Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ДҮРКІРЕП ӨТКЕН ДҮЛДҮЛ

ДҮРКІРЕП ӨТКЕН ДҮЛДҮЛ

Дүрбелең замандарда қазақ даласын дүркіретіп өткен дүлдүлдер аз болмаған. Бүгіндері бұйығы құба белдерге қарап тұрып, солардың дүбірлері құлағымызға келгендей күй кеше беретініміз неліктен? Неге біз көкке көшіп кеткен көкбөрілердің дәуірін сағына береміз?! Біз ғана емес, келешек ұрпақ та аңызға айналған аталарымыздың аруағын, табиғи таза тегін, үзілмеген тамырын аңсай беретін шығар.

Халық өзінің өткен тарихын, өр ұлдарының ерлік істері мен өмірлі өнерін есте сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап қалдырып отырған. Аттары ауыздан ауызға көшіп, аңызға айналған атақты алыптар, осылайша, халық тарихынан өшпес орнын алған. Сегіз сері де сондай аңызға айналған сан қырлы тұлға.

Халық осал адамды аңыз қылмайды. Жоқтан бар жасамайды. Аңызға айналу үшін белгілі бір тарихи адамның ерекше бір қасиеті немесе асқан ерлігі, елді елең еткізген, тіпті, естен тандырған бір ісі болуы керек. Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақовтың ондай қасиеті болған. Және бір емес, бірнешеу. Оның Сегіз сері аталуының өзі-ақ көп нәрсені айтқызбай-ақ анықтап тұрған жоқ па?

Сегіз қырлы, бір сырлы деген ұғымға басқа бір қырынан қарап көрсек. Қазақ дарқан халық, көңілі түскен кісіні көтермелеуге, асыра бағалауға іштарлық қылмайды. Азды-көпті дәрежеде әр өнердің, әр кәсіптің басын шалған кісілерді де сегіз қырлы, бір сырлы деп әспеттеп отырады. Сондықтан осы күні не көп, кішкентай серілер көп. Ал шынтуайтына келгенде, сол өнердің бәрін де жоғары дәрежеде игеріп, бүкіл халықтық, ұлттық, адамзаттық деңгейге көтерген нағыз хас таланттар қашанда сирек болған. Міне, Сегіз сері – сондай өзгеше дарын иесі, серілердің серісі атанған ақиық, асқақ тұлға.

Ақтөбелік ақсақал, тарих пәнінің оқытушысы, шектінің шежіре қариясы Бәдір Нұғыманұлы Сегіз серіні өте жақсы көруші еді! Жер-көкке сыйғызбай, аңқылдай әспеттеп, саңқылдай суреттейтін.

– Баяғыда совет өкіметі мен компартия жан-жақты жарасымды дамыған жарқын тұлғаны қалыптастыру керек деген ұран көтеріп еді. Ал ондай жетпіс өнерді меңгерген, жан-жақты жетілген дара тұлғалар қазақ даласында бұрыннан болған. Солардың бірегейі – осы Сегіз сері. Адам баласының мүмкіндігінің қаншалықты екенін көрсететін, сан қырлы өнерді аса шебер меңгерген ақын, әнші, сазгер, жыршы, балуан, батыр, азаттық жолындағы күрескер тұлғаның аңызға айналып, қазақ аспанында ұшып жүруінің өзі әрі заңды, әрі керемет құбылыс! Біз ендігі жас ұрпаққа Сегіз серіні және сол сияқты даламыздың дара да дана тұлғаларын үлгі, өнеге ретінде оқытуымыз керек қой! Соған жете мән бермей, бөгет болып жүрген тағы өзіміз! – деп жарқын-жарқын сөйлеуші еді жарықтық.

Табиғаты ерекше, дарыны айрықша адамдарды озық елдер төбесіне көтеріп, тарих төріне шығарады, ұлттық мақтаныш тұтады. Ал біз жан-жақты талантты Сегіз сері атамызды не тарихымызға, не санамызға сыйғыза алмай әлек болып жүргеніміз біртүрлі ұяттау емес пе?! Өмірі мен өнері аңызға бергісіз, аңызы алысқа меңзейтін алып тұлғаны бүкіл Қазақ елі болып ардақтайтын кезіміз әлдеқашан жеткен жоқ па?!

Сегіз серіні тану, мұраларын зерттеу бүгінде қалыптасып, жолға салынғаны анық. Шығармаларын жинақтау, деректерді зерделеу, музыкалық мұрасын насихаттау қолға алынғаны құптарлық жайт. Алайда, әлі де ашылмаған құпия, шешілмеген жұмбақ, күрделі мәселе көп. Соның ең бір қарама-қайшы екі жағына тоқталмай кете алмаймыз, өйткені, бұл әңгіме Сегіз сері танушылардың да, танымаушылардың да алдында жардай болып жатып алатыны сөзсіз. Оны аттап та, айналып та өтемін десеңіз, ақиқаттан алшақтап кетесіз.

Бірінші үлкен мәселе – Сегіз серіні сүйетіндердің оған жөн-жосықсыз, жеткілікті дәлелсіз көп нәрсені тели беруі. Яғни, бүгінде Сегіз серінің мұрасы деп жүрген дүниелердің ішінде қоспалар аз емес. Ой жүгіртіп қарасақ, тарихи тұлғалардың қай-қайсына болсын, уақыт өте келе неше түрлі қоспалар жамала беретін жағдайлар баршылық. Тарихи тұлғалардың, әсіресе, кешегі кеңестік дәуірде өмір сүрген жандардың айналасындағы саяси саудалар, неше түрлі қитұрқылардың біразы ғылымға мәлім болса, біразы әлі жабулы қазан күйінде жатыр. Әрине, ол үшін тұлғаның жазығы жоқ, бірақ сол тұлғаны көтеру немесе төмендету мақсатындағы саяси сұрқиялықтар мен қулық-сұмдықтар қандай жиіркенішті. Өткен тарихқа қатысты ондай келеңсіздіктерді ашып көрсетіп, түзетіп отыру парыз. Қолдан жасалған қосымшалар, өз мүддесіне сай “қисынға келтіріп жіберу, иіңкіреп жіберу, жалғаңқырап жіберу” сияқты ұсақ қулықтар бүгінде кәдімгі ғылыми стильге айналып кеткені, ешкімге де құпия емес. Тіпті, пәтуаласып, келісіп, өткен тарихқа өкім шығара қою, өтірік кітап шығарып, кітап болғанда да құрап-сұрап толтырып, кірпіштей қылып қампайтып шығару, оны шындық деп жұртқа насихаттап, күштеп таңу, өтірік зират тауып, өтірік ескерткіш тұрғызу да – белең алған құбылыс. Бұл – ұлтымыздың атына ұят жағдай. Олардан арылуымыз керек, мейлінше аулақ болуымыз керек. Келер ұрпақ өтірікті кешірмейді.

Сегіз сері мұраларына да қолдан қосылған, үлкен ақындыққа лайық емес, боркемік өлеңдер ешкімге де абырой әпермейді. Қайткенде оның мұрасын көбейтеміз деп, көрінген нәрсені қоса беру – қисынсыздық. Асылдың аты асыл, ол аз болса да қымбат екенін естен шығармайық! Және бір күмәнді нәрсе, барған жерінің, әсіресе, бүкіл батыс өлкесінің көптеген өлең, жырын, ән, күйін Сегіз сері шығарған деп, жөн-жосықсыз қосып ала беру – ешқандай шындыққа да, әділеттілікке де сыймайды. Оларды сараптап, сыннан өткізіп, тағы да тексеріп, артығынан тазарту керек.

Бірақ, сонымен бірге, нағыз асылды қоса лақтырып жібермейік, абай болайық! Мұны айтып отырғаным, Сегіз серіні тарихта болмаған, қолдан жасалған аңыз ғана деп бұра тартушылар да бар. Тіпті, қаулы шығарып, уақыт қойнауынан тіріліп келіп, елімен табысқан тұлғаны жоққа шығарып, жойып жібергісі келгендер де болған. Сондағы ең басты уәждері – бірде-бір орыс архивінде Сегіз серінің аты жоқ! Ол туралы нақты тарихи документ еш жерде жоқ-мыс!

Осы бір қисынсыздық пен қисық түсінікке қаным қызып, кезінде аталарымызға, айрықша Сегіз серіге арнап жазған “Аңыз бен архив және аспан” деген өлеңімді, сәл қысқартып, келтірудің орайы бар-ау!

Ғалымдардың қай-қашанғы ұраны:

“Ғылым-тарих архивтерден тұрады!”

Біз теріске шығармаймыз архивті

Зерттеулердің таптырмайтын құралы,

Бір сұрақ бар мазалайтын бірақ та

Документті кімдер, қалай құрады?!..

Дұшпан жазған документті дәлел ғып

Атаң айтқан аңызыңды ұрады,

Ал бірақ та даламыздың тарихы

Архив емес, аңыз, жырдан тұрады,

Қай қағазға сияр екен жазғанмен

Ел қазақтың жүрегінің шуағы,

Тар қапас пен тас құрсауда тұншығып

Өткендердің өшіп кеткен шырағы?!

 

Тас таңбадай зейінінің тарихы,

Даладай кең пейілінің тарихы,

Бар әлемді бауырына сыйдырған,

Біздің тарих – мейірімнің тарихы!...

 

Бұл өмірдің бар мұраты ду ма екен?

Шуылдақтар нені біліп қуды екен?

Хатқа түскен тарих қана тарих та

Қалған өмір желмен ұшқан бу ма екен?..

 

Басқыншының жер жарады дақпырты,

Жаныңды жер бір тынбайтын жақ құрты,

Тарихыңның тиянағы болмақ па

Қанды қылыш әпесердің рапырты?

Жоққа қалай шығарасың атаңды

Болмады деп патша берген паспырты?!

 

Ақиқат деп құлай берсек құжатқа

Қиялымыз бара қоймас ұзаққа,

Крес қоя салмақпыз ба канторда

Аты-жөні тіркелмеген қазаққа?

 

Тұнған тарих қасиетті даламыз,

Ақ сүтімен бірге берген анамыз,

Тарих қалай жазылады дегенге

Тағы да бір ой жүгіртсін санаңыз,

Аңыз, жырмен ұрпағына аманат

Өз тарихын айтып кеткен бабамыз,

Аяқасты шаң-тозаңға алданбай

Тарих десең – аспан жаққа қараңыз!

Солай, бауырлар, орыстардың да, басқа жат жұрттардың да архивінде аталарымыздың аты болмаса болмай-ақ қойсын! Туған халқының есінде болса, жетіп жатқан жоқ па?! Сол сияқты, Сегіз сері де қазақтың өз тарихында бар! Оны ешкім де жоққа шығара алмайды! Ата-тегі бар, артында ұрпағы бар, туып-өскен, жатқан жері Гүлтөбе-Маманайы орнында тұрған адам қалайша жоқ болады?! Архивте аты жоқ деп, кім өз атасын жоққа шығарып жатыр екен ?!

Тағы бір қызық сұрақ, Сегіз сері қанша өлең, ән, жыр шығарды екен? Оның көбі уақыт желімен бірге ұшып, тарих қойнауына мәңгіге кеткен. Біз ол мұраны ешқашан да түгендей алмаймыз, түгел біле алмаймыз! Уақыттың қатал заңы осы. Бірақ асылдың сынығы да асыл деген, інжу-маржандай сақталған, бізге жеткен жауһарлары, гауһар тастары айрықша бағалы деп білеміз. Сегіз сері қазақ халқының рухани әлемінде жарқырап жасай бермек!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ,

ақын, жазушы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика