Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT “ТАҢБАЛЫ ТАС” — ТҰНЫП ТҰРҒАН ТАРИХ

“ТАҢБАЛЫ ТАС” — ТҰНЫП ТҰРҒАН ТАРИХ

Осыдан бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар өз үңгірлеріне өмірдің ең басты аспектілерін таңбалап кеткен. Бұл, ең бірінші, өздерінен кейінгі ұрпақ үшін жасалған әдіс. Біз осы суреттерге қарап, бұрынғы адамдардың қалай өмір сүргенін, немен айналысқанын біле аламыз. Мұндай суреттер әлемнің түкпір-түкпірінде бар, тіпті, қазақ даласында да тұнып тұр. Сондай жәдігерлеріміздің бірі – кезінде академик Қаныш Сәтбаев атамыз: “Қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің іргетасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы”, – деп баға беріп кеткен.

Тарихтан сәл-пәл хабары бар қазақ баласы үшін “Таңбалы тас” атауының қасиеті ерекше. Бүкіл түркі дүниесі үшін Күлтегін, Тоны-көк, Білге қаған жазулары қандай құнды болса, тарихымыздың куәсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігері бола білетін “Таңбалы тас” та сондай құнды болмақ.

Қалалық №2 кітапхана қорындағы Б.А.Железняковтың бірнеше бөлімнен тұратын “Таңбалы: Жартастағы сурет өнері, ескерткіші, төңірегі, табиғаты, қорық музейі” кітабын оқи отырып, тарихымыздан сыр шертетін “Таңбалы тас” қасиетті мекенінің тұңғиығында тұнып жатқан сырларына көз жеткізу мүмкіндігіне ие боласыздар. Ең бастысы, үш мың жыл бойы тарихи мәнін жоғалтпай келе жатқан бірнеше кешендердің толық сипаттамасы берілген.

Кітаптан біз аумағы жағынан ғана емес, жартастағы петроглифтер саны жағынан да анағұрлым артық Құлжабасы археологиялық кешенімен, онымен шектесіп жатқан Аққайнар кешенімен, қола дәуірінен бастап кейінгі ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын таулы петроглифтер мен обалар кешені және тағы басқа кешендердің толық сипаттамасымен таныса аламыз.

“Таңғажайып табиғаттың тұнығы, Тастарында тарихының жұғыны” демекші, тарихымыз кешеден емес, тереңнен басталатынын ұмытпайық. Иә, өмір қысқа болғанымен, өнер мәңгілік, ендеше, өткеніміз бен келешегімізді жалғастыратын тарих парақтарын білгеніміз абзал. Кітаптан аспан астындағы мұражайға деген өз көзқарасыңыз өсіп, оның беттерін аса құмарлықпен қарай бергіңіз келеді. Таңғажайып сырға толы “Таңбалы тас” бізге жақындай түскендей әсерде боласыз. Көңіліңізде одан алған ыстық әсер, туған жердің тұнған сырына деген іңкәрлік берік орын алады.

Ләззат ЕРҒОЖИНА,

қалалық №2 кітапхана меңгерушісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика