Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ТУҒАН АУЫЛДАР ДА ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕР РЕТІНДЕ ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛЫНСА

ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ТУҒАН АУЫЛДАР ДА ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕР РЕТІНДЕ ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛЫНСА

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жасауды ұсынды. Елбасы толағай тарихымызды мұрат етуге арналған осы құжатта: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп атап көрсетті.

Аталмыш бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру аясында өңірімізде жергілікті тұрғындар құрмет тұтатын киелі жерлерді анықтау жұмыстары жоспарлы түрде қолға алынды. Бүгінгі күні мұрағат құжаттарының негізінде облыстағы 19 киелі жердің картасы жасалып, «Рухани жаңғыру» және «Рухани қазына» бағдарламаларына енгізілді. Облыс орталығындағы «Абылай хан резиденциясы» мұражай-кешені, Айыртау ауданындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі, ежелгі энеолит дәуірінен қалған Ботай қонысы (б.д.д 4-3 мыңжылдық), Айғаным қонысы, Жамбыл ауданындағы Қожаберген жырау мазары, Есіл ауданындағы Құлсары батыр кесенесі – республикалық маңызға ие нысандар. Бұлардан басқа Қызылжар өңірінің картасына Шал ақын ауданындағы б.д.д. V ғасырда негізі қаланған Байқара ескерткіші, Жамбыл ауданындағы Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов мұражайлары, облыс орталығындағы «Қызылжар» мешіті, апостолдар Петр мен Павел шіркеуі, Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші, М.Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев мұражайы сияқты нысандар еніп отыр.

Бұл қасиетті де киелі жерлердің басым бөлігі ауылда орналасқан. Олардың өз мәртебесіне лайық болуы, бір сөзбен айтқанда, бүгінгі заманауи талапқа сай келуі аталмыш нысандар орналасқан елді мекендердің қазіргі қалыптасқан жағдайына байланысты. Біз әспеттеп, өңірдің қасиетті жерлері картасына енгізіп отырған орындарымыз өміршең бе? Тарихи тағылымы мен танымы мол тамаша жерлерімізді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында келер ұрпаққа үлгі-өнеге, мұрат ете аламыз ба?

Қызылжар өңіріндегі ең бір табиғаты көркем, тарихы бай аймақ – Айыртау ауданы. Ондағы Сырымбет пен Имантау таулары, қасиеті Қара теңізбен пара-пар Шалқар көлі, ХІХ ғасырдың сәулеткерлік өнеріне жататын Айғаным қонысы, 1980 жылы ашылып, 100-ге тарта ежелгі баспана-тұрағы зерттелген Ботай археологиялық ескерткіші, 1999 жылы тұрғызылған Ағынтай мен Қарасай батырлардың мемориалдық кешені, Жалғызтаудағы Сандыбай бұлағы, Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ауылдары кез келген қазақты елең еткізетін құдіретті жерлер.

Энциклопедист ғалым Шоқан Уәлихановтың тарихи-этнографиялық мұражайы Сырымбет ауылында орналасқан, ал біртуар азаматтың балалық және жастық шағы өткен құтты мекені – әжесі Айғаным Сарғалдаққызының үй-жайы осы елді мекеннен үш шақырымдай жерде ғана.

Сырымбет тауының бөктері – Абылай ханның тікелей ұрпағы Шыңғыс әулетінің құтты қонысы болған жер. Тарихи деректерге сүйенсек, осы таумен аттас елді мекеннің іргетасы кейін, нақтылай айтсақ, 1928 жылы аудан орталығы ретінде қаланып, Казгородок деп аталған. Ол тек 1966 жылы ғана Сырымбет атауын иеленген. Шыңғыс, Шоқанның інілері Әбен мен Жақып, бір сөзбен айтқанда аға сұлтаннан тараған ұрпақтың біразы осы елді мекеннің іргесіндегі ескі қорымға жерленген. Жергілікті тұрғындар оны «Төре зираты» деп атайды. Сырымбет ауылындағы Шоқан (аумағы 1663 ш.м.) және елді мекеннің оңтүстікшығысында үш шақырымдай жердегі «Айғаным қонысы» (аумағы 4030 ш.м.) мұражайларының директоры Уәлихан Құлбаевтың айтуына қарағанда, Шыңғыс ұрпақтарының басына орнатылған ағаш кесенелер уақыт өте келе бүлініп, олардан жұрнақ та қалмаған. Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызының зираты да осы қорымның ауыл жақ шетінде болатын. Басына орнатылған тас белгі жартылай жерге кіріп кеткен еді. Оның өзі ап-аласа болып, көзге қораш көрінетін, сондықтан «Мынау Айғаным әжеміздің зираты», – деп ауыз толтырып айтуға келмейтін. Осыдан екі жарым жыл бұрын облыс және аудан әкімдерінің бастамасымен осы қабірге еңселі заманауи кесене орнатылды. Тамаша бастама. Бұл кесенені көрген жандардың «Төре зиратынан» Шыңғыс әулетін іздейтіні анық.

– Ауылымыздағы Мәдениет үйінің алдына белгілі мүсінші, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлеген Досмағамбетовтің қоладан құйған Шоқан Уәлиханов ескерткіші орнатылған болатын. Жекешелендіру кезінде мәдениет үйінің ғимараты болмашы ақшаға сатылып, кейін бұзылып, үйіндіге айналды. Сондықтан «айдалада» қараусыз қалған ескерткішті мұражай алдына көшіруге мәжбүр болдық. Сөйтіп Уәлиханов ауданында дүниеге келген, 2001 жылы қайтыс болған танымал мүсінші Төлеген Сәбитұлының біртуар туындысын бүлінуден аман алып қалдық, – дейді Шоқан мұражайындағы 6980 жәдігерді көздің қарашығындай сақтап отырған Уәлихан Құлбаев.

Бүгінгі күні Сырымбет ауылындағы 128 отбасында 519 адам түтін түтетіп жатыр. Осыдан 19 жыл бұрынғы санақ бойынша ауыл тұрғындарының саны 719 адам болған көрінеді. Соңғы тоғыз жылда тұрғындар саны 116 адамға кеміген.

Осы округтегі екі нысан республикалық қасиетті жерлер картасына енгендіктен, келіп-кетімді туристер мұражайға ғана емес, ауылдың бүгінгі келбетіне, киелі аруақтарды қалай сыйлап отырғанымызды білу үшін «Төре зиратына» назар аударатыны сөзсіз.

Осы Сырымбет ауылында жоғарыдағылардан басқа атақты мүсінші, Елтаңба авторларының бірі, Шыңғыс әулетінің тікелей ұрпағы Шот-Аман Уәлиханов, эксминистр Қожахмет Балахметов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі Марат Нұрғожин сынды тұлғалар туғанын, атақты ақын Кәкімбек Салықов осындағы мектепте оқығанын айта кеткен жөн. Тұнып тұрған тарихқа бай ауыл. Қолда бар байлығымызбен мақтанғымыз, оларды насихаттағымыз келсе, бүтін елді мекенді заманауи талапқа сай ету мәселесі бүгін де, ертең де күн тәртібінен түспегені абзал.

Біз сөз етіп отырған ауданда Ақан сері деген ауыл бар, оның бұрынғы атауы – Кеңащы. Атақты сазгердің дүниеге келген, мәңгілік орнын тапқан Қоскөлі осы ауылдан шамамен 4-5 шақырымдай жерде. Бір кездері жақсы ниетпен осы елді мекенге заманауи ғимараттар салынып, атақты жерлесімізді ұлықтау қолға алынған болатын. Алайда, бұл елді мекен басқаларға қарағанда тоқыраудың бұғауына мықтап шырмалғандай. Бүгінгі күні онда 18 үй, 53 адам ғана қалған. Бұдан 19 жыл бұрын 198 тұрғын болыпты. Бұл ауылды ерекше атап отырған себебіміз – мүсінші Төлеген Досмағамбетовтың тағы бір қайталанбас туындысы – қоладан құйылып, мәрмәртаспен көмкерілген «Ақан сері-Құлагер» көпфигуралы сәулеткерлік композициясы осы елді мекенде орналасқан. Ол 1993 жылы орнатылған. Туғанына биыл күзде 175 жыл толатын Ақан серіге арналған мұндай тамаша ескерткіш ешбір жерде жоқ. Енді осы ескерткішті көшіруге байланысты алып-қашпа сөздер соңғы кездері жиі естіле бастаған сыңайлы.

Осы елді мекен Антоновка ауылдық округіне қарайды. Жергілікті әкім Ермек Қалтайұлымен телефон арқылы хабарласқанымызда, ескерткішті орнынан қозғауға жол бермейтіндіктерін кесіп айтты. Алайда, ауылды сақтап қалу үшін, оңтүстіктен қоныс аударғандарды орналастыра қоярлықтай лайықты баспаналар жоқ көрінеді. Бұрынғы «заманауи ғимараттар» күрделі жөндеуді қажет етеді.

– Ауданымызға қоныс аударғысы келетін азаматтарды Ақан сері ауылына да апардық. Бос ғимараттарды жөндеп алуға ниет білдіргендерге сол үйлердің бүгін онда тұрмайтын иелері табыла кетіп, қыруар қаржы сұрап, қоныстанғысы келетіндердің меселін қайтарды. Сондықтан алты отбасын округіміздегі Жұмысшы ауылына орналастыруға мәжбүр болдық. Әйтеуір қанша тырысқанымызбен Ақан сері ауылының, әзірше, бағы жанбай-ақ қойды, – дейді жергілікті әкім.

Осындай жағдай Жамбыл ауданындағы Сәбит пен Жаңажол ауылдарында да орын алып отыр. Екеуі де Майбалық ауылдық округіне қарайды. Екі ауылдағы Сәбит пен Ғабит мұражайлары Солтүстік Қазақстан облысының қасиетті жерлері картасына енген.

Сәбит – ең бір көркем жерге орналасқан ауыл. Жағалай қайыңды орман. Ондағы мұражай да, жанындағы екі қабатты қонақүй ғимараты да елді мекенге ерекше сән береді. Академик-жазушының 100 жылдығы қарсаңында құрылысы аяқталған мектептің тұсауын Елбасының өзі кескен болатын.

Ауыл ауызсудан таршылық көріп отырған жоқ. ФАП-ы да, ауыл іргесінде жасанды су қоймасы да, жағалай бірнеше көлі де бар. Бірақ ауылдағы үйлер саны 45 қана. Осыдан 19 жыл бұрынғы санақ бойынша тұрғындарының саны 204 болса, қазір ол екі еседей кеміген. Жергілікті мектептің қашанға дейін тоғыз жылдық болып тұратынын ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені, табиғи өсім жоқтың қасы. Ауылда оңтүстіктен көпбалалы қоныс аударушыларды орналастыра қоярлықтай артық баспана мүлдем жоқ.

Жаңажол бір кездері Ғ.Мүсірепов атындағы кеңшардың орталығы болған. Бірде Қостанай, бірде Солтүстік Қазақстан облыстарына қарап келген елді мекеннің тағдырын Ғабеңнің өзі тікелей араласып, шешіп берген. Ауылдағы мұражай да, мешіт те, басқа әлеуметтік нысандар да сақталып отырғанымен, халқының саны 19 жыл бұрынғы санақпен салыстырғанда 3 еседей азайған. Қазір 290 адам ғана түтін түтетіп жатыр.

Ауыл іргесіндегі «Елтінжал» мен атақты «Қыз қарағай» – жергілікті тұрғындардың ғана емес, Қызылжар өңірінің де мақтанышы. Сондықтан кеңшар кезінде академик-жазушының атын иеленген ауыл неге Ғабит аталмайды деген заңды сұрақ туындайды. Жаңажол деген ауыл Шал ақын ауданында да бар. Қимайтын атау емес. Ал сөз зергерін ұлықтаймыз десек, киелі жерге құрмет көрсетуге ниеттенсек, солай еткеніміз абзал.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомардың жөні мүлдем бөлек. Ауылда мұражай да, Мәдениет үйі де, мешіт те, мектеп-интернат та заманауи талаптарға сай. Бір кездескенде Молодежный ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Шахметов: «Ауылымыздағы еңбекке жарамды адамдардың көпшілігін Мағжан атамыздың аруағы жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Олар мектеп-интернатта, Мәдениет үйінде, ФАП-та, мұражайда еңбек етеді», – дегені, әзілі мен шыны аралас сөзі әлі есімізде.

Аудан басшылары мен жергілікті әкімдер көші-қон мәселесіне ерекше назар аударуда. 2017 жылы Молодежный ауылдық округінен тұрақты қоныс тапқан талдықорғандық 11 отбасының 3-еуі Сарытомар ауылына орналасқан. Олардың 12 баласының 7-еуі оқушылар санын 80-ге дейін көбейткен. Үлгі тұтарлық-ақ жағдай.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», – деп, барымызды базарлай білу үшін, ауқымды жоба жасап, жүзеге асыруды міндеттеді.

Қасиетті де киелі жерлері бар әрі тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген саусақпен санарлықтай ғана ауылдарды сақтап қана қоймай, оларды басқаларға үлгі ету – жергілікті тұрғындар мен «елім, жерім» дейтін басшыларға, осы жерден түлеп ұшқан қалталы азаматтарға, бүкіл зиялы қауымға сын ғана емес, парыз болса да артықтық етпейді. Өңіріміздің қасиетті жерлері картасына енген жерлер ауылымен бірге қорғалса, арнайы бағдарлама негізінде рухани жаңғыру жолына түссе – құба-құп. Бұл – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігі зор міндет. Бәрін де жаһандануға жаба бермей, сол міндет биігінен көріну үшін білек сыбана, құлшына нәтижелі еңбек еткенге не жетсін?!

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика