Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҰЛТ МҰРАТЫНЫҢ САРҚЫЛМАС ҚАЙНАРЫ

ҰЛТ МҰРАТЫНЫҢ САРҚЫЛМАС ҚАЙНАРЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында Қазақ елі бүгінгі жаһандану үдерісінде өзіндік болмысын сақтап қалуы үшін атқаруы тиіс бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін көтерген болатын. Мақалада Президент қоғамдық сананы жаңғыртудың бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы және сананың ашықтығы сынды алты бағытын көрсетіп берді. Мақалада көтерілген негізгі идея тамырын тереңге жайған ұлттық рухани құндылықтарды сақтап, жаңғырту болашаққа қадам басудың негізгі баспалдағы деген қағиданы білдіреді.

Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында нақты жоба-бағдарламалар ұсынды. Олар: қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы, “Туған жер” бағдарламасы, “Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары” немесе “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасы, “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасы.

Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруда Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық-гуманитарлық салада үлкен серпіліс болды. Өңірлік жобалық кеңсе ашылып, оның құрамы бекітілді. Өңірлік комиссия және сараптама кеңесі құрылып, оған мүшелікке беделді қоғам мен ғылым қайраткерлері, Қазақстан халқы ассамблеясының, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жетекші сарапшылар мен мамандар кірді.

“Атамекен”, “Рухани қазына”, “Тәрбие және білім”, “Ақпарат толқыны” бағдарламалары бойынша 2017-2022 жылдарға бір республикалық (“Ботай” мұражай-қорығын құру), 43 кіші жоба және 282 іс-шара өткізу жоспарланған. Осы күнге дейін рухани жаңғыруға бағытталған 157 шара жүзеге асырылды. Елбасының бағдарламалық мақаласында көтерілген “Туған жер” бағдарламасының екінші бағыты – табысқа жеткен кәсіпкерлердің көмегімен аумақтарды инфрақұрылымдық жағынан дамыту, демеушілік. “Атамекен” кіші бағдарламасына енетін “Әлеуметтік бастамалар картасы” базалық бағдары бойынша “Туған жерге тағзым” республикалық жобасы аясында облыста 126 іс-шара өткізілді. Демеушілердің көмегімен облыс көлемінде қайырымдылық шаралары сәтті жүзеге асырылуда.

Тайынша ауданының Ильичевка ауылында медициналық пункт ашылды. Жеке кәсіпкер С.Н.Жақыпов және “Ильич” ЖШС-і қайтарымсыз негізде демеушілік көмек көрсетті. Жалпы ауданы 112 шаршы метр нысанға 20 млн. теңге жұмсалды.

Жамбыл ауданы Благовещенка ауылының демалыс аймағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бедерлі тас төселіп, гүлзарлар орнатылды, 15 түп шырша, 10 түп аққайың отырғызылған. Демалушылар үшін су-бұрқақ және орындықтар қойылды. Демалыс орны қуат үнемдегіш шамдармен жарықтандырылды. “Атамекен Агро” ЖШС-нің директоры Виктор Сухов бұл жұмыстарға 4 млн. теңге қаржылық көмек көрсетті.

Мемлекеттік-жекешелік серіктестік шеңберінде Комсомол ауылдық округінде ауыл тұрғындары үшін бос уақытын өткізетін орталық қайта жөндеуден өткізілді. Орталықта әртүрлі мәдени кештер, концерттер, “дөңгелек үстелдер” өткізіледі. Оның құрылысына “Кашин А.В. және К” фермерлік қожалығының басшысы Александр Кашин демеушілік жасап, 8 млн. теңге қаражат жұмсады.

“Туған жер” бағдарламасын жүзеге асыру барысында “Өлкетану” базалық жобасының аясында облыс бойынша мектеп оқушыларының 3 саяхат туры ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан облысының қасиетті нысандарының интерактивті картасы жасалғанын да айта кеткен жөн.

Қызылжар – ел қорғаған батырларды, күміс көмей әншілер мен сал-серілерді дүниеге әкелген қасиетті мекен. Халқымыздың әйгілі қайраткерлері Қожаберген жырау, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Шөже, Шал, Нияз сері, Арыстанбай, Орынбай ән мен жырдан шашу шашқан өлке. Сол себепті “Талантқа толы туған өңір” өңірлік жобасы аясында “Жұмағы жердің – Қызылжар” атты жергілікті ақын-композиторлардың әндерінің облыстық конкурсы өткізілді. Конкурсқа 13 аудан және Петропавл қаласының өкілдері қатысты. Дара тұлға, ақын Сегіз серінің 200 жылдығы аясында республикалық “Гауhар тас” халық аспаптары оркестрлері және ансамбльдерінің фестивалі өтпек. Республикалық айтыс ұйымдастырылды. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай атқарылатын ауқымды шаралар кешенінің жоспары бекітілді.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Қожаберген жыраудың 355 жылдығына орай “Қаhарман тұлға – Қожаберген” тақырыбында көрме ұйымдастырды. Биыл баhадүр жыраудың мерейтойына орай қаламыздың кіреберіс қақпасына айбынды ескерткіші орнатылмақ.

Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен “Асыл қазына” кіші жобасы жүзеге асырыла бастады. “Салт-дәстүр” этно-мәдени фестивалі, ұлттық нақышты сипаттайтын қазіргі заманғы брендтік киім коллекциясын шығаруды мақсат еткен жобаның болашағы зор болатындығына күмәніміз жоқ. Өңіріміздің ұлттық-мәдени мұрасын насихаттайтын тағылымды шаралар легі алдағы уақытта жалғасын таба беретіні сөзсіз.

“Тәрбие және білім” кіші бағдарламасы бәсекеге қабілетті, шығармашыл, мәдениетті, білімді тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған. Білімнің салтанат құруы мен сананың ашықтығы барлық жерде болуы тиіс, ал әлемнің озық елдерінің технологияларын ескере отырып, сапалы білімге бет бұру негізгі басымдық болып табылады. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Есіл өңірінің жұлдыздары” жас вокалшылардың облыстық байқауы өтті. №6 орта мектеп Қожаберген жыраудың 355 жылдығына арналған “Дауылпаз баба Қожаберген” атты облыстық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған гимназия-интернат ұжымы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай “Жыр жұлдызы Мағжан поэзиясы – ұлттық руханият негізі” атты жас ақындардың халықаралық әдеби байқауын өткізді.

Елбасының бағдарламалық мақаласының жарыққа шыққанына бір жыл толуына орай, облыстық білім беру басқармасы музей экспонаттарын жинап, сақтауға ынта білдірген белсенді оқушыларды қатыстыра отырып “Бабадан қалған мұраны мұражай сақтап тұрады” атты облыстық форум өткізеді. Жазғы кезеңде облыс ішінде оқушылардың арасында ақпараттық-танымдық турлар ұйымдастырылып, аймақаралық (Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облысы және т. б.) оқушылар мен мұғалімдердің көшпелі экспедициясы жүргізіледі.

Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерінің 5,6,7-сыныптары үшін “Солтүстік Қазақстан облысының өлкетануы” оқулығын құрастыратын облыстық сарапшы топ құрылды. Аталған бағыт бойынша Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының шығармашылық ұжымдары қатысқан II халықаралық балалар театрының “Сән сахнасының жұлдыздары” фестивалі, “Ұлы дала тұлғалары” атты өңіріміздің танымал тұлғаларымен мектеп оқушыларының кездесулері, “Болашақ техникасы” тақырыбында облыстың жас техниктерінің форумы, “Таңшолпан” қазақ мәдениетінің фестивалі, “Батыр” әскери-спорт ойындарының финалы, “Алау” әскери-далалық ойындары, оқушылар мен колледж студенттері арасында ұлттық спорт ойындарының спартакиадасы, “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтар мүшелерінің слеті, облыстық жалпы білім беретін мектептерде “Абайтану”, “Мағжантану” факультативтері, кітапханадағы бір күн облыстық акциясы, “Есіл өңірінің жұлдыздары” жас вокалшылардың облыстық байқауы және басқа да шаралар жүзеге асырылды.

Заманауи қазақстандық мәдениеттің ең үздік жетістіктерін облысымызда, елімізде және шетелде насихаттау мақсатында өткен жылы өңіріміздің өнер адамдары “Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” жобасына қатысқан болатын. Атап айтсақ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының шығармашылық тобы “Белая Вежа” халықаралық театр фестиваліне қатысты (Беларусь Республикасы), облыстық қуыршақ театры “Степной ноктюрн или между закатом и рассветом” спектаклімен III балалар театрларының фестиваліне барды (Ресей Федерациясы).

“Саналы азамат” базалық бағытының “Ұлы дала жастары” жобасының аясында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де студент жастарға бағдарламаның мән-мағынасын түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілді. “Рухани жаңғыру” бағдарламасын толыққанды жүзеге асыру үшін ғалымдардың жетекшілігімен 4 эксперттік топ құрылды. Білім беру бағдарламаларының мазмұны жаңартылды. Оқу жоспарларына “Өлкетану және туризм негіздері”, “Экологиялық туризм”, “XIX-XX ғасырлардағы Солтүстік Қазақстанның тарихы”, “СҚО музейлері мен археологиялық ескерткіштері” және т.б. элективті пәндер енгізілді.

Туған жеріміздің тарихи, әдеби, мәдени әлеуетін көрсететін ғылыми-зерттеу жұмыстары жандана бастады. Тілдер басқармасы, архив және университет ғалымдары облыстың тарихи топонимикасын зерттеп, “Атамекен атаулары” деген монография шығарды. “Солтүстік Қазақстан облысы: тарих және тағылым” монографиясы жаңа көзқарас тұрғысынан алғаш рет облыс тарихы архив пен кітапхана қорларында сақталған, бұрын ғылыми айналымға түспеген деректер негізінде жазылды. Сонымен қатар “Манаш Қозыбаев” энциклопедиясы, “Рухани жаңғыру: ел тірегінің негізі” атты ғылыми мақалалар жинағы құрастырылды. “Атадан асыл аманат” мақалалар жинағы мен “Бабадан қалған байтағым” екі томдық зерттеу еңбегі, “Ақын-жазушылар поэзиясындағы “Туған жер” концептісінің көрінісі”, “Қожаберген шығармаларының тілдік және концептуалды сипаты”, “Ономастикалық атаулардың тарихи және лингвостилистикалық ерекшелігі” және т.б. монографиялар мен зерттеу еңбектері жарық көрді.

Ұлттық кодты қалыптастырып, қарым-қатынас жасаудың негізгі көзі – жазу. Бүгінде латын қарпі ең көп қолданылатын графикаға айналып отыр. Сондықтан латын қарпіне көшу уақыт талабынан қалмау, әлемдік кеңістікке табысты ену және өзіміздің кескін-келбетімізді сақтап қалу үшін маңызды болып отыр. Өңірімізде “Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуі” арнайы жобасын іске асыру жөніндегі жұмыс жоспары жасалды. С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада латын әліпбиін зерттеу орталығы ашылды.

Еліміздің жетістіктерінің артында ел азаматтарының қажыр-қайраты жатыр. Елбасы ұсынған “100 жаңа есім” бастамасы – туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтарды тану және танытуға қажет құнды жоба. “100 жаңа есім” жобасында Солтүстік Қазақстан облысынан 8 адам жеңімпаз атанды. Олар К.Н.Баязитова, Т.П.Кучер, Р.И.Евдаев, В.М.Диденко, А.С.Бейсенов, Г.Г. Зенченко, Г.С.Бернецян және А.В.Кухарюк. Шетелде және республикамыздың өзге аймақтарында табысты еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің басын қосып, өңірімізді көркейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізу мәселесі өте өзекті. Осы мақсатта кәсіпкерлік және туризм басқармасы облыстық форум өткізуді жоспарлап отыр.

Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” – алғаш рет қолға алынып отырған маңызды жоба. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 19 рухани маңызды нысан белгіленді. Олардың ішінде – мемориалды кешен, музейлер, мешіт, шіркеу және батырлардың мазарлары бар. 6 нысан (Ботай қонысы, Ағынтай және Қарасай батырлардың мемориалдық кешені, Айғаным қонысы, “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені, Кұлсары батыр кесенесі, Қожаберген жырау кесенесі жалпыұлттық киелі орындар тізіміне енгізілді. Қазақстан жұлдызы атты нысан (Тайынша ауданы) Қазақстанның киелі орындар картасына кіргізу үшін республикалық кеңес қарауына жіберілді. Мағжан Жұмабаевтың әкесі Бекен Жұмабаев және атақты Ақан сері жерленген жерлер зерттелуде.

Биылғы күзде Солтүстік Қазақстан облысында Ресей және Қазақстанның шекаралас аймақтарының ынтымақтастық форумы өтеді. Оған екі елдің мемлекет басшылары қатысады деп күтілуде. Форумның тақырыбы: туризмді дамыту. Осыған орай, Солтүстік Қазақстан облысында туризмді дамыту жұмыстары қолға алынды. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында 2018 жылдың ақпан айынан бастап “Қызыл жол” (Красная линия) атты жоба жұмысын бастап кетті. Оның мақсаты – Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтарына қаланың беймәлім тарихи орындарын арнайы белгі тақтайшалар (QR-код) және гаджеттер арқылы көрсету.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

“Рухани жаңғыру” өңірлік жобалық офисінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика