Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ТЕРІСКЕЙДІҢ ӨЗ САТИРА ТЕАТРЫ БАР

ТЕРІСКЕЙДІҢ ӨЗ САТИРА ТЕАТРЫ БАР

Киелі Қызылжар топырағы ежелден ән мен жырдың мекені. Күмбірлеп күй, әуезді ән төгілген құт мекенде өрелі өнерге құштар көрермен үшін сүйінші хабар бар. Шығармашылық орта теріскей сатира театрымен толығатын болды. Бірер аптадан кейін тұсауы кесілетін өнер ұжымының көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Батырбек Шамбетовпен сұхбаттастық.

– “Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір” дегендей, көрерменге күлкі, қуаныш сыйлау – үлкен өнер. Облыс орталығында сатира театрын ашпақ ойларыңыз бар екен. Қуанышты хабармен бөлісе отырсаңыз.

– Сатира театрын ашу идеясы осыдан 10 жыл бұрын пайда болды. Сол кезде жергілікті “Qyzyljar” телеарнасында “Ойпырмай” әзіл-сықақ бағдарламасын жүргізуге өзіміз тікелей атсалысқан едік. Сол кезде сахнада сатира жанрында өнер көрсетіп, әзіл-сықақ театрын құруды армандадық. Содан бері арада бірталай уақыт өтті. Қазір нарық заманы емес пе? Өнер де табыс әкелуі керек. Бұл театр коммерциялық негізде жұмыс істейтін болады. Жас актерлер үшін – бұл қосымша табыс көзі. Жаңадан құрылып отырған сатира театрында жұмыс істейтін сахнагерлер – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының белді актерлері. Сондықтан қос театрда ойнап, көрермендерді өнерімізбен қуантпақпыз.

– Сіздер облыстық театрдың жанынан құрылдыңыздар ма? Қай сахнада өнер көрсетесіздер?

– Біз қалалық Мәдениет үйіне қараймыз. Сол ұжымның бір құрамдас бөлігі ретінде жұмыс істеудеміз. Мәдениет үйінің директоры, өнер жанашыры Асқар Жәменовтің қолдауы ерекше. Алғашқы концертіміздің дайындық жұмыстарымен де өзі айналысуда. Жоғарыда айтып өткенімдей, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрынан кету ойда жоқ.

– Өнерпазды өсіретін де, өшіретін де халық. Көрермен жинау мәселесі қиындық келтірмей ме?

– Қазақстанда бар-жоғы 53 театр бар. Театрға қолдау болмаса, ешқашан бір өзі жұмыс істей алмайды. Жекеменшік театрлардың тарап кетіп жатқаны да содан. Әрине, қорқыныш бар. Бірақ белді бекем буып отырмыз. Өйткені, қазір қоғамда жантүршігерлік оқиғалар көп. Терезенің ар жағынан қатыгез өмірді көреміз. Адамдар ашушаң. Қоғамға жақсы көңіл-күй, күлкі жетіспейтін сияқты. Адамдарға рухани күш беру ниетінде осы бастаманы қолға алдық. Жалпы, сахнагерлер драма, трагедия, комедия жанрларын бірдей алып жүруі керек. Өнерді бағалайтын халыққа қуаныш, күлкі, жақсы көңіл-күй сыйлаудан асқан бақыт жоқ. Ал көрермен мәселесіне тоқталсақ, тартымды дүние, сапалы шығармаға кез келген уақытта сұраныс болады. Көрермен талабынан шығуға талпынатын боламыз.

– Әзіл-қалжыңға құралса да, сатираның астарында терең мән, айтар ой болады. Репертуарды қалай таңдайсыздар?

– Дұрыс айтасыз, сатира тек күлкіден тұрмайды. Кез келген шығарманың өзіндік тақырыбы бар. Комедияның түр, пішіндік, құрылымдық жағынан ауқымы кең. Бірнеше түрі бар. Авторлармен бірге жұмыс істеуге әзірге біздің қаржылық мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан әзірге өмірдің өзінен алынған күлкілі оқиғаларды сахналайтын боламыз. Жаңа театрда Аида Сұпатаева, Асылхан Рәзиев, Думан Әдікенов, Тұрақ Дұрысбеков, Нұрбол Асқар сынды жастар бар. Егер жұмысымыз алға басып, сұраныс болса, гастрольдық сапармен барлық аудандарға шықпақпыз. Осы сәтті пайдаланып, Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтарын 1-2 мамыр күндері өтетін алғашқы шығармашылық кешімізге шақырамын. Бізге халықтың қолдауы керек.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика