Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ЖАРҚЫН БЕЙНЕ

ЖАРҚЫН БЕЙНЕ

Шал ақын ауданындағы Октябрь орман шаруашылығы ертеректе құрылған болатын. Кейін орман шаруашылығы үлкен ауылға айналды. Осы жерде туып, балдәурен балалық шағым өтті. Ауылдағы бастауыш мектепке 1958 жылы барып, төртінші сыныпты сонда тамамдадым. Кейін ауылдан бес шақырым жердегі “Заря” кеңшарындағы орта мектепті бітірдім.

Ақын Ахметжан Нұртазин 20 жылдан астам уақыт осы орман шаруашылығын басқарды. Нар тұлғалы ағамызды бала кезімізден көріп өстік. Біздің үй ауылдың батыс жақ шетінде, қалың өскен аққайыңдардың баурайында болатын. Қазір де бар. Әкем Қошан Жантілеуұлы төңірекке белгілі адам еді. Анамыз Шәпия бес ұл, сонша қыз өсірген жібек мінезді, білімді адам. Ақындықтан да құр алақан емес еді. Әке-шешеміз Ахметжан атамыздың үй-ішімен жақсы араласты. Ахаңның бәйбішесі Қайни апа – менің кіндік шешем. Сол себепті бұл кісілер мені өздерінің баласындай көретін. Ұлдары Қайрат екеуіміз құрдаспыз. Оқуға да бірге бардық. Әкелері тату болса, балалары да дос. Екеуміз тату өстік.

Ахметжан ата ісіне мығым, кез келген жұмысты жауапкершілікпен орындайтын адам еді. Орман шаруашылығы жұмысын жетілдіру жолында аянбай тер төкті. Ағаш өсіру, оны күтіп, баптаудың білгір маманы болатын. Жұмысты ұйымдастыру қабілеті де ерекше еді. Қарамағындағы адамдардың тілін таба білетін. Өзінің ортасында беделді, зор құрметке ие еді. Әр қызметкердің қас-қабағынан шаруа жайын аңғарып отыратын. Адамдарды қадірлеп, еңбектерін бағалады.

Ағаш өндірісі қажырлы еңбекті қажет етеді емес пе? Көшет отырғызу, олардың өсіп жетілуін қадағалау – Ахаң атамыздың таңның атысы, күннің батысы тынбай тындыратын ісі. Бұл шаруадан менің де хабарым бар. Үлкен ағам Дулаттың зайыбы Иляш зейнетке шыққанша осы салада еңбек етті. Түскі асты өздерімен бірге ала кететін. Жұмысшылардың көбі әйелдер мен ересек балалар болды. Ахаң осылардың бәрімен жұмсақ сөйлесіп, жұмысты сапалы орындауға көңіл бөлді.

Ауыл үшін оның атқарған еңбегі орасан. Жұмыскерлер үшін арнайы үйлер тұрғызылып, дүкен, дәрігерлік пункт ашылды. Жолдар жөнделіп, су құбырлары тартылды. Балалар да Ахаңның қамқорлығынан тыс қалған жоқ. Бастауыш сыныпты аяқтаған соң, балалар орта білім алу үшін “Заря” кеңшарына қатынап оқыды. Екі орта – бес шақырым. Осы аралыққа балалар алғашында жаяу қатынады. Елдің қамын ойлаған осындай азаматтың арқасында кейін автобус берілгенін қалайша ұмытуға болады?!

Әкемнен он жас кішілігі болса да Ахаң екеуі жиі кездесіп, құрдастардай қауқылдасып, әңгіме-дүкен құратын. Екі үйдің балаларының ойын-сауығы да ортақ болды. 1969 жылы политехникалық институттың 1-курсынан кейін демалысқа үйге келдім. Ол кезде студент жігіттер арасында мұрт қою сәнге айналған. Мен де жұрттан қалмай мұрт өсірдім. Біздің үйдің қалыптасқан тәртібі бойынша алдымен Ахметжан атаның үйіне сәлем беруге бардым. Барсам аулада Қайни апамыз самауырынға шай қойып жүр екен. Мені құшақтап, бетімнен сүйіп: “Атаң үйде, бара ғой”, – деді. Үлкен залда Ахаңның қолжазбамен айналысып отырғанын көрдім. Онымен амандасқанымда, сәлемімді салқын қабылдағанын аңғардым. Бір-екі минут кідіріп, үйден шығып кеттім. Осы жағдайды анама айтып едім, ол мұртымды қырып, қайта баруға кеңес берді. Мен шешемнің айтқанын орындап, ол үйге қайта бардым. Мені бірден құшағына алып: “Міне, енді өз ұлымды танып тұрмын”, – деді.

Мына бір оқиға да есімде жақсы сақталыпты. Бірде Ахаңның ауырып жатқанын естіген әкем оның қалын сұрауға барды. Біраздан кейін келіп, анама бір парақ қағазды ұсынды. Онда:

Қадірлес жақын жеңгей Шәпиясың,

Қалайша қымыз бермей шалқиясың.

Құрысып тері шықпай отыр қайның,

Басына баса киіп тақиясын.

Қымыз жоқ, тым болмаса жалғыз жұтым,

Бола ма ойдағыдай онсыз күтім.

Шөліркеп аңқам кеуіп жаздым арыз,

Жіберші тым болмаса бие сүтін, – деп жазылған екен. Осыдан кейін шешем ыдысқа қымыз құйып, мені жіберді.

Бала кезімде Ахаң атамыз бен әкемнің аңға шыққандарын да көргенім бар. 1964 жылдың мамыр айында Ақсу ауылында қасқырлар бір құлынды жарып кеткенін естіп, үлкендер аңға шығуға қамданды. Ахметжан атадан рұқсат алып, мен де ердім. Таңғы сағат алтыда Ақсу ауылына беттеп, жолдың бойындағы Сардонниково шоғына жақындадық. Жан-жағымыз қалың орман. Ахаң, әкем және бірнеше салт атты қаруларын сайлаған. Қастарында он шақты қасқыр алатын ит бар. Күн ашық, көктемнің мизам шуағы. Қалың тоғайдың ортасын аңшылар сүзіп келеді. Бір мезгілде қасқырдың апанына тап болдық. Әр адамға тапсырма берген Ахаң бізге машинамен орманның шетіне шығып, қасқырларды өткізбеу керек екенін айтты. Біраздан соң аңшылардың айғай-шуы, иттердің арсылы естілді. Біз де жан-жағымызға қарап тұрғанда орман ішінен үлкен қасқыр мен оның қаншығы шыға келді. Ыбырай мылтығын кезегенше, қасқырлар қашып кетті.

Шамамен, екі сағаттай уақыт өткенде машинаға әкем мен Ахаң бастаған аңшылар келді. Мана табылған апаннан қасқырдың жеті бөлтірігін қазып алғандарын, ағашқа сіңіп кеткен екі бөріні иттер қуып жетіп, ұстағандарын білдік. Бұл аңшылық сапар менің есімде мәңгі қалды. Бір күнде бірнеше қасқырды алған сәт күні кешегідей көз алдымда.

Ахметжан атамыздың орман шаруашылығын өркендетуге сіңірген еңбегі көп екенін айттық. Ол шаруашылықта ғана емес әдебиетте де біраз биікті бағындырды. “Халық ақыны” атағы да берілді. Өлең кітаптары шығып, жырсүйер қауымға үлкен олжа болған еді. Халық арасында беделді, құрметке ие Ахметжан атамыздың 60 жылдық мерейтойы өзі басқарып отырған орман шаруашылығында өтті. Жиналған қауымның қарасы көп болды. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Уәп Латанов бастаған аудандық комиссия тойды дүркіретіп өткізді. Облыс орталығынан, басқа қалалардан көп қонақ келді. Ақындар айтысы ұйымдастырылып, абыройлы азаматқа лайықты сый-құрмет көрсетілді.

Ахаңның республикалық ақын-жазушылар арасында достары көп болатын. Алматыдан келетіндері Ахаңның үйіне соқпай кетпейтін. Облыс, аудан басшылары да атбасын жиі бұратын, жалпы үйінен кісі арылмайтын. Міне, ол осындай жаны жайсаң адам еді. Тек өмірден ерте кетіп қалғаны өкінішті. Қайни апамыздың да қайтпас сапарға аттанғанына бірталай жыл өтті. Өзімнің туған ата-анамнан кем болмаған осы кісілердің жарқын бейнесі менің есімде мәңгі қалды.

Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Бүгінде жайқалып өскен қарағай мен ақ қайыңдар Ахметжан атаны еске түсіреді. Қалың орман-тоғайлар сол еселі еңбектің жемісі іспетті. Бір кездері Ахаң өсірген орманда өзі жүргендей сезіледі.

Мұрат ЖАНТІЛЕУОВ,

еңбек ардагері.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) А.Нұртазин, С.Мұқанов, Қ.Жантілеуов.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика