Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT “БАЛҚАДИША”

“БАЛҚАДИША”

Бурабайдай сексен көлі бар Көкше өңірін ғана емес, барша қазақ даласын ән бесігіне бөлеген Ақан серіні бүгінгі ел жақсы біледі. Қазақ мәдениеті мен өнер әлеміне өзіндік үлесін қосқан Ақан серінің шашасына шаң жұқпаған жүйрік аты – Құлагері, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, күні бүгінге дейін шырқалып жүрген ән-жырлары жетерлік болса, солардың ішінде “Маңмаңгері” мен “Балқадишасы”, “Қараторғайы” мен “Сырымбеті” халық арасында кеңінен тараған.

Ақанның сері болуының да өзіндік сыры бар сияқты. Әншілігімен қатар ақындығы, онымен қоса композиторлық өнерге ие серінің бапкерлік, шешендік, айтыскерлік өнері туралы құнды мәліметтер бар. Бірақ заманның бұралаң қалтарысында Ақанның шығармалары да мың сан мәрте өзгеріске ұшырапты. Тіпті, бір кездері солақай саясаттың да салқыны тиген екен. Әсіресе, “байтал түгілі бас қайғы” болған қызыл кеңестердің қылышынан қан тамған тұста қазақ әндері мен жырларының бірталайы өзгерістерге ұшырап, тіптен, көбі мүлде жоғалғаны рас. Біразы саясатты ел-жұртқа насихаттаудың амалына да пайдаланылыпты.

Бүгінгі тақырыбымыздың тұздығы Ақанның “Балқадиша” әні болып отыр. Заманында ән атасы атанған Әміре Қашаубаев Париж төрінде шырқаған әннің тұтас ел әлі естіп білмеген нұсқасы, яғни түпнұсқасы бар екен.

Ақанның ел арасында үлкен дау болып жүрген екі әні бар. Бірі “Әудем жер” болса, екіншісі осы – “Балқадиша” әні. “Балқадиша” әнінің тарихы да тереңде жатыр.

Ақан серінің алпысты алқымдап қалған кезі екен. Қараөткел жақтан ірі тойлардан келе жатқан Ақан сері Сандықтаудан Зеренді жерлеріне дейін созылған Үлкен Жыланды, Кіші Жыланды тауларын бөктерлей өтіп, сол жердегі Үлгілі деген ауылға түсіпті. Талай жерді аралап жүргендіктен, қандай үйге түсетінін біледі ғой. Сол уақытта Үлгілі ауылында Тіржан деген қажы болыпты. Ақан осы қажының үйіне түседі. Ақан келді дегесін ауылдың еңкейген қариясынан еңбектеген баласына дейін тайлы-тұяғы қалмай жиналыпты. Сол уақытта Мұса дегеннің үйінде Баймырза есімді бала дүниеге келіп жатса керек.

Шілдеханаға жиналған халық Ақан серіні де шақыртып алады. Үйге сыймағаны киіз үйдің етегін түріп сыртына жайғасқан қалың жұрт сол отырғаннан күні бойы, тіпті, таң атқанша ән тыңдапты. Қалың көпшіліктің ортасында Ыбырайдың он төрт жасар қызы Балқадиша да болған екен. Таң сарғайып атқасын жұрттың дені кетіп, үйді-үйлеріне тарай бастапты. Бірақ ән әуезіне беріліп ауызының суы құрығанша тыңдаған Балқадиша Ақанның оң тізесін баса жайғасып отыра беріпті. Тіпті, келіп: “Үйге жүре ғой, ерке қыз”, – деген жеңгелерін де елең етпесе керек. Бұл көріністі Ақан да қалт жібермей бақылап отырып, сол арада “Балқадиша” әнін өмірге әкеледі.

Бірақ “Балқадиша” әні кеңес уақытында күрделі өзгеріске ұшыраған. Мәселен, “Дегенде Балқадиша, Балқадиша, күйеуің сексен бесте, шал, Қадиша”, – деген сөздер кейін қосылыпты.

Мұны сол кездегі әйелдерді ерлермен теңестіру саясатында қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрін мұқату есебінде қолданған болар. Яғни, ақындар әйел теңдігін жырлауға кіріскен кезде “Балқадиша” әні қысқартылып, сол әндердің ішіне еніп кеткен екен. Тіпті, өрескел бұрмаланғандығы сонша, әннің тарихын білмегендіктен, жас Балқадишаны сексен бестегі шалға қосып та қойған. Яғни, дұрысы жап-жас Балқадиша сексеннен асқан шалға күйеуге беруге атастырылып қойыптымыс. Қазіргі кейбір әншілердің айтып жүргені де осы нұсқа болса керек.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.