Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ЖҰРТ СҮЙСІНГЕН ЖӘДІГЕР

ЖҰРТ СҮЙСІНГЕН ЖӘДІГЕР

Сарыарқаның төсі – сайыпқырандар мекені. Дауылпаз баба Қожабергеннің, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың ізін жалғаған замана бұлбұлдары мен дүлдүлдерін түлеткен Қызылжардың топырағы киелі. Осынау құт мекенде дүниеге келген өнерпаздың бірі – Жәдігер Әлтаев.

Жәдігер Әлтаевтің дүркіреген шағы сексенінші-тоқсаныншы жылдар. Бұл кез қызылжарлық қауымның есінде болар. Әсіресе, аға буынға Әлтаев жақсы таныс. Бірақ бір кездері көрерменнің көзайымына айналған өнерпаз неге тасада жүр деген орынды сауал ойға оралады. Маңдайы жарқырап, жұлдызы жанған сәтінде көрерменмен қоштасуға не себеп?

Өнер өлкесінде тума талантымен танылған азаматтың өмір жолы өзгеше. Құдай берген өнердің арқасында талай сыннан сүрінбей өткен Жәдігердей жігерлі азаматтың өнерге құштарлығы бала күнінде оянған. Оның өнерге алғаш қадамы мектеп қабырғасынан басталған. Толқындары жағаға ұрған Есілдің ерке самалы оған ерекше қанат бітіргені анық. Жекекөлден түлеп ұшқан Жәдігер 1970-1980 жылдар аралығында Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-интернатында білім алған. 1980 жылы музыкалық училищенің үрмелі-аспаптар бөлімінде волторна аспабы сыныбында оқыды.

Еңбек әліппесін Мамлют ауданына қарасты Андреевка ауылынан бастаған. Жәдігер Әлтаев ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. “Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес” дегендей, жас маман қолдау білдірген кеңшар директоры Естай Алпысбаев, бас есепші Сұлтанғазы Біләлов сынды ел азаматтарының көрсеткен ағалық қамқорлығын әлі күнге дейін ұмытқан емес. Аққайың ауданында да өнердің дамуына бір адамдай атсалысып, музыка мектебінде жұмыс істеді. Кейін көпшіліктің көзайымына айналып, облыстағы түрлі деңгейдегі мерекелік шаралардың басықасында жүрді.

Алаш қайраткері, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев ақталғаннан кейін оның шығармашылығын насихаттағандардың бірі болды. Ақынның “Шолпы”, “Айрылғанда”, “Бесік жыры”, “Сағындым” өлеңдеріне ән шығарғанын біреу білсе, біреу білмес. 1993 жылы Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығына орай Сарытомарда көрермендердің назарына ұсынылған қойылымда Мағжанның рөлін сомдаған өнерпаздың актерлік қыры да бір әңгімеге арқау болады.

Біз біле бермейтін оның белгісіз қырлары әлі қаншама? Өмір айдыны тек қызыққа толы сәттерден тұрмайды. Ер жігіт не көрмейді. Оның қиналған да кездері аз емес. Нағашысы қайғылы жағдайға тап болғанда, әке-шешесіз қалған 4 баланы далаға тастамады. Қанатының астына алып, қамқорлық көрсетті. Сол себепті туған жері Жекекөлге қайта оралып, бәрінен алшақ өмір сүрді. Жетімдерді жылатпау үшін өнерді кейінге шегерген жайы бар. Бірақ өнерден қол үзбеді. Таудай талабымен танылған еңбекқор азаматқа Есіл аудандық музыка мектебін басқару сеніп тапсырылды. Бүгінде ол балаларды өнерге баулып, шәкірт тәрбиелеуде.

Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Жарығы өшіп, жылудан ажыратылған музыка мектебінің жұмысын жандандырған да бір өзі. Құдайға шүкір, оның табанды еңбегінің арқасында қазір мектепте жылу да, жарық та бар. Домбыра, фортепьяно, гитара, сыбызғы аспаптары сыныптарында 80-ге жуық бала тәлім алуда. Шәкірттерінің өнерге қызығушылығы ерекше екенін айтқан ұстаздың балаға деген махаббаты шексіз. Әр оқушыны өзінің баласындай көретін оның мейірбандығына қайран қаласың. Бала демекші, Айгүл, Әсем, Салтанат атты қыздары, Алпамыс пен Саржан есімді ұлдары бар. Әке ізін жалғаған ұлдың үлкені қазір өнер колледжінде үрмелі аспаптар бөлімінде оқиды.

Сегіз қырлы бір сырлы Жәдігер Әлтаевпен болған мағыналы кездесуде оның өнерге деген адалдығын аңғардым. Ауылда жүріп, жалғыз өзі атан түйеге жүк болар жұмыс тындырған азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика