Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT ЖАНАЗАНЫ БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛДЫРМАЙЫҚ

ЖАНАЗАНЫ БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛДЫРМАЙЫҚ

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде тек біздің өңірде ғана емес, бүкіл Қазақ елінде қайтыс болған адамды жерлеу, тойдағыдай дастарқан жайып ас беріп, марқұмға дұға оқыту, қабір басына зәулім там немесе күмбездеп кесене салу, жыртыс тарату, тағы басқа рәсімдер жасау бәсекеге айналып бара жатқан сияқты. Мұсылмандардың осындай әрекеттері ислам дінінің шариғаттарына қайшы емес пе, осынша ысырапшылдыққа, бекерге мал шашпаққа тосқауыл қою мүмкін бе? Осы мәселелер жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбаймен әңгімелескен едік.

– Кенжетай Байкемелұлы, 2017 жыл тарихқа енді. Егемен елімізде былтыр қаншама елеулі оқиғалар болды. Басқасын айтпағанда, “ЭКСПО – 2017” көрмесінің өзі-ақ еліміздің даңқын тағы бір асқақтатты емес пе?! Егін де жақсы шықты. Осыларға қоса сіздің өміріңізде де тарихи оқиға болды деуге әбден болатын шығар. Өйткені, еліміздің дінбасыларымен бірге Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, сөз сөйледіңіз. Алған әсеріңіз қандай?

– Елбасы Бас мүфтиден кейін маған сөз береді деп ойлаған жоқ едім. “Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Қызылжарға сол төңіректегі облыстардан бұрын өзіңіз қаққан қазықша салғызып берген мешіт жамағаттары, бүкіл солтүстікқазақстандықтар әрқашан Сізге рахмет айтып, Алладан Сіздің амандығыңызды тілеп отырады”, – дедім. Содан кейін өңірдегі діни ахуал жөнінде айттым.

– Өткен жылы сәуір айында Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” деп аталатын мақаласында: “... қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен тап-тауырын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес”, – деген еді. Орынды айтылған сөз.

Қайтыс болған адамды жерлеу және азалы ас беру соңғы кезде той жасау сияқты бәсекеге айналып бара жатқандай. Елбасымыздың мақаласында айтылғандай, халыққа, әсіресе, мұсылман қауымына бір жаңғыру қажет сияқты.

– Расында да, бұл қазіргі таңда баршаны ойландырып-толғандырар мәселеге айналып отыр. Алла тағала Құранда былай дейді: “Әрбір жан өлімнің дәмін татады”. Бұл не деген сөз? Бұл арада біртуар ақынымыз Абайдың “өлу үшін туғансың ойла, шырақ” деген сөзін айтсақ та жеткілікті. Қандай әулет болмасын, ол хан ба, қара ма, кәрі ме, жас па ертелі-кеш қаралы жайтты басынан кешірері хақ. Мәселе, марқұм болған адамды ысырапшылдық жасамай жерлеп, шариғат үкімдеріне орай діни рәсімдер жасауда болып отыр.

Шынында да, соңғы кезде қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салуда, азалы ас беруде, қабір басына қоршау орнатуда аста-төктік, ысырапшылдық жағдай орын алуда. Сондықтан жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Жаназа және жерлеу рәсімдері” деген атпен арнайы кітап басып шығарды. Ондағы мақсат – діни рәсімдердің атқарылуында кездесетін қарама-қайшылықтарды жойып, олардың орындалуын бірізділікке түсіру, жамағатқа шариғаттың бірыңғай үкімдерін жеткізу.

– Онда біз осы кітаптағы шариғат үкімдеріне сүйене отырып, о дүниелік болған адамды оң жаққа жатқызудан басталатын жерлеу рәсімдеріне жеке-жеке тоқталсақ па деймін. Ең алдымен, қайтыс болған адамды үйде оң жаққа жатқызу жөнінде әңгіме қозғасақ.

– Мәйітті үйде оң жаққа салғанда да, қабірге орналастырғанда да жүзі құбылаға бұрылып жатқызылады. Мәйітті еденге жайма төсеп, салқын жерге оң жағын құбылаға келетіндей етіп жайғастыруды “оң жаққа жатқызу” немесе “мейрам су” деп атайды. Содан кейін жағын иек астынан жоғары қарай жалпақ шүберекпен байлап, үстіне жамылғы жауып қою керек. Мәйіттің іші кеуіп, көтерілмес үшін үстіне ауыр зат қоюға болады. “Әнәстың қызметшісі күн батқан уақытта көз жұмған еді. Сонда Әнәс: “оның ішіне темір зат қойыңдар деген”, – делінеді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде.

– Келесі орындалар амал – мәйітті жуу. Ертеректе сүйекке қайтыс болған адамның құдаларын, нағашыларын, жиендерін, құрдастарын, достарын түсіріп жататын. Осы дұрыс дәстүр ме?

– Бұл жерде сүйекке түсетін адамдарды олай анықтауға болмайды. Мәйітті жуатын адам, ең алдымен, әдепті, өзі таза жүретін, арақ-шарап ішіп келмеген болмауы тиіс. Ол адамдар артынан мәйіттің дене кемшіліктері болса, жұртқа жаймауы керек. Сондықтан мәйітті жууға ең лайықты кісілер – ет жақын туыстары болып саналады немесе мешіттердің арнайы бөліп қойған адамдары осы іспен айналысса дұрыс.

– Әдетте мәйітті оң жаққа жатқызған бөлмеге түнде шам жағып қояды. Тіпті, ол жерленгеннен кейін де қырық күн шам жағулы болуға тиіс деп есептеледі. Өйткені, бақилық болған адамның рухы қырық күнге дейін осы арадан кет-пейдіміс.

– Исламда мәйіт жатқан бөлмеге шам немесе шырақ жағып қою деген жоқ. Тек мәйіттің қалай жатқанын анда-санда байқап тұру үшін шам жақса болғаны. Егер алыстан келген ет жақындары болса мәйіт жатқан бөлмеге кіріп, кебінделмей тұрғанда қоштасуларына, тіпті, бетінен сүюлеріне де болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабасы қайтыс болғанда сүйген. Айша анамыз (р.а.): “Осман ибн Мазгун көз жұмғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны сүйгенін және жылағанын көрдім”, – деген. Бірақ Әбу Ханифа (р.а.) мәзхабында айтылғандай, мәйітті көруге барғанда және үйден шығарғанда оны жоқтап, өкіріп жылауға болмайды, тек қатты дауыс шығармай жылау керек.

– Бұрындары ауыл молдалары жаназа намазын ұзақ оқитын. Оның өзіндік рәсімдері де көп болатын. Дәуір айналдыру, тасбих тарту, Құран оқу сияқты амалдар қазір орындалмайды. Жаназада ұзақ тұрып үйренген халық алғашында түсіне алмай қалды. “Тез бітіп қалды ғой” десіп тарасқандар да болды. Қазір жұрттың еті үйренгендей. Сонымен бірге підия садақасы деп жетім-жесір немесе тұрмысы нашар адамға қой беретін. Сонда підия садақасы деген не?

– Ең алдымен, жаназа намазы турасында айтайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Асыққан – шайтанның ісі. Тек бес жағдайда: келген қонаққа тамақ беруге, мәйітті аттандыруға, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуға, қарызды қайтаруға, істелінген күнәға тәубе жасауға асығу қажет”, – деген. Сондықтан жаназа намазын да ұзаққа созуға болмайды. Ал егер де қыс айы, күн суық болса ше? Онда барша жамағатты жауратып қоюға бола ма? Оның үстіне шариғат бойынша мәйіт жер қойнауына тапсырылмай, оған арнап Құран бағыштауға болмайды.

Расында, ертеректе қайтыс болған адамды аттандыру барысында “дәуір айналдыру” рәсімі қолданылған. Бұл не? Дәуір айналдыру салты, негізінен, қайтыс болған адамның оқылмаған намазы мен тұтпаған оразасы және біліп-білмей істеген күнәлары үшін жасалады. Бұл шүберекке ақша немесе құнды заттар түйіп, молда мен оған қарсы отырған кедей оны “алдым-бердім” деп алма-кезек қолдан-қолға ауыстырғанмен, підия садақасы деп жетім-жесірге, тұрмысы нашар адамға қой бергенімен, егер ғұмыр бойы мұсылманның бес парызын өтемеген адам болса, оның күнәларын жоя алмайды. Сондықтан ондай амалдар жасаудың бақилық болған кісіге еш пайдасы жоқ.

– Ұят та болса айтайық, қазақта “өлім – байдың малын шашады, кедейдің етегін ашады” деген мақал бар. Мұны айтып отырғанымыз, өзіңіз де көріп жүрсіз, азалы ас беру, марқұмның басқа да дұғаларын өткізу соңғы кезде бәсекеге айналып барады.

– Бақилық болған бір танысымның әйелінен жерлеуге және одан кейінгі дұғаға қанша қаржы жұмсалғанын сұрап білген едім. Әлгі әйел жылап жіберді. Олай болатын жөні де бар екен. Мысалы, ақыретке ақ мата, кілем, үстіне жабатын барқыт, жұртқа тарататын орамалдар алуға – 140 мың, жылқы, қой алуға – 350 мың теңге, жеміс-жидек, тәттілер, нан-бауырсақ және басқа да тағамдар алуға – 170 мың теңге, ас беретін мекемеге 100 мың теңге жұмсалыпты. Қырқы мен жылын өткізуге, жұмалықтар беруге тағы жұмсалған қаржыны қосқанда барлығы – 2 миллион теңге, қабір басына үй тұрғызуға – 1 миллион теңге, сонда барлығы 3 миллион теңгеден астам ақша шыққан екен. Бұл қыруар қаржы ғой!

Осының бәрін біз көріп, біліп жүрміз. Уағыздарымызда, жаназа намаздарында, астарда, мүмкін болған жерлерде мұндай ысырапшылдық жасауға болмайтынын үнемі еске салып, тіпті, кей жерлерде батыра айтып жүрміз. Марқұмның жерлеу рәсімдерін өткізуге, құдайы асын беруге сабылып қаржы іздеу, болмаса банктерден несие алу – ислам шариғатында талап етілмейді. Бұл ысырапшылдыққа жатады. Бас мүфтиден бастап, барлық имамдар мен молдалар осындай ысырапшылдыққа қарсы. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою, дастарқанды қарапайым етіп жаюға көшу қажеттігін түсіндіру үшін жанымызды салып жатырмыз.

– “Ауылда тұратын туысым қайтыс болып, құдайы асқа арнап бірнеше қой ғана сойған едік, содан кейін оған қатысқандар сөз қыла бастапты, содан кейін қырқы мен жылына туыстарымыз қосылып, қарызға жылқы алуымызға тура келді”, – деді бір танысым. Мұндай жағдайлар аз кездеспейді.

– Олай сөз қылу дұрыс емес. Осындай жағдай болмауы үшін Қызылжар өңірінің беделді, сөзі өтімді ақсақалдарының басын қосып, құдайы ас дастарқанының мәзірі қандай болуы керектігі жөнінде ұсыныс қабылдау ойымызда бар. Әрине, бәрі бір күнде түзеле қалады деген ойдан аулақпын, алайда, біртіндеп жаназа және жерлеу рәсімдерін асыра сілтемей, ысырапшылдыққа жол бермей өткізуге көшуіміз керек.

– Мазар салу да үлкен бәсекелестікке айналып кетті. Бұған қалай тосқауыл қоюға болады?

– Бұл да нағыз ысырапшылдық. Шариғат бойынша зират толықтай қоршалған болса, қабірлерді жеке-жеке қоршау қажет емес. Тек зираттың мал басып, аяқасты болмағаны дұрыс. Қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға шариғи тұрғыдан рұқсат жоқ. Сахаба Жәбирден жеткен хадисте: “Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды”, – делінген. Алайда, кейбір ислам ғалымдарының пікірлері бойынша ғұлама-ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген. Міне, сондықтан қабір басына биіктігі адамның кіндігінен жоғары емес етіп үй тұрғызса болады деп есептейміз. Бағасы қымбат болғандықтан, үйдің төрт бұрышына емес, ортасына бір ай орнатса да жеткілікті. Соңғы кезде қабір үстіне салынатын үйге Ресейден әкелініп жатқан қызыл кірпішті былай қойып, тіпті, Ақтаудан ақ тас әкеліп, оған әшекейлер ойып, мазар тұрғызатынды шығарыпты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” деп аталатын мақаласында: ... жаңғыру ұғымының өзі мейілінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді”, – демей ме? Ендеше, біз имандылық жолында да жаңғыруымыз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Амандық ЖАНТЕМІРОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.