Сіз мындасыз: Home RY'HANI'AT САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА

САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА

Осыдан он төрт жыл бұрын құрылған Уәлиханов ауданындағы өнер мектебі бүгінде үлкен шаңыраққа айналған. Бастапқыда 70 оқушы болса, қазіргі таңда домбыра, фортепьяно, хореография, вокал, баян, сурет, қолөнер сыныптарында 200-дей шәкірт тәлім алуда. Олар Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбеттің күйлерін құйқылжыта орындап, жерлестерінің көңілінен шығуда.

Халықтың болмысын, ішкі сырын айқын суреттейтін музыкалық аспаптар тілін меңгеру оңай шаруа емес. Алайда, білімге ынтызар, өнерді сүйетін оқушылар үшін алынбас қамал жоқ. “Өнерлінің өрісі кең” демекші, “Гүлдер”, “Кербез қыз”, “Жұлдыздар” би топтары, домбырашылар ансамблі, ұлттық аспаптар оркестрі өнерпаздарының талпынысы көңіл қуантады.

Шәкірт тәрбиелеу, дарындарды баптауда озық ұжымның әр жеңісті қадамы табанды еңбектің нәтижесі екенін айтып өтпеу мүмкін емес. Өнегелі ұстаздар мен өнерлі өрендер үшін әр күннің өзіндік ерекшелігі бар. Үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп, шығармашылықты шыңдаумен айналысатын шәкірттер облыстық байқауларды былай қойғанда, республикалық, халықаралық додаларда жүлделі орындардан көрінуде. Халықаралық суретшілер көрмесінде Мирас Зейнуллин мен Аңсар Біләл лауреат атанса, “Сәлем, Астана!” республикалық фестивалінде домбырашы Әділ Жанай бірінші орынды жеңіп алды. Ал Алматы қаласында өткен “Күншуақ” халықаралық фестивалінде ән айтудан Бұлбұл Халмаан алдына жан салмай, бас жүлдеге ие болды. Балалардың өнерге құлшынысын оятқан ұстаздар қауымына ата-аналар тарапынан да ризашылық шексіз.

Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі. Бұл орайда жас өрендерді бәйгеге баптаған тәлімгерлердің өнегелі ісі көпке үлгі. Өнер мектебінің ұстазы Иманхан Хуанганның еңбегі орасан. “Қара жорға” биімен көпшілікті тамсандырған ұстаздың өнерге қосқан үлесі сүбелі. Қандай байқауға қатыспасын оның шәкірттері әрқашан жүлдемен оралады. Бұл орайда мектеп директоры Данагүл Шәкенованың да жанашырлығын, өнерпаздарға деген қамқорлығын ерекше атауға болады. Аудан көлемінде ұлттық өнердің дамып, кең қанат жаюы үшін барын салып отырған білікті басшы білім ордасының материалдық-техникалық мүмкіндігін жақсартып, өнерге жанашырлық танытуда.

– Саф өнер ешқашан жоғалмайды. Ұлттық рух барда өнер өлмейді. Біздің бүгінгі жас дарындарымыздың өнері көңіл қуантарлық. Оларға қарап өміршең қазынамыздың сарқылмасына анық көз жеткізгендеймін. Тәлім алушыларымыздың бағындырған белесі көп. Әр баланың жеңіске жетуі – біз үшін мәртебе. Өнерге адал қызмет етіп жүрген ұстаздар мен абыройымызды асқақтатқан шәкірттерге менің айтар алғысым шексіз, – деді Данагүл Жұмабекқызы.

Бауыржан Момышұлы: “Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы”, – деген. Өнер мектебі осы сөзді айғақтап тұрғандай. Ұлттық өнердің дамуына мұнда баса мән беріледі. Домбыра, қолөнер сыныптарындағы оқушылар үшін тарихи білім маңызға ие. Тәлім алушыларды қазақ халқының мол қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету – ұстаздар қауымының басты міндеті. Ал музыкалық аспаптардың, ән-күйлердің шығу тарихына баса мән беру арқылы оқушы рухани азық алады. Өйткені, ұлттың тарихынан, салт-дәстүрі мен құндылығынан бейхабар шәкірттен болашақта кәсіби маман шықпауы мүмкін. Тіпті, іс тігуге үйреніп жүрген оқушыларға құрақ көрпелердегі әр оюдың шығу тарихы түсіндіріледі. Жас дарындарды ұлттық өнерге тәрбиелеу арқылы таным көкжиегін кеңейту, эстетикалық ой-өрісін дамыту, адамгершілікке тәрбиелеуде оң бағытты ұстанған ұжым көпшілікке үлгі болары анық.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Уәлиханов ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.