Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT “ЖЫР ҚОРЖЫНЫ” ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

“ЖЫР ҚОРЖЫНЫ” ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

10 ақпан күні М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейде кең ауқымды шара өтті. Ол “Ұлттық бірыңғай тестілеуге жүйелі дайындық – білім сапасын жоғарылатудың негізі” деп аталатын үшжақты меморандум аясында ұйымдастырылды. Оған Мағжан Жұмабаев, Шал ақын аудандарының мұғалімдері және “Өрлеу” БАҰО” АҚ-ы филиалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының өкілдері қатысты.

Диалог алаңын құрудың мақсаты ұстаздар арасында өзара тәжірибе алмасу және “Ұрпақ есінде: Мағжан Жұмабаевқа – 125 жыл” акциясын өткізу арқылы облыс тұрғындарының назарын ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына аудару болды.

Ұстаздар қауымы алдында сөз сөйлеген мектеп-лицейдің директоры Рәзия Қасымова білім мекемесінің жетістіктеріне тоқталды.

– Біздің ұжымның алдына қойған мақсаты – заман талабына сай болу. Осыған орай, оқушыларды білім әлеміне жетелей отырып, толыққанды азамат етіп тәрбиелеу. Мектеп-лицей жұмыс істей бастаған он бес жылдың ішінде 18 оқушы “Алтын белгіге” қол жеткізді. Білім ошағы төрт рет Петропавл қаласының Құрмет кітабына енгізілді. Рейтинг бойынша алты рет республикамыздағы 100 үздік мектеп қатарына кірді. Мұның барлығы – жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деген директор ҰБТ-ға дайындық 10-сыныптан бастап қолға алынатынын және осы бағытта бағындырған белестер барын ерекше мақтанышпен атап өтті.

Бұл күні жиналған ұстаздар алдында педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, екі ауданның мұғалімдерін алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы қаңтар айында Мағжан Жұмабаев ауданында ақынның 125 жылдығына арналған акция басталған болатын. Осы шараны жалғастырған мектеп-лицей ұстаздары мен оқушылары, ата-аналар қонақтар алдында сахналық көрініс қойып, ақиық ақынның өлеңдерін үш тілде оқып, өнерлерін ортаға салды.

Алдағы уақытта акция Шал ақын, Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар және Мамлют аудандарында жалғасын табады. Ал 2018 жылдың маусым айында бұл эстафета М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге қайта оралу керек. Сол кезде ақынның 125 жылдығына арналған кең ауқымды шара өткізіліп, ескерткіш ашылады деп жоспарланған.

Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы Ырысжан Нұрғалиева акцияға арналған шара барысында мектеп-лицейдің директоры Рәзия Ескендірқызына “Жыр қоржыны” кітабын табыс етті. Бұл кітап алдағы уақытта барлық аудандарға жеткізіліп, оның ішіне жас ақындардың Мағжанға арнаулары жазылады. Акция аяқталғанда, “Жыр қоржыны” кітабы Сарытомар ауылындағы ақынның мұражайына қойылады. Бұл Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған шарадан бір естелік болмақ.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика