Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҰЛЫ ЖЕҢІС – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ

ҰЛЫ ЖЕҢІС – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ

Биыл Ұлы Жеңіске 73 жыл толады. Миллиондаған адамды қайғы-қасіретке душар етіп, жүрегіне жазылмастай жара салған Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым етуді мақсат тұтқан Ресей Федерациясы Югра қаласының әкімшілігі мен “Югра қаласының жас журналистері” қоғамдық ұйымы “Ұлы Жеңіс – баршамызға ортақ” атты халықаралық медиа-экспедициясын ұйымдастырды.

Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің 40 қаласы арқылы, 9 мың шақырым жол жүретін бұл автожорық 17 сәуір күні Ресейдің Нижневартовск қаласынан басталып, 9 мамырда Югра қаласында аяқталады деп жоспарлануда. Құрамында ұйымдастырушылар мен ресейлік журналистер, барлығы 30 адам бар саяхатшылар “Победа” атты “Газ М-20” маркалы бес раритеттік кеңестік көлікпен сапарға шықты.

Бұрнағы күні медиа-экспедиция мүшелері Петропавл қаласына атбасын тіреді. Саяхатшыларды қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов қарсы алып, меймандар “Мәңгілік алау” алаңында майдан даласынан оралмағандардың рухына тағзым етті.

Автожорық мүшелерімен бірге майдан шебінен оралмаған жауынгерлерді еске алуға қолдарына алқызыл қалампыр ұстаған ардагерлер мен жас буын өкілдері келді. Бұдан кейін даңқты 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне арналған ескерткішке де гүл шоқтары қойылып, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Автошеру облыс орталығының “Мәңгілік алау” маңынан бастау алып, Пушкин – К.Сүтішев – Жамбыл көшелері – қалалық Мәдениет және демалыс саябағындағы Даңқ ескерткіші бағытымен жүріп өтті.

– Біз ұйымдастырып жатқан шараның міндеті зор. Автожорықтың мақсаты елдерді аралау ғана емес, тыл ардагерлерінен соғыс оқиғалары туралы толыққанды ақпарат жинап, біздің бейбіт өмір сүруіміз үшін құрбан болғандарды еске алу болып табылады. Сапарға шыққан бес көлігіміз Жеңістің 70 жылдығына орай Волгоград қаласынан бастап бүкіл азат етілген Еуропа елдерінің астаналарында болып, майдан жолымен жүріп өтті, – деді экспедицияның ұйымдастырушысы Николай Заболотнев.

Петропавлдан кейін экспедиция мүшелері Астана, Қарағанды, Балқаш қалаларына жол тартты.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика