Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАНДАРЫ

ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАНДАРЫ

Ұлы дала халқының рухани кемелденуіне жол ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне бір жыл толды. Атаулы күнге орай облыс орталығында ауқымды форум өтті. “Бабадан қалған мұраны, мұражай сақтап тұрады” атты шараға облыстық білім басқармасы және қазақ мектеп-гимназиясы мұрындық болды.

Рухани жаңғырудың тамыры тереңде жатыр. Кемел келешекке қарышты қадам басу үшін алдымен өткенді зерделеп, тарих қойнауына бойлап, құнды дүниелердің маңыздылығын түсіне білуіміз керек. Тәуелсіздіктің көк туы көгімізде желбірегелі бұл бағытта істелген жұмыстар ауқымды. Мәселен, 2004 жылы “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. 2013 жылы “Халық – тарих толқынында” бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі түрде жиналып, зерттелді. Мұндай іс-шаралардың барлығы бір мақсатты көздейді. Ол – күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде бұқаралық сана-сезімді өзгерту, барынша заман талабына сай болуға ұмтылу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының мақсаты да осы. Бәсекелік қабілет, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы жайында орамды ойлар айтылған құжатта “Туған жер” тақырыбына ден қойылған. Себебі, елге деген патриоттық сезім дәл осы туған жерден бастау алады.

Бес жүзден астам адамның басын қосқан форумның мақсаты – оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың санасына ұлттық рухты сіңіру. Шығармашылық қабілеттерін дамытып, туған өлкенің өткенін жаңғыртып, тарихты ұлықтау. Осы бағыттар арқылы жас ұрпақтың азаматтық ұстанымына ықпал ету.

Форумның басында “Рухани жаңғыру” бағдарламасына арналған “Мұражай – арман шырағы, білімнің кәусар бұлағы” атты экспозиция және оқыту-тәрбие бағытында қолданылатын жәдігерлер көрмесі ашылды. Аудан мектептерінен келген ұстаздар мен оқушылар қонақтарды білім ошағындағы мұражайлардың тыныс-тіршілігінен ақпарат беретін түрлі құнды заттармен таныстырды. Көрмені тамашалаушылардың назарына Есіл ауданының өкілдері қазақ халқының киіз үйін ұсынып, оның шығу тарихымен бөлісті. Ал Ақжар ауданы Бостандық ауылының география пәнінің мұғалімі Ләззат Сәрсенбаева көрмеге өз қолымен жасаған киелі картасын әкелген. Оқушыларға арналған картада ауданның киелі жерлері белгіленген.

– Жұмыс барысында аудан өміріне байланысты көптеген ақпараттық маңыздылығы бар құжаттарды пайдаландым. Соларға сүйене отыра, киелі жерлерді осы картаға енгіздім. Бүгінгі таңда 73 археологиялық ескерткіштің бары анықталды. Жаз айында сол жерлерге барып, зерттеу жұмыстарын жалғастырамын, – деп жоспарымен бөліскен ұстаз осы тақырыпта оқу-әдістемелік құрал жазғанын да жеткізді. Зерттеу жұмысымен айналысып, аудан тарихының тамырын тереңнен тартып жүрген мұғалім Бостандық ауылының маңында бітеліп қалған бұлақтың көзін ашқан. Бала кезінде анасынан бұлақ суының адам ағзасына пайдалы екенін естіген Ләззат Сәрсенбаева араға жиырма жыл салып, сол бұлақты тауып алып, оның суын алып, Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу институтына жіберген. Судың құрамын тексерген мамандар оның шынымен де денсаулыққа пайдасы барын дәлелдеп берген.

Форумның салтанатты бөлігі “Қазақстан – Мәңгілік Ел” атты хореографиялық композициясымен ашылды. Рухты көтерер шығармашылық көрініс жастардың патриоттық сезімін еселей түсті. Жиналғандар алдында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова сөз сөйлеп, аталмыш шараның маңыздылығына тоқталды.

– Бұл өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған мұражай қозғалысы форумы. Оның мақсаты – “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы жария етілген бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін көрсету. Отанға деген сүйіспеншілік ауылдан басталады. Сондықтан да біз бүгін алға қойған мақсатқа жетудің алғашқы баспалдағын мектеп мұражайларынан бастап отырмыз, – деген басқарма басшысы Гүлмира Райымбекқызы “Тәрбие және білім” бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды да тізіп шықты. Өткен бір жыл ішінде 30 мың оқушы киелі жерлерді аралаған. “Туған жерге тағзым” жобасы бойынша облысымызда 126 шара өткен. Бүгінгі таңда өңір бойынша барлық білім мекемелерінде мұражай ашу туралы тұжырымдама дайындалған. Қазірдің өзінде 497 мекемеге қарасты 220 мектепте мұражай жұмыс істейді.

Форум аясында сахнаға облысымыздың қоғамдық және мәдени өміріне белсенді түрде қатысып жүрген азаматтар да шықты. Олар ұлттық идеяны жүзеге асыруға белсене атсалысатын жас ұрпаққа арнаған жалынды, жігерлі сөздерін айтты. Рухани шараға қатысқан оқушылар өнерлерін ортаға салып, көптің көңілінен шықты. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың тәрбиеленушілері ардагер ұстаз Ботагөз Ғалееваның “Рухани жаңғыру – мұратым” атты өлеңін оқып, кештің шырайын кіргізді. Қала мектептерінің өнерлі оқушылары форумға ерекше тарту жасағанын да айта кеткен жөн. Бір мезгілде сахна төріне домбыра ұстап шыққан елу өнерпаз Құрманғазының “Балбырауын” күйін тартып, мерекенің көркін ашты.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика