Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ОН ЕКІ АЙДЫҢ ТӨРЕСІ

ОН ЕКІ АЙДЫҢ ТӨРЕСІ

Қасиетті Рамазан айында таң шапағы көкке көтерілген сәттен, күн ұясына батқан шаққа дейін нәр татпау – мұсылман жұртшылығына қойылатын ең үлкен парыздардың бірі. Бір айға жуық уақытты қамтитын ораза сарқылмас сауап пен көл-көсір сабырды сыйға тартады. Адам баласының жаман қасиеттерден арылып, адал жолға аяқ басуына, рухани кемелденуіне жол ашады.

Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман ер-әйелге Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Оразасын ұстап, ауызашар уақытына жеткен адам үлкен бақытқа және қуанышқа кенеледі. Қиямет күні ұстаған оразасының сыйын алу үшін Алланың алдына барған кезде одан да үлкен сыйға қол жеткізеді. Жас балаларға парыз болмағанымен, оларға да осы бастан оразаның шарттары мен ізгі амалдарды үйреткен абзал.

Дұғалар қабыл болатын уақыттардың бірі – сәресі. Сәресіге тұрған адам тілектерін айтып, дұға етіп, Алла тағаладан күнәларының кешірілуін сұрауы керек. Сәресіге тұрып, тамақ жеу – мұстахаб, яғни игі амал. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Сәресіде тамақ жеңдер, өйткені, сәресіде береке бар”, – деген.

Ауызашар уақытында мына дұғаны оқу сүннет: “Аллаһуммә ләкә сүмтү уә бикә әмәнту уә аләйкә тәуәккәлтү уә ала ризқикә әфтартү уә саумәлғади мин шәһри рамазанә нәуәйту фағфирли мә қад-дамту уә мә аххәрту”. Мағынасы: “Уа, Алла! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым. Өзіңе сеніп, тәуекел еттім, берген ризығыңмен оразамды аштым. Рамазан айының ертеңгі оразасына да ниет еттім. Енді менің өткен және келешектегі күнәларымды кеше гөр!” – дегенді білдіреді.

Ораза толық болуы үшін ниет ету шарт. Ниетсіз ораза қабыл етілмейді. Рамазан оразасында кешкі уақыттан бастап күн арқан бойы көтерілген уақытқа дейін ниет етуге болады. Негізінде оразаға сәресіден кейін ниет етіледі. Сәресі уақытын өткізіп алып, оянған адам күн арқан бойы көтерілгенге дейін сол күннің оразасына ниет етсе болады. Күн көтерілгеннен кейін оразаға ниет етуге болмайды.

Рамазан айында ораза ұстау – Алла тағаланың әмірі. Мұсылмандар бұл әмірге мойынсұнуы керек. Қасиетті айда себепсіз ораза ұстамаған адам күнә істеген болады. Әрі Алла алдындағы жауапкершілігін орындамағаны. Сондықтан тәубе етіп, Алладан кешірім сұрап, көп кешіктірмей қазасын өтеуі шарт. Бірақ кімде-кім мына жағдайларда болса, Рамазан оразасын ұстамайды немесе бастаған оразасын бұза алады:

1. Науқастық. Ауру адам ораза ұстаған жағдайда ауруының ұзақ созылып кетуінен қорықса, ораза ұстамай-ақ қоюына болады. Денсаулығы жақсарғаннан кейін ұстамаған оразаларының қазасын өтейді.

2. Сапарда жүру. Рамазан айында 90 шақырымнан артық қашықтыққа сапарға шыққан адам ораза ұстамаса болады. Сапар аяқталысымен оразаларының қазасын өтейді. Ораза ұстау қиындық туғызбаса, жолаушының ораза ұстағаны жақсы.

3. Қауіп төнген жағдайда. Өлтірілу немесе денесіне зиян келтіру қаупі туындаған кісі оразасын бұза алады. Бұзған оразасын кейін ұстайды.

4. Аяғы ауыр және бала емізетін әйел өзіне және баласына зиян келуінен қорыққан жағдайда, ораза ұстамаса болады.

5. Қатты аштық пен шөл қысқанда. Ораза ұстаған адам аштық немесе шөл себебінен ақыл-есінен айырылып қалудан немесе денсаулығына зақым келуінен қорықса, оразасын бұзуына болады. Кейін қазасын өтейді.

6. Қарттық және әлсіздік. Қуаты қайтқан, оразаға шыдай алмайтындай қартайған адам ораза ұстамаса болады. Мұндай адамдар кейін де оразасының қазасын өтей алмайтындықтан, әр күннің оразасының орнына фидия садақасын береді. Фидияны Рамазан айының басында, ортасында, аяғында беруге болады. Қаласа садақаны жағдайы төмен бір немесе бірнеше жанға берсе болады. Қарттардың фидия беруге жағдайы болмаса, Алладан кешірім сұрайды. Ораза ұстауға әлі жетпейтін қариялар мен сырқат жандар келешекте ораза ұстай алатындай денсаулығы жақсарса, ұстай алмаған оразаларының қазасын өтеулері керек.

Егер аузы берік мұсылман ешбір себепсіз ниет қылмай, тамақ ішсе, ұстамаған күндерінің қазасын өтеуі міндетті. Ораза ұстап жүргені есінде бола тұра, бір нәрсенің дәмін тату, шайнау – оразаны бұзатын іс. Мұрынға дәрі тамызса, ораза бұзылады. Ал көз бен құлаққа сұйық дәрі тамызу оразаны қаза қылмайды. Ораза екенін ұмытып кетіп, бір нәрсені ішіп-жеп қойса, ораза бұзылмайды. Бірақ есіңізге түскен уақыттан бастап ауызашар уақытына дейін аузыңыз берік болуы керек.

Рамазан айында басталған оразасын әдейі бұзған жанның бұл дүниедегі жазасы – кәффарат. Яғни, 60 күн қатарынан ораза ұстауы тиіс. Қандай да себептен кәффарат оразасын үзсе немесе толық ұстамаса қайтадан басынан бастап 60 күн қатарынан ораза ұстауы қажет. Ал шарасыздықтан, білместіктен немесе байқаусыздан ораза бұзылса, онда тек қана сол күннің қазасын өтейді.

Бұл ай – ғайбат сөздің тамырын кесіп, ауыздан салмақты да салиқалы сөздің шығуына, әр істің жақсылыққа жұмсалуына жол бас­тайды. Әр адам баласының жүрегіне иман отын үрлейді, өз нәпсісін тыюға үндейді. Сауабы мол бұл ай – жан-жүректі жұмсартып, жан мен тәнді бар күнәдан тазартады. Аурудан құлан-таза айықтырып, сан түрлі дертке шипа сыйлайды. Жақсылыққа жол бастаушы, ізгі амалға ой тас­таушы – Рамазан айының сол үшін де қасиеті ерек. Ораза айы – Жаратушының пенделеріне берген ең бағалы тартуы, ең ұлы сыйы. Сондықтан да ауыз бекітіп, иман келтіргендер Алланың сансыз мол сауабына, рия­сыз разылығына бөленеді.

Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика