Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ЕСІЛДІҢ ЕРКЕ ПЕРЗЕНТІ

ЕСІЛДІҢ ЕРКЕ ПЕРЗЕНТІ

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында жерлесіміз, ақын, әнші, сазгер, Мәдениет қайраткері Бүркіт Бекмағанбетовтің “Есілдің мен де бір ерке ұлымын” атты шығармашылық кеші өтті.

Армысың, аңсап жүрер ардақты елім.

Кешімді өткізем деп, арнап менің

Айтқанда толқып кеттім, тебірендім

Елге есеп не деген салмақты едің.

Бұл дүйім жұртпен сағынысып көріскен Есілдің ерке ұлы Бүркіт Бекмағанбетовтің халқына арнаған бірауыз өлеңі болатын. Иә, ерке Есілдің бойында дүниеге келіп, есімі елге етене таныс жерлесіміздің шығармашылық кеші автордың орындауындағы “Өтеді жылдар” әуезді әнімен бастау алды. Пах, шіркін, сұңқылдаған дауысты айтсаңызшы?! Мөлдіреп төгілген өлең сөздері де салмақты. Отыз жыл елден жырақта жүрген ұлдың өткен өмір белестерінен сыр шертер әсем әннің қанатында қалықтаған қауымның толассыз шапалағы өнер айдынында биікке самғаған Өрнектің өр баласына деген ерекше құрметті аңғартты. Өмірге құштарлық, туған жерге деген перзенттік сезім, балалық шақ, жастық дәурен суреттелген шығармалар арқылы көз алдымызға ауылда өткен сағым күндер елестеп, естен кетпес ерекше күйге бөлендік. Сан алуан тақырыптарға қалам тербеген жерлесіміздің әндері мен өлеңдері лирикаға толы. Ән-жырдан рухани ләззат алған көрерменнің айызын қандырған ақын өткен күннің белгісіндей болған естеліктерімен бөлісті.

“Сегіз қырлы, бір сырлы” деген сөз осы азаматқа қарата айтылғандай. Өйткені, бір бойында бірнеше өнер тоғысқан, аққуға аспандағы үнін қосқан қазақтың тума таланты Бүркіт Бекмағанбетов – ақын, әнші ғана емес, сазгер, термеші. Дикторлық шеберлігі бөлек әңгіме. Журналистика саласында айшықты қолтаңбасы бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, терме, мысалға да қалам тербеді. Кеш барысында термелері айтылып, мысалдары оқылды. 100-ден астам ән, 25-тей терме жазған дарынды тұлғаның шығармалары руханиятқа қосқан үлкен олжа десек, қателеспейміз.

Отыз жеті жылдан кейін сахна төрінде “Көкшетау” әнінің тұсауы кесіліп, тарихи сәттің куәсі болған көрерменнің алдында ақынның шашбауын көтеріп келген жезтаңдай әншілер де тамаша өнер көрсетті. “Үкілі Ыбырай” атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері, Мәдениет саласының үздігі Әбсалық Салық пен Мәдениет қайраткері, туған бауыры Мереке Бекмағанбетовтің орындауында әсем әндер әуелете шырқалды. “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптар оркестірінің сүйемелдеуімен Мереке Бекмағанбетов “Өрнек жастарының вальсі”, “Астанам менің” атты әсем әндер арқылы туған жерге деген іңкәрлік сезімді тебіреніспен жеткізді.

“Әннің де естісі бар, есері бар” демекші, құлақтан кіріп, бойды алған әндерді тыңдап, бір желпінген қызылжарлықтарды Астанадан келген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери патриоттық орталығы Ұлттық ансамблінің әншісі Шолпан Тұрысжанова мен алматылық әнші Салтанат Сұлтанова да ұмытылмас әсерге бөледі. Республикалық байқаулардың лауреаты, күйші, дирижер, Бүркіт Бекмағанбетовтің жиені Әсет Әбдірахманов пен Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне дирижерлік етті. Мәдениет қайраткері Дәмеш Құрманкина, кештің жүргізушісі, дәстүрлі әнші Біржан Есжановтың орындауындағы әндер де жүректерден орын алса, Еркебұлан Қаріпов, Ғалымжан Нұрпейісов, Мұхит Ахметов, Мұрат Бекжанов сияқты облыстық филармонияның жас дарындары да тамылжыта шырқады. “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі де кештің көркін кіргізді.

Сондай-ақ, облыстық ақындар орталығының тәлімгерлері ақынның өлеңдерін тебіреніспен оқыса, Өрнек ауылының жас дарыны Жұмабек Рахимов арнау айтып, көпшіліктің алғысына бөленді. Ол жас болса да қазақы дәстүрмен ағасының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Болашағынан үлкен үміт күтуге болатын өнерпаздардың өнеріне сүйсініс білдірген кеш иесі жас ақындарға ағалық ақылын айтып, ақ тілегін жеткізді.

Өрнектен қанат қаққан бала Бүркіт,

Қаз дауысты атанған аға Бүркіт.

Сағынышты сәлемін Алматыдан,

Арқалап алып келген дана Бүркіт”, –

деп өлең жолдарын арнаған қызылжарлықтардың ыстық ықыласын да айтып өтпеске болмас.

– “Өлі разы болмай, тірі байымайды” демекші, мені қолдаған, осындай дәрежеге жеткізген азаматтарға алғысым шексіз. Жарман Рақымов, Кеңес Тынымбаев, Ғабдолла Қожабаев, Ерік Асқаров, Нұрлан Қасымов, Ерназар Ыбыраев сынды азаматтардың елдің абыройын көтергенін қалайша ұмытайық, – дей келе Бүркіт Бекмағанбетов Қызылжар өңірін өнермен әйгілеген дарындардың айтыстың дамуына қосқан сүбелі үлесіне ерекше тоқталды.

Кеште сахна төріне көтерілген зиялы қауым өкілдері де жүрекжарды тілектерін арнады. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Кемел Оспанов өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан Алғыс хат табыстаса, шығармашылық кештің өтуіне ұйытқы болған “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры – бас редакторы Жарасбай Сүлейменов: “Елбасымыз “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жариялап, әр қазақтың жүрегінің төріндегі рух отын маздатып, жол ашып берген еді. Біз – мәңгілік ел, мәңгілік ұлт боламыз деген халықпыз. Мәңгілік ел болу үшін, ең алдымен, руханияттың тынысын ашу керек. Руханияттың кіндігі мәдениет, өнер, білімге байланып жатыр”, – дей келе осы кездесуді ұйымдастыруға атсалысқан, көмегін берген облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров пен өзге де елжанды азаматтарға, руханияттың жанашырларына алғыс айтып, кеш иесіне тың туындыларымен халқын қуанта беруіне тілектестік білдірді. Алматыдан сағынышпен жеткен азаматқа Есіл ауданынан келген жерлестері де қошемет көрсетті. Есіл ауданының құрметті азаматы атағын беріп, үстіне шапан жапты. Адамда бұдан басқа қандай бақыт болуы мүмкін? Елдің жүрегі елжірегенде, азамат қалайша тебіренбесін?!

“Еркелеттің, Қызылжар еркелеттің,

Қанатымды қатайттың ертерек тым.

Сенің ұлың дегенде кір келтірмей,

Жүруді жүрегіме желкен еттім”, –

деп жыр жолдарын арнаған Есілдің ерке ұлы өзіне қолдау білдіріп, құшақ жая қарсы алған Қызылжарына дән риза екенін тағы бір мәрте еске салды. Қазақ радиосының “алтын дауысына” айналған, ардақты азаматтың шығармашылық кешіне қатысқан халықтың ақ пейілі, дарқан көңілі қол соғып, қолпаштағанынан аңғарылғандай. Иә, қазақта осындай дарындар барда өнер ешқашан өлмейді. Санамыз жаңғырып, рухымыз түлеген шығармашылық кештен қалың қауым көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Comments   

 
0 #1 Зүбәйра 2018-01-22 10:07
Есілдің ерке перзенті Бүркіт Бекмағанбетовті ң шығармашылық кешінде болып, ерекше сезімге бөлендік. Ән-жырға шөлдеген халық біраз айызын қандырып, ұмытылмас кештің куәсі болды. Осындай жерлестерімізді ң бары біздерге мақтаныш. Мұндай шығармашылық кетер жиі ұйымдастырылып тұруы тиіс деп ойлаймын. Қаншама халық келіп, Алатаудың баурайында жүрген ұлды құшақ жайып қарсы алуы өнерге деген адалдықты аңғартқандай.Өн ердің өміршең екенін дәлелдеген Бүркіт ұлымыздың қанаты қайрылмай, тек биіктерден көрінсе екен деп тілейміз.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика