Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT “ҚЫЗЫЛЖАР” ДЕП АТЫҢДЫ ЕЛБАСЫ ҚОЙҒАН

“ҚЫЗЫЛЖАР” ДЕП АТЫҢДЫ ЕЛБАСЫ ҚОЙҒАН

Өнерде өзіндік жолы бар “Қызылжар” халықтық музыка ансамблі – облыстық филармония жанындағы танымал ұжымдардың бірі. Бірі ғана емес, бірегейі десек,+ қателеспейміз. Өйткені, 1993 жылдан бері өнер айдынында қалықтап, халыққа үнемі көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келе жатқан ансамбль туралы айтар сөз аз емес.

Өнерпаздардың басын қосып, бір арнаға тоғыстырған облыстық филармонияда бүгінде 12 ұжым бар. Барлығының да халыққа берері мол. Әрқайсысының өзіндік орындаушылық стилі, бағыты айқын. Соның ішінде “Қызылжар” ансамблінің дара жолы ерекше деуге тұрарлық. Орындаушылық шеберлігі де өзгелерге ұқсамайды. Өнер айдынында сан мәрте атауын өзгертсе де, қалыптан таймаған шығармашылық ұжымның негізін қалаушылар ретінде Генадий Ерзаков, Виталий Смотров сияқты майталман өнерпаздардың есімін ерекше атап өткен жөн. Ансамбль алғашында “Русские узоры”, кейін “Красный яр” атанды. Бүгінде заманауи эстрадалық жанрға бет бұрған топтың “Қызылжар” деп атауын өзгертуінің тарихи себебі де жоқ емес.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз біздің өңірге іссапармен келгенінде “Красный яр” атауын қазақшалағанда “Қызылжар” болатынын айтып, бізге ұсыныс білдірді. Сол сәттен бастап біз “қызылжарлықтар” болдық. Репертуарымызда орыс, қазақ, украин халық әндері бар. Сонымен қатар эстрадалық бағыттағы заманауи әндерге де бет бұрудамыз. Ұжымға мүше өнерпаздардың барлығы да өз ісінің шеберлері, – дей келе шығармашылық топтың көркемдік жетекшісі Игорь Рыженко ансамбльдің тарихын да қысқаша шолып өтті. Оның айтуынша, ел егемендікке қол жеткізген тұста мәдениет саласын айтпағанда, Қазақстанның экономикалық жағдайы күрделі болатын. Бірақ соған қарамастан, аяғынан нық тұрып, бірталай қиындықтарды еңсерген өнер ұжымының бүгінде бағындырған белесі аз емес. Оның бәрі өнер десе, ішер асын жерге қояр адамдардың табандылығымен қол жеткізген жеңіс екенін айта кету артық болмас.

Өнерде өзіндік стилі бар шығармашылық топтың алғашқы қарлығаштары – Петропавл музыкалық училищесінің түлектері. Ал қазіргі таңда шығармашылық ұжымның құрамында жеті өнерпаз бар. Барлығы да есімі белгілі дарындар. Балалайка, гитара, домра прима, клавишты музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаздар Илья Соболев, Игорь Шибалин, Светлана Кириенко, Андрей Ольховиков, Валерий Капустин мен әнші Елена Уварова өңірдің ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде өтетін концерттік шаралардан қалмауға тырысады.

Өткен жыл да өнер ұжымы үшін жемісті болды. Омбы қаласында жеке шығармашылық кештерін өткізсе, Алматы, Астанада түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетті. Әсіресе, Елбасы қатысқан салтанатты жиында “Қызылжар” ансамбліне көрсетілген құрмет ерекше болғанын ұжым мүшелері мақтанышпен жеткізді.

Гастрольдық сапарларға жиі шығатын “қызылжарлықтар” Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай 2015 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, Дубайда дүркірете өнер көрсеткені көпшілік қауымның есінде болар. Облысымыздан арнайы шақыртылған шығармашылық топтың өнер айдынында осындай белеске көтерілуі халықтың ыстық ықыласы деп білген жөн. Әрине, әр жетістік зор табыс, қажырлы еңбекпен келеді. Сондықтан ұжымды алға жетелеген көркемдік жетекші Иван Сергеевичтің өнерге қосқан үлесі зор. Жас болса да ұжымның басшысы ретінде өзін жақсы қырынан көрсеткен көркемдік жетекшінің абыройлы еңбегін ансамбль мүшелері де ерекше құрметтейді.

– Қазіргі таңда біз заманауи халықтық эстрадалық шығармаларды орындауға ден қойдық. Президенттің қатысуымен өтетін республикалық шараларға жиі шақырту аламыз. Бұдан бөлек, Өскемен, Семей, Ақтөбе қалаларында өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөлендік. Көпшілік қауымның өнерге құрметін көріп, жанашырлығын сезінгенде одан әрі шабыттанып, шалқитынымыз рас. Сондықтан біз халыққа жақсы көңіл-күй сыйлау үшін барымызды салуға дайынбыз, – деді Светлана Кириенко. Домра примада ойнайтын ол – ансамбльдің белді әрі беделді мүшелерінің бірі. Топ құрылған уақыттан бері осы ұжымның құрамында өнер көрсетіп келеді. Өнерге адал, өз ісінің нағыз шебері. Өзін өнерден басқа салада елестете алмайтын Светлана үшін ансамбль нағыз шыңдалу мектебі болды.

Биыл ансамбльдің алғаш сахнаға шыққанына 25 жыл толады. Соған орай ақпан айында жеке шығармашылық кеш ұйымдастырмақ.

Өткен жылдың соңында өнер ұжымының Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталуы мерейтой қарсаңында жақсы жаңалық болды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика