Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT МАҒЫНАЛЫ КЕЗДЕСУ

МАҒЫНАЛЫ КЕЗДЕСУ

Астана қаласындағы мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақстандықтар үшін смартфон және планшеттерге арналған латын әріптерімен жазатын пернетақта – “Qazaq Latyn Keyboard” қосымшасын жасап шығарды. Қосымша С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Рухани жаңғыру” бағдарламасына бір жыл толуына орай және облыстық әкімдік пен Тұңғыш Президент қоры арасындағы өңір жастарына білім және ғылым саласында қолдау көрсету мақсатында жасалған ынтымақтастық жөніндегі меморандумды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған кездесу барысында таныстырылды.

Кездесуге мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, ақын Бауыржан Қарағызұлы, “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасының жеңімпаздары және өңір жастары қатысты. “100 жаңа есім” қатарына кірген облыстық мәслихаттың депутаты, еврей этномәдени орталығының төрағасы, кәсіпкер, меценат Рашбиль Евдаев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор Гүлбарам Баязитова және жеңiл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионы Алмас Бейсенов сөз алып, өздерінің өмір жолы жайында баяндады. Кез келген қиындықты жеңуге талпынып, тек қана алға ұмтылу қажеттігін айтты, осылайша, өңір жастарын биік белестерді бағындыруға жігерлендірді.

Ал мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев қысқа мерзімде қазақ тілін оңай үйренуге мүмкіндік беретін жобамен таныстырды.

– Қазақстанда алғаш рет қазақ тілін оқытудың онлайн-курсын әзірледік. “Soyle.kz” мобильді қосымшасына күніне кем дегенде жарты сағат уақыт бөлу арқылы мемлекеттік тілді бар-жоғы үш айдың ішінде әрі тегін меңгеруге болады. Бүгінде мобильді қосымша арқылы бұл курстан 80 мың адам өтіп жатыр, – деді Азат Шәуеев.

Ал “Qazaq Latyn Keyboard” қосымшасы арқылы латын әріптерімен жазу тіптен жеңіл. Қолданушыларға ыңғайлы болу үшін пернетақтаның транслитерациясы жасалыпты. Мәтінді кириллицамен енгізсеңіз, бағдарлама автоматты түрде оны латын графикасына аударады. Осындай тәртіппен керісінше жасау арқылы қолданушылар жаңа латын қарпімен жазуға оңай машықтана алады.

Сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамыту қоры мектеп жасына дейінгі балаларды қашықтықтан оқытуға арналған онлайн-сервис, тақырыптық сөздік, Абай Құнанбаевтың өмірі және шығармашылығымен таныстыратын “Abaialemi.kz” энциклопедиялық онлайн-порталын, балаларға арналған “Tattialma.kz” әдеби сайтын, “Кім білгіш?” интеллектуалды-танымдық мобильдік ойынын, “Qazaqstan3D” веб-сайтын және “Жеті қазына”, “Менің Қазақстаным”, “Ұлы тұлғалар”, “Қазақстанның мерекелері” мобильді қосымшаларын жасап шығарып, пайдаланушылардың игілігіне тапсырды. Ал алдағы уақытта ресми құжаттар мен ісқағаздарды мемлекеттік тілде толтыруға үйрететін бағдарлама іске қосылмақ.

Кездесуде сөз алған ақын Бауыржан Қарағызұлы “Рухани жаңғыру” бағдарламасының мән-мағынасын ашып көрсетіп, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ақынға арнаған өлеңін оқып берді. Жиынға қатысып, қажетті ақпаратқа қаныққан жастар “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасының жеңімпаздарына, басқа да табысты азаматтарға қарап бой түзейтіндерін айтты.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика