Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚОЖАМБЕТ АҚЫН

ҚОЖАМБЕТ АҚЫН

Әнші, сазгер, кәсіпкер Дәстен Баймұқановтың есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Облыстың мәдени өміріне белсене араласып жүрген ол – қазақ өнерінің, оның ішінде айтыстың өрістеуіне жанашырлық танытып келе жатқан азаматтардың бірі. Жыл сайын Тәуелсіздік күні, Наурыз мерекелері қарсаңында облыстық, республикалық деңгейде жыр сайыстарының өтуіне сіңірген еңбегі орасан. Ол соңғы кездері мәдени шараларға қаржылай қолдау көрсетіп, меценаттық қырынан да танылуда. Жуырда алпыс жастың биігіне көтерілетін Дәстен Абылайұлының зерттеушілік қабілеті де көпке аян. Бүгін оқырмандар назарына мерейтой иесінің “Қожамбет ақын” атты мақаласын ұсынып отырмыз.

Қожамбет Ордабайұлы – (1858-1932 жж.) XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген ақын, жерлесіміз. Қожамбеттің туған жері – Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылы. Әкесі Ордабай ауқатты, шаруасына мығым болыпты, ал шешесі Ұлытау өңірінің қызы Сұлуман әрі ақылды, әрі өжет адам ретінде елге танылыпты. Ордабай болса, баласының болашағын алыстан бағдарлап, арабша үйреніп, білім алсын деп молдадан сауатын аштырған. Қадімше жазып, оқи алатын Қожамбет есейе келе сауда-саттыққа, ел билеу істеріне араласа жүріп, орыс тілін үйренеді. Ол жасынан алғыр, өткір, пысық болып өседі.

Қожамбеттің бала кезінде Есіл бойында қатты жұт болып, көп мал қырылып қалады. Ордабай Ұлытау жағында тұратын қайын атасының: “Қысқа қарай малыңды бізге айдап әкеліп қыстатқайсың”, – деген сөзіне құлақ аспай: “Мал басы кемімесін”, – деп жағдайлары төмен, әрі жалшылықта жүрген жарлы-жақыбайларға қар аршытып, жұмысын істеткізеді. Әкесімен бірге жүрген Қожамбет отыра қалып, қарды шимайлай бастайды. Баласының бұл қимылын байқап қалған әкесі жақынырақ келіп: “Әй, не істеп жатырсың?” – десе, оған баласы Қожамбет:

Ел қинап, күш көрсетпе Алланың аязына,

Сақтасаң айда малды Ұлытау саясына.

Істі боп кетер едің, жетсе егер,

Бұл хатым жазған орыс оязына, – депті. Ұлының осы сөздерінен кейін Ордабай райынан қайтып, жұмсарған деседі.

Қожамбет өлеңді жазып та, ауызша да шығара берген. Ол сол төңіректегі Байеке Бабасұлы (1834-1917 жж.), Нұркей Өгізбайұлы (1841-1916 жж.), Мұқан Құлыкешұлы (1841-1916 жж.), Шағырай Төбетұлы (1836-1923 жж.), Мұстафа, Мұсайын Сегіз сері ұлдары, Байеке Айдаболұлы, Өске, Көрпе, Балта атты ақындармен бірге жүріп, олардан үлгі-өнеге алады. Сондай ерекше қабілетімен Қожамбетке әсерін тигізген ақындардың бірі – Тоғжан Ендібайұлы (1808-1884 жж.). Ол жасынан зағип болса да, көкірегі ашық, Құранды жақсы білген. Сол сияқты, Қожамбет ел басқару ісінде өзінен жиырма бір жас үлкен аталас ағайыны Жаулыбай шешеннен де көп тәлім-тәрбие алыпты.

Орыс тілін жетік білген Қожамбет едәуір уақыт ауылнай болған. Әлихан Бөкейхановтың Омбы губерниясының әкімшілігіне берген мәлімдемесінде: “...список корреспондентов на 15 января 1902 г. Акмолинская область, Кокчетауский уезд ... 25. Кожамбет Ордабай Айыртауская волость”, – деп жазылған.

Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің “Халық мұрасы” атты еңбегінде (23 бет) Қожамбеттің жарияланбаған қолжазба шежіресінен үзінді келтіреді:

Адамға бірнеше ұл беріпті.

Хауаға бірнеше қыз беріпті.

Тұқымы сол Адамның сегіз мың боп,

Бірнеше шаһар бол, ел болыпты.

Сол кезде халықтың бәрі батыл бопты.

Жер жүзі көде шықпай тақыр бопты.

Тіл алмаған халқына дұға қылып,

Топан қаптап дүние ақыр бопты.

Қожамбеттің ауылнай болып тұрған кезінде Ақан сері, Қылыш, Үкілі Ыбырай, Мұстафа (Сегіз серінің Мұстафасынан кейінгі Мұстафа), Балуан Шолақ, Шыныбай сынды әнші-ақындармен көңілі бір, дәмі ортақ болады. Қожамбет пен Ақан серінің арасындағы қарым-қатынас, сыйластығы ерекше болса керек. Ақан Қорамсаұлы Омбы, Қорған, Қызылжарға өтіп бара жатып, жол-жөнекей Қожамбеттің үйіне соғып, онымен сұхбаттасып кетеді екен. Ақан сері Қожамбетті жасы кіші болса да, сырласындай көрген. Сондай бір күні жолаушылап шығып, жолда Қожамбеттің үйіне ат басын тіреп, шай ішіп отырғанда, Қожамбет Ақанның аяғында мәсі жоғын байқап, былай деген екен:

Ақан-ау, біз бір қайық болғанда, сіз бір кеме,

Жауапты жөні келген айтты деме.

Бір өзіңде бар дейді 500 жылқы,

Аяққа киілмейді мәсі неге?

Сонда шай құйылып отырған шүмегі сынық шәйнекті (құманды) байқап қалған Ақан:

Әрине, сіз бір қайық болғанда, біз бір кеме,

Жауапты жөні келген айтты деме

Түшкеге үш жүз үйлі ауылнайсың,

Құманыңның шүмегі жоқ, пұшық неге? – деген екен.

Ел ішінде: “Ақан сері ойпаң жермен жүріп, перінің қызымен кездеседі екен”, – деген өсек тараған шақта Қожамбет Ақан серіге былай деп хат жазады:

Жаманнан кір кетпейді жусаңдағы,

Тұрмайды ақыл қапшық бусаңдағы.

Кетпейді бақ айналып талапты ерден,

Атадан жалғыз болып тусаңдағы.

Жамандар өнерліге жете алмайды,

Қос атпен тұлпар мініп қусаңдағы.

Бір күнде болып едің Ақан сері,

Бұл күнде жолдасыңыз дию – пері.

Алты ай жаз бір қорада жаттың жалғыз,

Болды ғой қисық ағаш қоныс жерің.

Не досың, не туысың, жақының жоқ,

Сыртыңнан лағынат айтар туған елің.

Бұл күнде сөйлемеймін сені мақтап,

Жүрген соң пері менен жынды жақтап,

Мен оны “Ғайнижамал” дей алмаймын,

Кетті ғой тал бойында битің қаптап.

Сыртынан әр жақсының өлең жазбай,

Сен өзің түзелсейші, бойыңды ақтап.

Жасымнан атқа міндім жақсыға еріп.

Талай ұлы кеңесте болып серік.

Бата беріп жіберді ақсақалдар,

Өзімнің өнерімді көзі көріп

Сан жүйрік,, шаршы жиын, түстім топқа

Алдымда тұра алмады бірі келіп

Атығай, Қарауылмен, Керей, Уақ

Талай саңлақ тұрды ғой тізе бүгіп.

Бұл күнде былайша деп бағалаймын

Кеткенің “тоқылдақ” боп, ағаш кезіп.

Өткен жұмыс бәрі де болар кешу

Қосылсаң ел жұртыңа қайта келіп.

Жасырын әйеліңнен бар ма бала?

Өзіңді қалай жұбатасың еміреніп

Тоқтарсыз үшбу айтқан сөзімізге

Өткен іс ойға келсе өзіңізге

Қырық пен дәл елудің арасында

Бір сұлу жолықты ғой кезіңізге.

Жасырын өзбектей боп, қорғалатпай

Жеңгейді бір көрсетші көзімізге.

Бұл сөзді Ақан аға етпе айып,

Пікірді сөз етеді көп халайық.

Әзілмен өкпемізді тұрмын жазып

Бәйімбеттен Қожамбет Ордабаев.

Әншейін достық кеңес біле білсең,

Жүре бер өз бойыңа болса ылайық.

Сырттан Ақан сөз қылып кеңесеміз,

Жолдан тайды қалайша бұл десеміз.

Бөз қалғанша артыңда “бір із” қалсын

Өзіңіз біл, болмасын демесеңіз.

Осы хатқа Ақан былай деп жауап берген екен:

Сері деп Орта жүзге атанғанмын,

Бұл күнде бұраң жолға маталғанмын.

Қайта жасап гүлденіп, “руһ” шашпай,

Бұрынғы атағымдай боп, қатардағың.

Қайтейін кемтар болды жалғыз ұлым,

Не болар артта қалса оның күнін

Артымда тұяқ болып, тірі қалса,

Дос, бауырлар, салыңыз көздің қырын.

Екеуінің арасыдағы тағы бір айтыс толық күйінде сақталмаған. Әйтсе де, содан ел есінде қалған шумақтары төмендегідей:

Қожамбет:

Әй, Ақан! Көп айтасың атаңызды,

Пері алып көрсетпедің қатыныңызды.

Сөзіңе дұрыс жауап қайтарайын

Бұл жазған Қожамбет деп атымызды.

Ақан:

Әй, Қожамбет, тигізбе сөздің қырын,

Халыққа мәлім болған менің сырым.

Бәйімбет, Құдайберді болса атаң

Дәл періден туған дейді бізден бұрын.

Сен неге өз еліңді менсінбейсің,

Олай болса Ордабайдан неге тудың?

Дүние бір қалыпта тұрған емес,

Жазуы бір Алланың келсе қырын.

Ах, дүния өткен күн деп қайғырарсың

Күн туар, өзгеріс боп осы порым

Өзіңді өз туысың кетер тастап

Мал бітіп, бақыт тайып, жырым-жырым.

Әй, Ақан сен солай деп айта алмассың

Көре алмай, өтемін ғой сенен бұрын!

Бірде Қожамбет ел аралап жүріп, Сибан еліне тоқтайды. Сый-сияпатын көріп, әңгіме-дүкен құрып, аттанайын деп жатқанда, бір бала келіп “мына қағазды сізге Сәбит (Мұқанов) берді дейді. Қағазды ашып оқығасын, екінші жақ бетіне бірнәрсені жазып, баланың қолына ұстатады да, өзі аттанып кетеді.

Қағазды Сәбит оқиды, сосын маңайындағылар жөн сұрайды. Сонда Сәбиттің балаң жігіт кезі екен. Қожамбетке сұрақ қойыпты.

Бұл сізді шежіре тарих қуған дейді,

Ата жолда белін бекем буған дейді.

Рас па осы ел ішінде буаз сөз бар

Атаңыз Құдайберлі періден туған дейді.

Сонда Қожамбеттің берген жауабы:

Құдайберлі Бәйімбет Қалқастың бел баласы

Сөзімнің бұл жерде жоқ еш қатесі

Керей атасын керіжорға ит дейді

Бұлдағы сол сияқты сөз жаласы.

Қожамбет жалғанның жалпағын басып, жарқырап жүрген күндеріне қуана білсе де, сол күндердің сүлдері суып, өңі кеткенде, өкінбей, күнделікті күйбеңнің қиындығына төзе білген адам.

Өлім деген не нәрсе?

Келер бір күн үндемей.

Келіп қалса егерде

Жетер күндіз түн демей.

Ұйықтап жатсаң оятпас,

Амандасып тұр демей.

Жастығыңа қаратпас

Қызық көріп жүр демей.

Қартайған шағында Қожамбет “Бұл қай кісі?” дегенде, айтқан екен:

Бір кезде алып қара құс едік,

Енді кәріп қара құс болдық

Қолдан дәулет, бастан бақ тайғаннан соң

Кісі танымас ныс болдық.

Қожамбет патша заманында көп жыл “ауылнай” болып, кеңес дәуірінде де осы қызметін атқара білген. Бірақ кәмпеске болады деп, Қорған облысының Частоозерье елді мекеніне көшеді. Сол жақта жүргенде көп қиыншылық көріп, жоқшылықтың да дәмін татады. 1932 жылы сол жерде дүниеден өтеді. Денесі сол елдің зиратында. 1996 жылы Бірлік ауылы жігіттерінің қолдауымен топырағы туған жеріне әкелініп, басы бекітіліп, белгі қойылды. Құлпытасына өзінің өлеңінен мынадай үзінді жазылды.

Басыңа келген кезде құба қайғы

Бұл кімдер қапаланып жыламайды.

Белден күш,бұттан тіреу кеткен кезде

Құлан да қалайша құламайды?

Көзден кетер көрінбей шырағың да.

Қазіргі заманның тұрғысынан қарасақ Қожамбет сияқты ақындардың, өнерпаз тұлғалардың халқымыздың тарихына, өнеріне сіңірген еңбегі ерекше.

Дәстен БАЙМҰҚАНОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика