

Елорданың мерейтойы аясында Астанада ойын-сауық фестивалі басталады. Қала тұрғындары мен меймандарына бірегей жоба – “Astana Azil Stars Fest” халықаралық фестивалі мен ІІ Халықаралық “Бауыржан Fest” ойын-сауық шарасы ұсынылады. Оған ТМД елдерінің ең танымал өнерпаздары қатыспақ.

Астананың 20 жылдығы ұранымен Қазақстанда әлемдік дәрежедегі шара – Халықаралық сәулетшілер конгресі өтеді. Абыройы аса жоғары диалогтық алаң әлемдік сарапшылардың басын қоспақ. Ұйымға қазіргі уақытта әлемнің 120 елінің сәулетшілері мүше екенін атап өту керек. Осынау шараның біздің елімізде өтуін Астананың әлемдік мегаполис екенін мойындауы деп тануға болады.

Спорттық бағытта мерейтой құрметі үшін халықаралық және республикалық айтулы шараларды өткізу көзделуде. Нақтырақ айтқанда, ұлттық спорт түрлері бойынша – “Ұлы дала рухы” атты фестиваль, Қазақ күресінен “Қазақстан барысы” мен “Әлем барысы” өтеді. Сондай-ақ, “Астана” спорттық марафоны ұйымдастырылып, “Бозоқ қазынасы” атты театрлық-спорттық бақ ашылады. “Денис және оның достары” атты мұздағы шоу да биыл жоғары дәрежеде ұйымдастырылмақ.

Аян БЕКЕНҰЛЫ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.