Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ӘР ТАСЫ — ТАРИХ

ӘР ТАСЫ — ТАРИХ

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен “Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің” тақырыбында шығармалар байқауы өтті. Туған жер тақырыбы арқау болған байқауға мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Қырықтан астам оқушы бақ сынаған сайыста Айыртау ауданы Дәуқара орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ажар Ақжігітова жеңіске жетті. Ажар байқауға Айыртау ауданының тарихы туралы зерттеуін ұсынған екен. Жас зерттеушіге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қасым Нұрғалиев бағыт-бағдар берсе, көпті көрген көнекөз ауыл ақсақалдары өздері білетін мәліметтерімен бөліскен. Білім мен өнердің қос тізгінін қатар ұстаған бойжеткен он жасынан өлең жазады. Ұстаз болуды арман ететін Ажар болашақта әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге үлес қосып, қаламгерлер қатарына қосылуға үмітті. Қадамы сәтті болсын деп алғашқы туындысын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қазақ жері қанша кең болғанымен, сол жерді мекен еткен қазақ баласының жан дүниесі одан да кең, одан да байтақ десем, артық айтқандық болмас! Себебі, қазақ баласының өзі осындай қанымыз бен теріміз сіңген жеріміздің қасиетті топырағынан жаралып, нәр алады емес пе?! Құт пен береке, ынтымақ пен достықтың қарлығашы ұя салған атамекенімізде бүгінгі таңда бір жүз отыздан астам өзге этнос өкілінің де шаңырақ құрып, түтінін түтетіп отырғаны – сол қазақ даласындағы татулықтың таңғажайып үлгісі мен қонақжайлылығының қайталанбас қасиеті. Сондықтан да атадан мұраға қалдырған адамгершілігін әлемге әйгілеген қазақ ұлтының ұлағаттылығына ешкімнің де дауы бола қоймас.

Төл табиғатымыз да осынау асыл қасиетімізге тәнті болып, ел қорғаған батырларды да, елді аузына қаратқан бишешендерді де, ақын-жыршы, сал-серілерді де аямай бере салған ғой! Сол сүйегі асыл ата-бабаларымыздың дуалы аузынан шыққан жер, су атаулары сонау Арқа мен Алтай, Атырау мен Алатау өңірлерінің өзіндік ерекшеліктері және қайталанбас қасиеттерінің куәсі емес пе?! Осындай жер, су атауларының тағы бір ерекшелігі – өзіне өзгелердің басқа есімдер қойып, өзгертпек болған әділетсіздігіне, зорлығына көнбейтігінде. Сондай-ақ, сол атаулардың тарихпен біте қайнасып, өлең-жыр, аңыз-әңгімелер арқылы мызғымас байланысқа түсуінде ғой деп ойлаймын. Мысалы, Жамбылдың “Өтеген батыр”, “Сауран батыр” дастандары мен ақын Сәкен Сейфуллиннің “Көкшетау” поэмасын, Мағжанның “Батыр Баян”, Мұқағалидың “Райымбек, Райымбек!” поэмалары, Ақан серінің “Сырымбет”, Кәкімбектің “Қамсақты” атты өлең-жырлары осының дәлелі емес пе?! Біз осындай ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын шығармалар арқылы туған жеріміздің ғана емес, ұлтымыздың да ерекше қасиеттерін көре аламыз.

Алысқа кетпей-ақ өзімнің туған өлкемде де атауы ерекше қасиеттерімен үндесіп жатқан жер, су аттары аз емес. Айыртау, Имантау, Ботай, Сырымбет, Жалғызтау, Арықбалық, Тораңғыл көлі, Есіл, Қамсақты, Борлық өзендерінің атаулары да таутасына сіңісіп, аты затына сақадай сай болып тұрғаны шындық. Осындай ерекшеліктер мен айшықтарды жерлесіміз Шоқан Уәлиханов та зерттеп, қағаз бетіне түсіріп кеткен. Жерлес Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Орынбай, Арыстанбай, Шөже ақын туындыларында да бүгінгі күнге дейін сақталған жер, су атаулары көптеп кездеседі.

Дәуқара ауылының да өзіне лайықты тарихи атауы бар. Шоқан Уәлихановтың зерттеу еңбектерінің бірінде Дәуқара, Сырымбет атты ағайынды екі батыр болған деген пікір айтылады. Сол пікірге сүйенсек, екі батырымыздың есімдері қазіргі өзімізге мәлім қос ауылға берілген сияқты. Осы екі мекеннің арасы да небәрі 20 шақырымдай ғана.

Дәуқара ауылынан 5-6 шақырым жерде “Орынбай”, “Қабақ” деген көлдер бар. Ертеректе “Орынбай” көлі, не себептен, екені белгісіз “Қалмақкөл” атанған екен. Кейін Орынбай ақын дүниеден өткенде сол көлге атақты ақынның есімі беріліп, күні бүгінге дейін “Орынбай көлі” аталып жүр. Орынбай Бертағы атамыз қартаң тартқан шағында Семей өңіріне ұзатылған Жанбала деген қарындасын іздеп барғанда, қатты ауырып қалады. Дертінен айықпасына көзі жеткен ақын туған жерін бір көруге зар болып өзінің “Туған жерге” деген әйгілі қоштасу хатын жазған:

Ақайран су ішінде тоңбайды екен.

Айырылған ел-жұртынан оңбайды екен.

Бал құйып шыныаяқпен ішсең-дағы,

Әркімнің өз жеріндей болмайды екен,

Қабақкөл, Қалмақкөлмен екі көлім.

Атығай-Қарауылмен туған елім

Ішінде Алтай-Қарпық қазам жетсе,

Өзіңді көре алам ба, туған жерім?! –

деп күңіренген ақын өмірден өткен екен.

Осынау Дәуқара ауылынан екі шақырым жерде “Аққуатқан” және “Қыздарөткен” деген жерлер бар. Елдің айтуынша, “Аққуатқан” көлінің аталуы XX ғасырдың басында болған оқиғаға тікелей байланысты делінеді. Осы жерде туған Ырысбай деген аңшы адам сол көлде абайсызда аққуды атып түсіреді. Аққудың киесінің әсерінен аңшының астындағы аты, үйіндегі жары өледі. Сұрапыл соғысқа кеткен үш бірдей ұлы майданнан оралмайды. Содан бері еліміз осы мекенді киелі, қасиетті санайды.

Ал “Қыздарөткен” деген мекеннің аталу тарихы бұдан да қызық. Ол Дәуқара мен Бірлестік ауылдарының араларында орналасқан. Ертеректе түнделетіп жол жүріп келе жатқан екі жолаушының көзіне ағаш арасынан күліп-ойнап өтіп бара жатқан бір топ сұлу қыз түседі. Жарық ай астында киген киімдері жалт-жұлт етіп, олардың бейнесін ерекшелендіріп тұр екен. Екі жолаушы біраз уақытқа дейін ақыл-есінен айырылып қалыпты. Естерін жиса, ешкім де жоқ екен. Артынан сол қыздар тобын тағы да басқа адамдар көрген екен. Жұрт оларды перінің қыздары деп, сол жерден өткенде арнайы дұға оқып өтетін көрінеді. Осындай қызықты оқиғаға, аңыздарға толы жерлер аз емес.

Ата-бабаларымыздың осынау туған өңірімізге берген тарихи атауларының атына заты сай екендігінің куәсі ретінде “Айыртау” атауының сырына үңілер болсақ, қатар түзеп аспанға айырдай шаншылған егіз тау жотасына осы есім ғана лайық екендігін еріксіз мойындаймыз. “Егізтау”, “Екітау” десек те, “Айыртау” деген атауға лайық емес, үндеспейтін сияқты болып тұрады. Ал аудан орталығының “Саумалкөл” атануына оның оңтүстік-шығыс жағындағы көлдің өзіндік ерекшеліктері себеп болған секілді. Көлдің суының саумал қымыз сияқты кермек дәмі оның осы атауға әбден лайық екендігінің дәлелі ғой.

Ертеде суы мөлдір, балығы мол болған “Саумалкөл” көлі бүгінде суын адам да, мал да ішпейтін, балығы жоқ, құс қонбайтын экологиялық апатқа ұшыраған көлдердің біріне айналды. Аты затына сай болған бұл көлдің тағдырына қарап, біз туған жеріміздің табиғатын сақтау керектігін түсінеміз. Егер осы жағдайларды ескермесек, сонау Арал теңізі мен Балқаш көлі сияқты табиғи байлықтардан айырылып қаларымыз анық. Туған өлкемізге қарап:

Туған жер, қасиетті мекен едің,

Сен мені өзіңе әр кез жетеледің.

Өзіңдей асыл мекен болмаса егер,

Кезбе боп өмір бойы өтер ме едім?

Біреулер көре алмаса, күндей берсін,

Жамандап жаман жандар үндей берсін.

Аты өшпей, апат көрмей туған өлкем

Жыл сайын тамыр жайып гүлдей берсін! – дегім келеді.

Қазақ жеріне басқа ұлт өкілдері көшірілгеннен кейін көптеген тарихи атаулар өзгеріп кетті. Қоныс аударушылар жергілікті жер, су атауларын өздері қалағандарынша өзгертіп, еріксіз бұрмалап, тарихи құндылығымызға қол сұғып, орны толмас қиянат жасағаны туралы көп айтуға болады. Біздің ауданымыз көптеген жылдар бойы “Володаровка” деп аталса, тәуелсіздік алған жылдары – Айыртау, аудан орталығы Саумалкөл атанды. Бірақ әлі де кейбір жерлестеріміз сол “Володаровкасын” ұмыт қалдырмай, құлаққа түрпідей тиетін атауын айтудан жалығар емес. Кейбір ұлт өкілдерінің біздің ежелгі тарихи атауларды қайтып алуымызға іштей қарсылық та білдіргісі келетіні көңілге кірбің салады. Мұнысы өзін сыйлап, бауырына басқан жергілікті халықтың жақсылығына көрсеткен “алғысы” ма деп еріксіз ойға қаласың. Петропавл қаласының атауын өзгертіп, “Қызылжар” деген ежелгі атын қайтарсақ, тарихымызға жасалған қиянаттың қайтқаны болар еді деп ұсыныс түсіргенде де осындай жағымсыз әрекеттердің бой көрсеткені есімізде. Шығармамды мынадай өлең жолдарымен аяқтағым келеді:

Қазағым қазақ болғалы,

Қазандай қайнап толғалы,

Құт болған осы мекенге

Қанатын жайып қонғаны.

Қасиет қонған жер үшін,

Қан төгіп, қалқан болғаны.

Таңбасын салып тау-тасқа,

Мал бағып, егін орғаны.

Ат қойып өзен, көліне,

Қалдырған белгі зор мәні.

Егемен ел боп бүгінде,

Құрдық қой биік Орданы.

Зар заман кетті келмеске,

Қиындық емес қалғаны.

Осы емес пе еді аңсаған

Ата мен баба арманы?!

 

Ажар АҚЖІГІТОВА,

Дәуқара орта мектебінің 11-сынып оқушысы.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика