Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ШАТТЫҚ МЕКЕНІ

ШАТТЫҚ МЕКЕНІ

Қаламыз жылдан-жылға көркейіп, кеңейіп келеді. Күні кеше ғана бос жатқан Петропавл қаласының шеткі бөлігі бүгінде инфрақұрылымы дамыған, халық көп шоғырланған шағынаудандарға айналды. Соның бірі – Жәлел Қизатов көшесінің бойы. Көпқабатты баспаналар, кейін №3 қалалық емхана бой көтеріп, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Көптің ендігі тілегі – балабақша еді. Өткен жылдың күзінде оған да қол жетті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында айтылған жоспарларды жүзеге асыру аясында ашылған “Нұр бала” балабақшасында шағынауданның жас сәбилі отбасыларының өтінішімен бөбекжай тобын ашуға тура келді. Осылайша, мекемеміз бөбекжай-бақша дәрежесін алды. Ыңғайлысы – бұл мектепке дейінгі мекеме тұрғын үйлердің ауласында орналасқан. Ата-аналар ұл-қыздарын таяқ тастам жердегі балабақша тәрбиешілерінің қолына тапсырып, еш алаңсыз жұмыстарының қамына кірісе алады. Бұл бір жағынан уақытты үнемдесе, екінші жағынан қытымыр аяз бен боранды күндердің өзінде жұмысымыздың кідіріссіз жалғасып тұруына септігін тигізді.

Мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде мекеменің құрылысын жүргізген “Егоровские склады” ЖШС-нің өз міндетін үлкен жауапкершілікпен орындағаны анық сезіледі. Бақшамыздың іші кең, жарық әрі жылы. Яғни, мұнда жас ұрпақтың оқу оқып, ойын ойнап, жаттығуына қажетті жағдайдың бәрі жасалған.

Балабақша бүгінде толығымен мемлекеттік мекеме санатына көшірілді. Сондықтан бізде жекеменшік топтар жоқ. Балабақша қабырғасында 90 бүлдіршін тәлім-тәрбие алып жүр. 3-4 жас аралығындағы балаларға арналған топтардың бірінде оқыту-тәрбиелеу ісі қазақ тілінде жүргізіледі. Қалған үшеуі – орыстілді топтар. Кішкентай тәрбиеленушілердің үш тілді бірдей меңгеруіне, сонымен қатар тіл байлығын жетілдіруге, сөйлеу қабілеттерін дамытуға көп мән беріп отырмыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырды. Осы орайда жекеменшік кәсіпорындардың балабақша жетіспеушілігі мәселесін шешуге атсалысуы – уақтылы қолға алынған игі шара. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің арқасында Петропавл қаласының өзінде соңғы жылдары үш бірдей балабақшаның есігі айқара ашылып, балапандар игілігіне тапсырылды.

Светлана СТАРЦЕВА,

“Нұр бала” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика