Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰРПАҚ

ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰРПАҚ

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Туған елімді жырлаймын” атты библиомарафон басталды.

Әдебиет әлемінде айшықты із қалдырып, тамаша туындыларымен халықтың жүрегінен орын алған жерлес ақын-жазушыларды ұлықтау, оқырмандар арасында олардың бай әдеби және тарихи мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған библиомарафонда оқушылар белсенділік танытты. Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп, музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат оқушылары мен М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері Қожаберген жырау, Шал ақын, Сегіз сері, Ақан сері, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен басқа да ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, қатысушыларды саф өнермен сусындатты. Әсіресе, Қожаберген жыраудың “Елім-ай” әнін орындаған ұстаз Шынар Темірханова мен Кәкімбек Салықовтың “Аққу жеткен” әнін шырқаған дәстүрлі әнші Ғалымжан Нұрпейісов жиналған қауымды ерекше әсерге бөлеп, биік те мәртебелі өнердің тұнығына бойлатты. Өз тарапынан зиялы қауым өкілдері бұл шараның мән-маңызына тоқталып, өңірдегі ақын-жазушылар туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған әдеби шараны алғашқылардың бірі болып біздің өңір бастады. Марафон одан әрі Өскемен қаласының облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жалғасын таппақ. Қыркүйек айына дейін барлық өңірде осындай шығармашылық кештер өткізілмекші.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика