Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ПАРИЖДЕ АСҚАҚТАДЫ АҚЫН РУХЫ

ПАРИЖДЕ АСҚАҚТАДЫ АҚЫН РУХЫ

Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы-педагог, Алаш қайраткері, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Түркі әлемі үшін биыл “Мағжан Жұмабаев жылы” болып жарияланды. Ақпан айында Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде өткен конференцияға біздің облыстан барған делегация Қызылжардың текті топырағынан түлеген ақынның рухын асқақтатқан Түркия жұртының айрықша ықыласын сезінген болатын.

Біртуар тұлғаны ұлықтау мақсатындағы игі бастама жалғасын тауып, жақында ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде ауқымды шара өтті. “Рухани жаңғыру және мәдени мұра: өткеннен келешекке түркі тілі” атты халықаралық форумға біздің өңірден Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Ақмарал Ыбыраева екеуіміз қатысқан едік. Форумға қатысушылар ең алдымен әлемге әйгілі қоғам қайраткері, саясаткер Мұстафа Шоқайдың Париж қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы тұлғаның рухына тағзым етті.

Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен Парижде ЮНЕСКО төрінде тойланған қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы еліміздегі рухани жаңғырудың халықаралық жалғасы іспетті. Жиын басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арнаған сөзін еліміздің Франциядағы елшісі Жан Ғалиев оқып берді.

Маңызды жиында АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия сияқты әлемнің 16 елінен ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен дипломаттар бас қосты.

Мағжан жырлаған “қалың өрттей аспанға өрлеген, отты желдей тарихы бар” түбі бір түркі халқының жаһандану заманында бас қосуының маңызы айрықша. Жан-жақтан жиналған зиялы қауым жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығын сөз етіп, ақын рухын тағы бір мәрте асқақтатты.

Мичиган штаты университетінің профессоры Тимур Кожаоғлы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арнаған “Мағжан – оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны” атты кітабын таныстырды. Аталған кітапқа ақынның қазақшадан ағылшын тіліне аударылған 16 өлеңі еніпті. Автор алдағы екі жылда ұлы ақынның 40 өлеңін ағылшын тіліне аударуды жоспарлап отыр. Тимур Кожаоғлы өз сөзінде: “Мағжан – барша түркі әлемінің ақыны. XX ғасырдағы ең жүйрік ақындардың бірі. Мағжанның поэзиясы әлі де тың зерттеуді қажет етеді”, – деді.

Сонымен қатар әлем халықтарының тоғыз тіліне аударылған қазақ ақынының таңдамалы жырлары жинаққа топтастырылып, жеке кітап ретінде қатысушылардың назарына ұсынылды.

Халықаралық Түркі академиясы болашақта түркі әлемінің жүз жаңа есімін анықтауды қолға алыпты. Сол тізімге енуге лайық тұлғалар туралы кітаптар көпшілікке таныстырылып, ЮНЕСКО-ның кітапханасына сыйға тартылды.

Жиында қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесін түркі ағайындарымыз да қызу қолдайтынын жеткізді. Олар бұл жаңалықты жақсылыққа балап, рухани байланыстың одан әрі дами түсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Мағжанның жырын қазақ тілінде оқып үйренгісі келетін түркі жастарының қатары қалыңдай түседі деген үмітте.

Игі бастама маусым айында – ақынның туған күні қарсаңында біздің өңірде жалғаспақ. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың басшылығымен жерлесіміздің өнегелі өмірі мен асыл мұрасын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету бағытындағы іс-шаралар жоспары бекітіліп, дайындық жұмыстары қолға алынды.

Осы жоспарға сәйкес маусымның 25-і күні Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-де халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Маңызды іс-шара “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестиваліне ұласады. Бұл күндері ақынның туған-туыстары және оның шығармашылығын зерттеумен айналысып жүрген Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Ресей және тағы басқа елдерден келетін зиялы қауым өкілдері бас қосады. Қонақтар Мағжан бабамыздың туған жері – Сарытомар ауылында болып, ақынның мұражайын тамашалайды.

Мағжан оқулары мен ұлттық спорт түрлерінен жазғы спартакиада өткізу жоспарлануда. Ақындар айтысы, оқушылар арасында ғылыми жобалар байқауы және өзге де ауқымды шаралар ұйымдастырылады.

Мағжан Жұмабаев жылы аясында аудан орталықтары мен елді мекендерде көше, алаңдарға, мәдениет-білім ошақтарына жерлесіміздің есімін беру мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Жарық көрмеген шығармаларын жинақтап, басып шығару көзделуде. Қазақстан Республикасының теңге сарайында мерейтойлық медаль мен монета шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ, “Қазпочта” АҚ-ы мерейтойлық марканы айналымға шығарады.

Кемел ОСПАНОВ,

облыстық тілдерді дамыту басқарманың басшысы.

Петропавл – Париж – Петропавл.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика