Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ЖАС АҚЫННЫҢ ЖЫР КЕШІ

ЖАС АҚЫННЫҢ ЖЫР КЕШІ

Ақын боп өмір сүру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап, әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын, –

деп қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергенов жырлағандай, жыр өлкесіне өлеңмен өрнек салу әркімнің еншісіне бұйырған бақ емес. Поэзия әлемінен ойып тұрып орнын алу үшін талпынып жүрген жас ақын Нұргүл Оқашеваның “Сіз өлең ғанасыз” атты жыр кеші өтті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына жиналған жұртшылықтың легін көріп, оқырмандар үшін ақын қыздың орны бөлек екеніне көз жеткізгендей болдық. Нұргүл Оқашеваны жырсүйер қауымның қадірлейтін жөні де бар. Өйткені, оның осы күнге дейін қалың жұртшылыққа екі бірдей жыр жинағы жол тартты. Алғашқы өлеңдер топтамасы “Жүрегім жырдан ғана жаратылған” деген атпен жарық көрсе, жақында ғана баспадан шыққан екінші кітабы “Күз бен қыз” деп аталады.

Мағжан Жұмабаев “Ақын да бір бала ғой, айға ұмтылған” деп бекер айтпаса керек. Ақынды сөз қадірін түсінетін қаламгерлерден артық бағалай алатын жан жоқ шығар. Бұл кеште сахнаға көтерілген “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры – бас редакторы Жарасбай Сүлейменов: “Нұргүлдің өлеңдері – оның жүрек сөзі. Бүгінгі күні ол лирикалық тақырыптарға қалам тербеп жүр. Өлеңдері арқылы әдеби ортада танылып қалды. Жас ақынның әлі де шығар биігі, алар асуы алда”, – деді.

Шынымен де, Нұргүл өлең өлкесіне сырттан келген жоқ. Ол елімізге есімі белгілі Серікзат Дүйсенғазин, Қалқаман Сарин секілді ақын ағаларының тәрбиесін алған. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қабырғасында жүріп, осындағы “Топжарған” атты жас ақындар клубына мүше болды. Тырнақалды туындылары “Көкшетау жас ақындар антологиясы”, “Қызырлы Қызылжар”, “Қызылжар жас ақындарының жыр кітабы” атты жинақтарға енді. Сондай-ақ, республикалық Фариза Оңғарсынова атындағы “Өлең, мен сені аялап өтем” және Мұқағали Мақатаевқа арналған “Поэзия, менімен егіз бе едің?” атты ақындар мүшәйрасының жеңімпазы.

Бұл кештің ажарын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері және есімі көпшілікке жақсы мәлім әнші, сазгер Үкітай Ерниязов аша түскенін айтып өткен жөн. Өнер ұжымы актерлері Нұргүл Оқашеваның жырларын нақышына келтіре оқып, өнерсүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленді.

Кеш авторы сахна төрінде:

“Елжіреп... Емініп...Елеңдеп...

Дертімен алатын мені емдеп.

Сіз – Өлең ғанасыз, бары – сол,

Өмірді кім айтты Өлең деп?!”–

деп тебіренді. Жаны нәзік ақын қыздың әлі талай шуақты жырларымен өз оқырмандарының жүрегіне жол табатыны сөзсіз.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика