Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT ЕМЕННІҢ ИІР БҰТАҒЫ (Хикаяттан үзінді)

ЕМЕННІҢ ИІР БҰТАҒЫ (Хикаяттан үзінді)

Күйеуін күтіп түннің бір уағына дейін көз ілмеген Айман, қанша уақыт ұйықтағанын білмейді, оянса, Ерлік әлі жоқ. Ол кереуетінің басында тұрған шамды жағып, сағатқа қарады. Сағат тілі түнгі үштен асып барады екен. “Осы уақытқа дейін Ерлік қайда жүр?”. Ол мазасыздана бастады. Қалаға кетті ме екен, әлде аудан орталығында ма? Осы маңайда болса бір хабарласар еді ғой... Ойы он саққа жүгірген Айманнын ұйқысы шайдай ашылды. Шыдай алмай Берікті оятты. Берік Айманның інісі, көктемде әскерден келген, екі айдан бері осы үйде.

– Берік, Берік тұршы, есік алдына шығып келейік, Ерлік әлі жоқ.

– Алаңдамай ұйықтай берсейші, күндегі әдеті емес пе, жұмыспен жүрген шығар, келеді ғой.

– Білмеймін, біртүрлі қобалжып тұрғаным...

– Жарайды, сен жата бер, өзім қарап келейін.

Айманның алаңдауы тегін емес. Осыдан алты-жеті айдай бұрын екі кештің арасында бетперде киген екі жігіт әй-шай жоқ, кіріп келіп үйдің астан-кестенін шығарған. Қолдарында ұңғысы кесілген шолақ мылтық: “Дыбысыңды шығарма, өлесің!” – дейді. Кетерлерінде дембелшеңдеу келгені: “Күйеуіңе сәлем айт, айтқанға көнбесе, бұдан да зорын көреді”, – деп зіл тастаған. Содан бері Айман жалғыз қалуға қорқады. “Әйтеуір, үйде бос жүр ғой”, – деп Берікті алдырған.

Берік есік алдына шыққаннан кейін тың тыңдап, біраз тұрды. Ауыл мүлгіген тыныштық құшағында. Тіпті, жайшылықта шаң-шұң етіп маза бермейтін иттер де тыныштала қалыпты. Үш пен төрттің арасы нағыз ұйқы қысатын кез ғой, бұл да жаңа сүйретіліп әзер тұрған. Жездесі жоқ. “Бүйтіп бастық болғаны құрысын, күні-түні дамыл жоқ. “Анау керек, мынау керек” деп, әйтеуір, қала мен екі орталықта шапқылайды да жүреді. Несиенің соңына түскеніне де бір айдан асып барады. Жайшылықта бұған шаруашылық жайында айта қоймаушы еді, кеше шай үстінде:

– Аяғын тік басқан бізге несие бергілері келмейді, басқалар қалай күн көрмек, – деген еді.

– Несие алыңдар деп теледидардан күнде қақсап жатқан жоқ па?

– Айтуын айтып жатыр ғой, бірақ оны алудың машақаты көп екен. Әсіресе, кепілдік мәселесі қинап тұр, “Техниканың бәрі жаңа болсын”, – дейді. Бізге жаңа техника жаңа ғана келіп жатқан жоқ па?!

Осы арада әңгімеге Айман араласты:

– Сол несие саған не керек? Өзінің өсімі де көп екен. Ақырын қолда барыңды ұқсата бермейсің бе?!

– Жалғыз астықпен алысқа бармайсың, мал өсіру керек, оның өнімдерін осы арада ұқсату үшін цехтар салу қажет, осының бәрін атқаруға әзірше өз күшіміз жетпейді. Несиені қайбір жетіскеннен алайын деп отыр дейсің?!

Көшеге жеңіл шыққан Берік тоңа бастады. Қанша дегенмен жаздың күзге ұласар шағы емес пе, ауада ызғар бар. Көшенің арғы басынан жастардың шуылдаған дауысы естіледі. Күнде осылай, кеш болса, жастар топ-топ болып жиналып, таң сыз бергенше көз ілмейді. Оларға “әй” деп жатқан әже жоқ, араққа сылқия тойып алып, жаға жыртысып қалатын кездері де болады. Анадағы оқиғадан кейін осы жай аздап саябырсығандай еді, бәрі ұмытылды. Түнгі шуылдақ қайта басталды.

Сол күні Берік ерте жатып қалған. Апа-жездесі тұрады демесең, бұл ауылда оны білетіндер шамалы, содан да көшеге көп шыға қоймайды.

Таңертең ауыл шу ете түсті. Біреулер Еменнің баласын өлтіріп кетіпті. Таңертең мал айдап шыққан көрші әйел қатты қорықса керек, көпке дейін үй ішіндегілерге не болғанын түсіндіре алмапты. Бейшараның сау жері жоқ көрінеді, басы мылжа-мылжа дейді.

Одан арғысы белгілі ғой, полициясы бар, прокуроры бар, бәрі қаптады да кетті. Кісі өлтірушінің сырттан келмегені анық. Сол күні Сейсен кіммен бірге болды? Оны соңғы көрген кім? Осы сияқты сауалдар-ақ із кезушілерді күдіктіге шығарған. Күдікті біреу емес, бірнешеу болып шықты. Сол кеште де Сейсенді үйден өзімен күнде бірге жүретін жолдастары алып шыққан. Бес жігіт ауыл ортасында қаңқиып тұрған клубтың тасасында отырып арақ ішкен. Арақтың жүрген жері қашаннан лаң емес пе, ақыры төртеуі жабылып, Сейсенді тепкінің астына алады.

Күдік ауған төртеуді сол күні-ақ ұстап әкетті. Кешікпей сот болды. Осы ауылдан біраз адам барды. Солардың айтуларына қарағанда, ұсталғандар кінәларын мойындарына алғанмен, оқиғаның қалай болғанын, төбелестің неден басталғанын түсіндіріп бере алмапты. Бәрі тек “мас болдық” дейтін көрінеді. Арақты шамадан тыс көп ішті ме екен? Әлде... Қолдарына су араластырып сататын сапасыз спирт тиді ме? Осы ауылда екі үйдің бірі арақ сатады десе де болады. Қай мезгілде барсаң да, керегіңді аласың. Ешқайсысы қабақ шытпайды. Тіпті, кейбіреулері қарызға да бере салады. “Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде” дегендей, бұл жағын қазбалаған ешкім болған жоқ, кінәлі төртеу он жылдан арқалап кете барды.

...Беріктің ойын машинаның гүр еткен дауысы бөліп жіберді. Ол қарсы жүрді. Рульде кім отырғанын анық ажырата алмады, жездесінің өзі ме, әлде Сәбит пе, әйтеуір, ол да мұны байқап қалған екен, жүрісін бәсеңдетіп барып тоқтады. Бұл машинаға жақындап келгенше ешкім шыққан жоқ. Рульде Сәбит, жездесі көрінбейді.

Жүргізуші үн-түнсіз сұлқ отыр.

– Сәбит, бүгін, тіпті, кешіктіңдер ғой, жездем қайда?

– ...

Жайшылықта жайраңдап жүретін Сәбит бұдан жанарын тайдырып әкетті.

– Ой, саған не болған, айтсаңшы, не болды, жездем қайда?

Сәбит мас сияқты, ауыл арасында жүргенде ептеп алып қоятыны болушы еді... Жоқ, арақтың исі білінбейді.

– Сәбит, Сәбит!.. Берік дауысын көтере сөйледі. Сонда ғана жүргізуші жігіт ұйқысынан оянғандай селт етіп:

– Айғайлама, ақырын сөйле, – деді.

– Өзің ғой мылқау адам сияқты, адамды жынды қылып тұрған. Жездем қайда?

Сәбит машинаға отыр дегендей иек қақты. Сосын үйге қарай емес, үлкен көшемен ауылдың сыртына бет алды.

– Не болды, айтсаңшы енді?!

– Соны өзім де түсіне алмай отырмын ғой. Ерекеңді полиция алып кетті.

– Полиция! Қайдағы полиция?! Не үшін!!!

– Мен оны қайдан білейін. Кеше тура облыс орталығына бардық. Содан бүгін түс ауа шығып, Қаратеректегі тәтейдікіне соқтық. Одан бір шай іштік. “Ертерек үйге жетіп қалайық”, – деп асығыңқырап келе жатқан, Жекекөлге таялғанда жол полициясының қызметкері тоқтатты. Жолды жиектей тоқтағаным сол еді, қайдан шыққанын білмеймін, бетперде киген бір топ адам машинаны қоршап алды. Қолдарында автомат. Әйшайға қарамастан, екеуімізді де отырған орындарымыздан тымақша жұлып алды. Мұндай сұмдықты кім көрген, қара топыраққа аунатып, қолымызға кісен салды да, желкелеп машинаға отырғызды. Ар жағы белгілі ғой, полиция бөлімшесіне апарды. Ерекеңді қайда әкеткенін білмеймін, мені жеке бір бөлмеге қамап тастады. Содан екі-үш сағат өткеннен кейін ғана босап шыққан бетім осы. “Ауылыңа қайт, ешқайда ұзап шығушы болма, керек болсаң шақыртамыз”, – деді.

“Директор қайда?” – деп едім. “Онда сенің жұмысың болмасын, тай дегенде тайып тұр”, – деп зекігесін, алды-артыма қарай алмай кете бардым.

Осылай болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап шыққан Сәбит тағы да үнсіз қалды.

Бұл кезде төңірек бозамықтанып, таң біліне бастаған еді.

– Енді не істейміз? Үйде Айман күтіп отыр. Түні бойы көз ілген жоқ.

– Әзірше болған жайды айтпай тұра тұрайық, шошытып алармыз. Бір жұмыстарымен қалада қалып қойды дейік.

– Қалада қалса кімнің үйіне тоқтайтыны белгілі ғой, апайдікінде болады, телефон шалып іздеп жүрмесе.

– Онда Астанаға кетті дейік.

 

* * *

Түкке түсінбеген Ерлік көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Бәрі аяқастынан астан-кестен болды. Сарт-сұрт! Кәдімгі Американың боевиктеріндегі сияқты. Өздерінде үн жоқ, қимылдары шалт. Топыраққа аунатып, қолын артына қайырды да кісен салды. Кәдімгі кауіпті қылмыскерді ұстап жатқандай. Бір қарағанда жүргізушісі Сәбитті қайда алып кеткендерін байқай алмай қалды. Ол байғұста не жан қалды екен?! Өздері көп. Мұны тұрғызып, тінте бастағанда ғана байқады, біреуі жағалай жүгіріп бәрін бейнетаспаға түсіріп жүр. Оның қалтасындағы заттарын түгел машина капотының үстіне жайып салған біреу, сірә, бастықтары болуы керек, “қара мына заттар сенікі ме?” – деді. “Иә”, – деді ол. “Жаңа ғана қалтасынан алса кімдікі болушы еді”.

– Жігіттер...

– Шығарма дыбысыңды!

Бұларың не, бізді біреумен шатастырып алған жоқсыңдар ма дегендей, бірдеме айтпақ болып еді, әлгі бәріне бұйрық беріп жүргені ақырып, тобығынан бір тепті.

– Дұрыстап қара, мына заттардың бәрі сенің қалтаңнан шықты. Куәлар жақындаңдар.

– Сіріңке сенікі ме?

– Менікі.

– Темекі?

– Менікі.

– Қол орамал?

– Менікі.

– Күмәжнік?

– Менікі, бәрі де менікі!!! Бұларың не, мені кім деп тұрсыңдар? Мен серіктестік директорымын.

– Білеміз, Ерлік Бәйкенұлы. Жұрттың бәрі солай ойлайды. Машинасын тінтіңдер!

Сол-ақ екен, әлгінің жандай-шаптары машинаның астан-кестенін шығарды.

– Подполковник мырза!

– Иә.

– Мына қараңыз, пистолеттің патрондары...

– Дұрыстап қараңдар, тағы не бар екен?

– Ал сендер қалтасынан шыққан заттарды тізімдеңдер!

– Тағы да бір рет мұқият қараңыз, мына заттардың бәрі сіздікі ғой.

– Иә, менікі.

Полицейлердің бірі капоттың үстінде шашылып жатқан заттарды тізімдей бастады: күмәжнік, түсі қоңыр, көпқалталы, ішіңде 500 АҚШ доллары, 27300 теңге ақша бар. Фильтрлі “Мальборо” темекісі, екі қорап сіріңке, тоқтаңыз, тоқтаңыз, мына төрт бүктелген қағаздың ішінде бірдеңе бар сияқты. Ақ ұнтақ. Есірткі болуы мүмкін. Лабораториялық зерттеуге жіберу керек...

“Ақ ұнтақ. Есірткі болуы мүмкін”. Осы сөздер оның ойынан шықпай қойды. Алғашында полицейлер өзін қателесіп тұтқындаған шығар деп ойлаған. Жоқ, олай емес сияқты. Бұл біреулердің өзіне қарсы қасақана ұйымдастырған әрекеті болды. Өткен жылдан бері өзінің қыр соңынан қалмай жүрген астаналықтардың жұмысы болмасын.

Орайы солай келді ме, ол жаңа шаруашылықты тез көтеріп әкетті. Құдай берейін десе, бере салады ғой, екі жыл қатарынан гектар басы 20 центнерден өнім алды, дәл осы кезде бидайдың да бағасы өсіп шыға келмесі бар ма. Осылай аяқастынан “Ақжолдың” даңқы дүркіреп, кеңес заманындағы іргелі шаруашылықтардың деңгейіне көтерілді.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

(Жалғасы бар).

Comments   

 
0 #1 Айсұлу 2018-01-15 08:36
"Еменнің иір бұтағы" атты әңгіменің жалғасын тағатсыздана тосып жүрмін. Шұрайлы жазылған шығармаларды көзден таса қылмаймын. Оқырманның көңілінен шығатын осындай материалдарды үзбей беріп тұрсаңыздар деген тілегім бар.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.