Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT КҮЙ-ҒҰМЫР

КҮЙ-ҒҰМЫР

1998 жылдың қаңтар айы менің жадымда жақсы сақталып қалыпты. Екінші курстың алғашқы семестрін аяқтап, туған шаңыраққа демалысқа оралған едім. Ауыл ішінде әңгіме тез тарайды ғой. “Қызылжар қаласынан “Күдер” ансамблі келе жатыр екен, біздің ауылға концерт бермекші!” деген сүйінші хабар лезде жетті. Көптен бері суық қабақ танытып тұрған қаңтар айының қытымыр күндерінен шаршаған ауылдастарым үшін бұл үлкен қуаныш еді.

Сол жылдары жұбайларымен тең жүрген Айтжан, Үкай, Әсия, Әлмира, Барқыт апаларымыз, олардың соңын ала арғы көшеде тұратын Баян, Құдабай, Ермек ағаларымыз, үйлері ауылдың шетінде болса да, Алтынсары мен Серікбай Тайжановтар да, ұзақ жылдар ауыл дәрігері болған Жаңыл апайымыз да бұл күні концертті көруге асыға жетіп, алдыңғы қатарға жайғасты. Ол жылдары әкемнің құрдастарының да төрт көзі түгел еді. Олар да бірі қалмай бала-шағаларын ертіп, осы жерден табылды.

Бұл тәуелсіздіктің елең-алаң шағына тұспа-тұс келген кез болатын. Ол уақытта ауыл жұртшылығына өнер ұжымы түгілі, атқамінерлердің өзі төбе көрсете бермейтін. Той-кен Күдерова облыс орталығынан 200 шақырым шалғайдағы Жамбыл ауданының Майбалық ауылына “Күдер” ансамблін осылайша бастап әкелді. Ал сол күні боран көтеріліп, олардың жолда көрген қиындықтарының өзі бір мақалаға жүк болғандай. Әрине, оқырмандар үшін оның маңызы шамалы. Ең бастысы, қыстың қыраулы күндерінде, жауын-шашынды көктем мен күзде ауылдарды аралап, көпшілікке рухани қуаныш сыйлай білген Тойкен Күдероваға риза көңіл танытқандар аз болмағаны анық.

Майбалықта өткен “Күдер” ансамблінің концертін ауыл адамдары көпке дейін ауыздарынан тастамады. Олар бізден кейін сол уақытта іргесі сөгілмеген Баян, Орталық секілді ауылдарға жүріп кетті. Осылайша азаттық алғанымызға аз ғана уақыт өтіп, көпшіліктің еңсесі әлі көтеріле қоймаған тұста Тойкен Күдерованың жетекшілігімен “Күдер” ансамблі өңіріміздің көптеген елді мекендерін аралады. Ауыл сахнасында Құрманғазының, Динаның, Қазанғаптың, Дәулеткерейдің күйлерін күмбірлетті. Өнер – ол адам жанына нұр себеді, көңілді жадыратады, қуаныш сыйлайды. Осылайша Тойкен Қабиқызы қаншама жүректерді өнерімен тебіренте білді.

Сөз орайы келгенде өзі құрған ансамбльді ұлы қайын атасы Күдердің есімімен атағанын айтып өткен жөн шығар. Бұл да оның асыл мінезін аңғартады. Қайын жұртына деген ілтипаты зор екенін айтып, сөзімізді шығындамай-ақ қоялық. Қазақтың әрбір келіні Тойкен Қабиқызындай болмаса да, ұқсап бақса, қандай ғанибет!

Өнер колледжінде біздің ауылдан көптеген ұл-қыздар білім алды. Бәрі де Тойкен Қабиқызының талапшылдығын айтып, ол кісінің алдында именіп тұратын. Бүгінгі күні ойлап отырсам, қатал болуының өзіндік себебі бар екен. Ата-ана жанынан жыраққа кеткен жастарға бас-көз болып, олардың әрі қарайғы тағдырына жауапкершілік таныту адамгершіліктің бір сипаты емес пе?! Солардың бәрі де ұстаздан үйренгендерін қазіргі таңда талмай-шаршамай өз шәкірттерінің бойына дарытуда.

Бүгінгі күні алпыс жастың ауылына жақындаған ардақты жан өткен күндерге мойын бұрып қарайтын болса, әсте өкінбейтіні анық. Өйткені, оның шәкірттерінің арасында күй құдіретін түсініп, облысқа, елге танылып қалған Әсет Әбдірахманов, Тоғжан Жахин, Нұрбек Бейбіт сынды өнерпаздар бар. Тойкен Қабиқызының тәлімін алған қаншама жастар облыс мектептерінде еңбек етіп жүргенін де мақтанышпен айтуға болады.

Ол өз шәкірттерімен бірге, әріптестері үшін де өнер жолындағы тәлімгерге айналған. Өнер колледжіндегі жас әріптестерінің бірі Майра Жалғасбаеваның ұстазға деген үлкен құрметпен айтылған мына сөздері соның айғағы: “Тойкен Қабиқызы көптің бірі емес. Ол – өнер жолына адалдық танытып, өңіріміздің атағын талай байқауларда аспандатқан ұстаз. Сондықтан әріптестері арасында оның абыройы биік. Шәкірттерінің ол кісіге деген құрметі зор. Біздің арамызда Тойкен Қабиқызы бағындырған биіктерге жеткісі келетіндер аз емес”.

Адам абырой биігіне адал еңбекпен қол жеткізеді. Бұған Тойкен Күдерованың өмір жолы арқылы да көз жеткізуге болады. Ширек ғасыр бойы Өнер колледжіндегі өзінің бастамасымен құрылған домбырашылар даярлайтын қазақ бөліміне жетекшілік етіп, талай дарынды жастардың жолын ашқаны – ізденіс пен қажырлы қайраттың жемісі.

Иә, отыз бес жылдан бері ол өнердің бел ортасында жүр. Бар өмірін, күш-жігерін, білімін музыка жолына арнаған Тойкен Күдерованы өнерсүйер қауым жақсы таниды.

Тойкен Қабиқызы жайлы сөз қозғағанда ұлы Думанды айтпай кете алмаймыз. Тұла бойы тұңғышы Думан оның қуанышы әрі қайғысы. Өмірдегі жеңісі әрі жеңілісі. Ол аспан көгінде жарқ етті де, құйрықты жұлдыздай жоқ болды. Алла оның еншісіне бар болғаны 27 жыл ғана ғұмыр жазыпты. Өкінішті-ақ. Иә, ана жүрегі ұлын жоқтайды. Оған деген сағынышы бір сәтке де ортаймайтыны анық. Бірақ қатал тағдырдың салғанына қарсы тұрар қайран жоқ. Думанды қанша жоқтаса да, оның қайта келмейтініне бүгінгі күні иланғандай. Жыл санап алыстап бара жатқан сағым күндер жайлы естеліктер жүрек түкпірінде өмір бойы сақталып қалатыны ақиқат.

“Думан жігіттің сырбазы еді ғой. Бала мінезді аңғал болатын. Жан дүниесі таза, кіршіксіз қалпында өмірден өтті. Жұбайым Ағыбай екеуіміз жақсы азамат тәрбиелей білгенімізге іштей мақтанушы едік. Бірақ маңдайымызға сыймай кетті”, – деді Тойкен Қабиқызы жанарына іркілген жасты сүртіп жатып.

Ата-әжесіне Думанның соңында қалған жалғыз қызы – Аруай көзқуаныш. Бүгінгі күні ол Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алып жүр.

Атырау қаласында өткен үлкен бір күйшілер байқауында елімізге есімі белгілі өнер иесі Қаршыға Ахмедияров: “Жаратқан иеміз әрбір өнер шеберіне Думандай перзент сыйласын”, – деген екен. Бұл Тойкен Қабиқызының өнеріне берілген үлкен баға деп ойлаймын. Өмірдің де, өнердің де жолы ауыр. Ал оның шыңына шығу әркімнің тағдырына бұйыра бермейді. Тойкен Күдерова – өнер биігін бағындырған ұстаз. Аз ғұмырында жұрттың жүрек төрінен орын ала білген Думандай ұл өсірген ана. Бұл асыра мақтау сөздер емес. Думан өмірден өткеннен кейін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында бірнеше мәрте оны еске алуға арналған кеш өтті. Қыршыннан қиылған жас ғұмырды жоқтап келгендер аз болмады. Бұл кеште Думанның келте өмірі ғана емес, Тойкен Күдерованың да тағдыр жолы “Күй-ғұмырға” айналғанына көзіміз жеткен еді.

Иә, өмір – күрес. Тағдыр кейде қуантады, енді бірде жылатады. Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болған қайсар мінезді, қайратты әйелмен өмір сахнасында шертіп жүрген күйіңіз таусылмасын деп қоштастық. Ылайым, солай болғай?!

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика